Басты бет » Денсаулық » Ізденіс іздері

Ізденіс іздері

Мамандықтың жаманы немесе жақсысы болмайды. Қандай іспен айналыссаң да сол саланы жетік біліп, адал атқарғанда ғана абырой-беделге ие боласың. Өз мамандығына асқан жауапкершілікпен қарап, жұртшылықтың ықыласына бөленген жанның бірі — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №2 балалар аурулары кафедрасының профессоры, медицина ғылымының докторы Жұмабек Досымов.

Жұмабек Баймашұлы —  облыста балалар арасындағы қатерлі ақ қан ауруын емдеу және  науқас балаларды оңалту бойынша үлкен еңбек сіңірген ғалым. Батыс аймақта алғашқы болып жедел лейкоз ауруын емдеу ісін қолға алды.

Жұмабек Досымов Ақтөбе қаласындағы  №14 мектепті бітірген соң медициналық институтқа оқуға түседі. Институтты аяқтағаннан кейін  бірден еңбекке араласты.

— Ол уақытта интернатура, резидентура деген жоқ. Алты жыл институтта оқып, бірден жолдамамен ауданға барасың. Мен сол кездегі Ленин ауданы қазіргі Қарғалы ауданы Қосестек ауылындағы аудандық туберкулез ауруханасының балалар бөлімінің меңгерушісі болып бардым. Аурухананың бірінші қабатындағы бір бөлмеде тұрдым. Күн демей, түн демей жұмысқа кірістім. Менің еңбекқорлығымды байқаған болу керек,  институттың фтизиатрия кафедрасының меңгерушісі, профессор Раиса Вьюкова мені ординатураға шақырды. Екі жыл сол кісімен бірге жұмыс істедім. Институттың госпитальді  педиатрия кафедрасында еңбек еттім. Ординатураны бітіргеннен кейін сол кафедраның ассистенті болдым. Осы уақыттар ішінде үлкен тәжірибе жинақтадым. Ұстаздарымнан көп нәрсені үйрендім, ерінбедім. Бірақ білікті  маман болу үшін әлі де оқу керек еді. 1978 жылы Мәскеудегі оқу орнына аспирантураға түстім. Ресейге белгілі маман, гематолог Наталья Сергеевна Кисляктың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғадым, — дейді дәрігер.

Жұмабек Досымовтың негізгі  көтерген проблемасы — балалар онкогематологиясы. Кейін Ресей ғылым академиясының академигі, белгілі ғалым Александр Григорьевич Румянцевтің жетекшілігімен  докторлық диссертацияны да осы тақырыпта қорғады. Ақ қан ауруына шалдыққан балаларды емдеу, оңалту жұмыстарын үйлестірді. Госпитальді педиатрия, кейін дәрігердің білімін жетілдіру кафедрасына жетекшілік еткен жылдары балалар арасындағы осы аурумен білек сыбана күресті. Бала денсаулығын нығайту жұмысымен қатар, облыстағы алғашқы отбасылық клиникалық емхана жұмысын үйлестірді, алғашқы клиниканың директоры болды. Университет жанынан отбасылық кафедра ұйымдастырды. Сол кездегі университет ректоры Жанғали Ордабаевтың басшылығымен қыруар шаруаны тындырды.

Балалар онкогематологиялық орталығы ашылса…

Лейкозға шалдыққан балалар химия, сәулелік терапия секілді ауыр ем түрін қабылдайды. Бұндай емнен кейін ағза әлсірейді. Бауыр, бүйрек, асқазан жолдары зақымдалып, түрлі аурулар пайда болады.  Жұмабек Досымов емнен кейінгі баланы оңалтудың тиімді әдісін  ойлап тапты. Оны тәжірибеде қолданып, ондаған  баланың өмірін ұзартуға ықпал етті.

Бұрын қатерлі ісік ауруларын емдеу үшін  басқа әдіс қолданылса,  қазір заманауи тәсілмен емделеді. Бұрын ақ қан ауруына шалдыққан балалардың көпшілігі көз жұматын, қазір сексен пайызы жазылып кетеді. Бірақ аурудың салдары өте ауыр. Емнен кейін баланы оңалту үшін үлкен күш жұмсалуы керек. Сондай-ақ қазір диагностика күшейді, ауру дер кезінде анықталады. Соған байланысты аурушаңдықтың көрсеткіші жоғары, — дейді гематолог.

Жұмабек Баймашұлының айтуынша, қатерлі қан ауруына шалдыққан балалар диагноз қойылғаннан кейін, Алматы, Астана қалаларына емге жіберіледі.  Ал медициналық кластер аясында салынып жатқан балалар онкогематологиялық орталығы іске қосылған кезде, батыс аймақтағы балалар Ақтөбеде емделмек.

— Қазір облыста гематолог мамандар жеткілікті. Бірақ орталық ашылған кезде бізге онкогематологтар қажет болады. Сондықтан қазір мамандарды даярлау жұмыстары жүріп жатыр. Сәтін салса, алдағы екі-үш жылдықта орталық бір ізге түседі, — дейді Жұмабек Досымов.

Лейкоз ауруының, жалпы қатерлі ісік ауруларының  неден пайда болатыны әлі күнге дейін ашылған жоқ. Гематологтың айтуынша, ауру әлеуметтік, тұрмыстық жағдайға қарамайды. Мәселен, ауқатты отбасылар мен зиялы қауымның балалары ақ қан ауруына жиі шалдығатын көрінеді.

Дәрігерлер отбасы

Ұзақ жыл медициналық университетте ұстаздық еткен ғалымның шәкірттері де көп. Оның ішінде Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Мейрам Молдахметовты ерекше мақтанышпен айтады. Шәкіртінің жеткен жетістігіне қуанады. Қолы алтын онкогематолог талай науқас баланы ажал аузынан арашалап қалыпты.

— Шәкірттеріме үнемі оқып, іздену керектігін айтамын. Жас маман күн сайын екі сағатын оқуға арнауы тиіс. Білікті маман болу үшін іздену керек. Медицина саласы бір орында тұрмайды. Күн сайын жаңа дәрі, жаңа емнің түрі шығып жатыр. Ал заманауи ілімнен қалмау үшін ерінбей оқу керек. Қазір құндылық өзгерді. Біздің заманымызда тәрбие, идеология мықты болды. Әрбір ісімізді адал атқаруға тырыстық.  Дәрігер болу, оның ішінде бала дәрігері болу —  үлкен жауапкершілік, — дейді ғалым.

Профессордың бала денсаулығын қорғау  бағытындағы жұмыстары елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары облыс, қала басшыларының Алғыс хаттарына ие болды.  Білім мен ғылымға сіңірген еңбегі үшін Ресей жаратылыстану академиясының төсбелгісімен марапатталды.

Жұмабек Баймашевтың отбасы мүшелерінің барлығы да дәрігер. Зайыбы Бақыт Ғұмарқызы отыз бес жыл жедел жәрдем қызметінде еңбек етсе, ұлы Арыстан мен Әнуар да бала дәрігері, гематолог. Арыстанның әйелі Бибісара да медицинадан қашық емес, фармацевтика ғылымының магистрі. Қазір дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығының облыстық филиалында жұмыс істейді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада білім алған. Ғалымның Махди атты немересі бар.

 P.S.

Дені сау бала ұлттың болашағы екенін жанымен түсінген Жұмабек Досымов келер айда жетпіс жасқа толады. Облыс медицинасының өркендеуіне үлес қосқан ғалым әлі де еңбек етіп жүр.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*