Басты бет » Денсаулық » Емханаға тіркеу науқаны басталды

Емханаға тіркеу науқаны басталды

Брифинг

Жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны басталды. Екі айға созылатын шара 15 қарашада аяқталады. Былтыр осындай науқан барысында 16 мыңнан аса ақтөбелік емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланса, 66 мыңнан астамы жеке емхананы таңдап тіркелген.

Емханаға тіркеу науқанының мақсаты туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

— Жыл сайын біздің елімізде емханаға тіркеу науқаны өтеді. Негізгі мақсат — тұрғындарға емхананы өздері таңдауға мүмкіндік беру және емдеу мекемелері арасында бәсекелестік орнатып, халықты тарту. Қазіргі таңда медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын арттыру бойынша жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Салада жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкес, әрбір емханадағы учаскелік қызмет 1700 адамды қамтуы тиіс. Осы мақсатта біздің облыста биыл 37 жаңа учаскелік қызмет ашылды. Оның ішінде бесеуі —педиатриялық қызмет.  Емханаға тіркеу науқанына мемлекеттік емдеу мекемелері ғана емес, жекеменшіктегі емдеу мекемелері де толыққанды қатыса алады. Ол үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» арнайы сайты бар. Сол арқылы ұсынысыңызды жіберіп, тізімде бар емдеу мекемелеріне тіркелуге болады, — деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда аталған қордың тізімінде 31 медицина ұйымы бар. Оның жетеуі —  жекеменшік мекемелер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мекемеге көп.

Азаматтар таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып немесе электронды үкімет порталы арқылы жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтыра алады. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданады.

Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының»  fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*