Басты бет » Мереке » Ғасырдан асқан кейуананы құттықтады

Ғасырдан асқан кейуананы құттықтады

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Ақтөбе қаласының тұрғыны, 109 жастағы кейуана Жұпар Сатаеваны мерекесімен құттықтап, үйіне барды.

Ғасырдан астам өмір сүрген кейуанаға қала әкімі ақ жаулық жауып, сый-сияпат жасап, жүрекжарды лебізін білдірді.

  • Ғасырдан астам өмір сүріп, бүгінде немере-шөбере, шөпшек сүйіп отырсыз. Қиын заманда он баланы өсіріп, тәрбиелеп, еліміздің дамуына үлес қостыңыз. Сіздердің жасаған еңбектеріңіздің арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт елде бақытты өмір сүріп жатыр. Сол үшін сізге алғысымызды айтамыз. Бүгінгі мерекеңіз құтты болсын! Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын! — деді ол.

Бұдан кейін Жұпар әже мерекемен құттықтап келгендерге батасын беріп, ақ тілегін жаудырды:

Қарттарды құрметтеп, сыйлап жатырсыңдар, бақытты болыңдар! Өмір жастарың ұзақ, көргендерің қызық болсын! Әр уақытта үлкендерді сыйлап, осындай сый-құрмет көрсете беріңдер! Еліміз тыныш, халқымыз аман болып, Алла сыртқы жаудан, пәле-жәледен сақтасын! Ұл-қыздарымыз биіктен көріне берсін!

109 жастағы кейуана бүгінде он баладан 35 немере, 54 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр. Қазір Жұпар әже немересі мен келінінің қолында тұрады.

Үлкен атамыз соғысқа қатысып, әжеміз тылда еңбек еткен. Он баланы тәрбиелеп, өсірген. Әжеміз — имандылыққа бет бұрған адам. Меккеге қажылыққа да барып келген. Аузынан Алласын тастамайды. Жағдайы жақсы болса, кейде лупамен кітап оқиды. Келер жылы 110 жасқа толады. Әжеміздің арамызда аман-сау отырғанына қуанамыз. Алла ол кісіге қуат берсін! — дейді қолындағы немере келіні Гүлжан Жылқаева.

Айта кету керек, кейуанаға жыл сайын Қарттар күнінде қала әкімдігі тарапынан сый-құрмет көрсетіліп, Жеңіс күнінде соғыс ардагерінің жесірі ретінде көмек беріледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*