Басты бет » Мәдениет » Биылғы маусымашар

Биылғы маусымашар

Филармония

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы жетпіс төртінші жаңа маусымын жаңа ғимаратта — Өнер орталығында қарсы алды.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе өңірінің мәдени мұрасын  халыққа кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан өнер ұжымы биыл, алдағы жылы мерекелі даталарды тойламақ: осы жылы филармонияға Ғазиза Жұбанованың есімі берілгеніне 20 жыл толды, ал келер жылы өнер ұжымы 75 жылдығын атап өтеді.

«Әдебиет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болып есептелмейді» дейді Ғабит Мүсірепов. Атадан балаға аманат болып келе жатқан қасиетті өнердің ордасы — филармония ұжымы жетпіс жылдан астам уақытта талай жетістіктерге жетті: халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары атанды, мұнда жыл сайын «Жұбанов көктемі» дәстүрлі халық аспаптар оркестрлерінің және хор музыкасы фестивалі, джаз музыкасы, жас вокалистер, «Классика» жас таланттар байқауы сынды түрлі дәстүрлі шаралар өткізіледі. Жақын күндері республикалық «Жібек жолы» эстрадалық ән байқауы өткізілмек.

Биылғы 74-інші маусымашарға филармония ұжымы ерекше дайындықпен келген.  Мерекелі думанға халық та көп жиналды. Жаңа маусым Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің орындауындағы Евгений Брусиловскийдің «Думанда» шығармасымен ашылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов, бас дирижеры — халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі Мадина Қабижанова. Халықаралық және  республикалық конкурстардың лауреаты Талап Хамзин оркестрдің сүйемелдеуімен Қаршыға Ахмедияровтың ақын Хамит Ерғалиевке арнаған «Хамаң толғау» күйін орындаса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Света Айтбаева Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» әуелетті.

Халықаралық  және  республикалық конкурстардың жүлдегерлері Нұртас Омаров, Айбек  Қарағұлов, Данияр Құлжановтардың орындауындағы «Тенорлар шеруі», күйші, қазанғаптанушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жайлау Асылхановтың орындауындағы Есбайдың «Терісқақпайы», ҚР Мәдениет қайраткері Феруза Нарман, ҚР Мәдениет саласының үздігі  Елдос Жұмағұлов, республикалық байқаулардың жеңімпаздары Нұрлан Әбдібеков, Әділет Күзенбаев, Динара Шынарбаева, Жұлдыз Орынбековалардың «Дәстүрлі әншілердің ән  шеруі» көпшіліктің көңілінен шықты.

«Достық сазы» фольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнелов), «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық  ансамблі (көркемдік жетекшісі Айбек Қарағойшин), қазақ камералық хор ұжымы (көркемдік  жетекшісі және дирижері Мербол Құспанов),

«Аққу» би ансамблі (көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет саласының үздігі Омар Мәмбетов, балетмейстері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлнара Мәмбетова), «Екі езу» сатира театры (көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері  Нұрлыбек Жұбатқан) ұжымдары, Бейбіт Оралұлы шығармашылық орталығының, «Саз балалар» студиясының  әншілері де өнер көрсетті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*