Басты бет » Басты жаңалықтар » Астаналықтарға арналған дастарқан

Астаналықтарға арналған дастарқан

Ақтөбеліктер елорданың 20 жылдық мерейтойына тағы да тарту жасады

Өткен сенбі елордамыз Астанада жаңбырлы болғанымен, Ақтөбеден 200 тонна ауыл шаруашылығы өнімі тиелген үлкен автокеруеннің келе жатқанын алдын ала білген жергілікті тұрғындардың жоспарын өзгерте алмады. Себебі бұл күні астаналықтар «Қазақстан» спорт кешені алаңында ұйымдастырылған Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне баруға асықты.  

Біз мұндай жәрмеңкеге 2011 жылдан бері қатысып келеміз және астаналықтардың сұранысын қанағаттандыру әрі біздің тауар өндірушілерімізді қамту үшін қанша өнім көлемі қажет екенін білеміз. Иә, Ақтөбе өнімдерінің бағасы Астанаға қарағанда арзанырақ. Оның үстіне, біздің еттің экологиялық таза екені баршаға мәлім, — деген облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин жәрмеңкенің соңына дейін іс-шараның басы-қасында жүрді.

Сатушылар жәрмеңке өтетін алаңға негізінен таңғы сағат бестен бастап келді. Себебі сағат тоғызға дейін сөреге өз өнімдерін шығарып, жинауға үлгеруі керек. Мәселен, «Жаңа Әлжан» ұн комбинаты сату бөлімінің менеджері Асылбек өзіне жүктелген тапсырманы мүмкіндігінше тезірек орындауға тырысты.

Менің әйелімнің босанатын уақыты жақындап қалды. Қазір ол ауруханада жатыр. Сондықтан тездетіп қайтуым керек, — дейді ол.

Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Оның үстіне, сатып алушылардың өнім және оның сапасына қатысты қойылған сауалдарына да жауап беріп жатты. Мәселен, астаналықтар одан «Экстра» ұнының бірінші сорттан қандай айырмашылығы барын сұрады.

«Экстра»  — өте ақ ұн. Ұнның бұл сорты торт, тәтті нан, бауырсақ және тоқаш сынды өзге де тағамдарды пісіру үшін қолданылады, — деген оның жауабына астаналық тұрғын құлақ асты.

Астана төрінде өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде «Шалқар еті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа өнімі — дайын жиынтық, яғни жылқы, сиыр және қой еті топтастырылған «Сый табақ» сынақтан өтті. Әрине, бұл жерге жақын сөрелерді Ақтөбенің негізгі өнімі — ет және ет тауарлары жаңартып отырды.

Жәрмеңкеге облыстың барлық ауданынан тауар өндірушілер мен тамақ өнеркәсібі компаниялары қатысты. Бұл күні әрбір сөренің алдына ұзын-сонар кезекке тұрған астаналықтардың Ақтөбе тауарларына деген сұранысы жоғары болды. Сөрелерде жылқы, сиыр, қой, шошқа етімен қатар, Қобда ауданынан әкелінген тауық пен үйрек те сатылды. Сонымен қатар көпшілікке ақтөбелік шұжық пен етті консервілер де ұсынылды.

Ұн, пісірілген тағамдар, түрлі сүт өнімдері мен жылыжайда өсірілген қияр мен дәруменді тауарлар, сондай-ақ «Ақтөбе-нан» компаниясы өндіретін нан әп-сәтте-ақ өтіп кетіп жатты.

Жәрмеңкеге келушілер арзан өнімнің бағасына таңданыс білдіріп, сатушылардан әрбір тауардың құнын қайта-қайта сұрап жатты. Ал тәжірибелі сатушылар болса алдына келген әрбір сатып алушыға байыппен, байсалды түрде тауар сапасы, оның бағасы жайында мәлімет беруден жалықпады.  Нәтижесінде сом еттер дереу өтіп кетті, бұдан кейін бос қалған сөрелерге тәбетті ашатындай етіп туралған омыртқа және қабырға еттері ғана шығарылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, Астанаға әрбір ауданнан орта есеппен 5-6 шаруашылық келген. Айта кету керек,  осы күні «Қазақстан» спорт кешені алдындағы алаңда тек Ақтөбе аграршыларының ғана емес, сонымен бірге жақында ғана құрылған Түркістан облысынан да жеткізілген өнім сөрелерге қойылды.  Бұл сұранысқа ие бәсекелестердің игілігі  үшін әрі оларды көтермелеудің бір көрінісі болды. Әрине, мұның алдында қызылды-жасылды тәтті бұрыш, аскөк, ақжелкен саудалап отырған  түркістандық сатушының өз «шекарасынан» өтіп, өз саудасын ақтөбеліктердің территориясында жүріп жатқан қызу сауда арасында жалғастыруға тырысты. Алайда полиция қызметкерлері мен жәрмеңкені ұйымдастырушылар тәртіп бұзушыны бірден өз орнына қайтуын қадағалады.

Жәрмеңке алаңында біз Астана қаласындағы ветеринарлық қызмет саласының бас маманы Гүлсина Жарылқасынованы кезіктірдік:

— Біз ақтөбеліктерге ешқандай шағым немесе ескерту айтпаймыз. Себебі ақтөбеліктер өте жақсы дайындықпен келген. Біз шикізат қауіпсіздігін тексереміз. Бұл орайда барлық тауар зертханада зерттелген, сәйкес құжаттары қолында әрі  олардың барлығы дұрыс рәсімделген. Біз өнімдердің мол ассортиментін көріп тұрмыз. Бұл дегенің ақтөбеліктердің жәрмеңкеге жоғары дайындықпен келгенін әрі мұндай көзқарас Ақтөбені өзге аймақтардан ерекшелендіреді, — деді ол.

Сонымен қатар ол санитарлық жағдайға назар аударды. Сөрелерді безендіру, сатушының үстіндегі арнайы киімі мен олардың барлығының қолында санитарлық кітапшаның болуы белгіленген талапқа сәйкес келеді. Айналада тазалық сақталған.

Бұл күні Астанада ауа райы жауын-шашынды болғанмен, сауда қызу жүргізіліп жатты. Астаналықтар артығымен ет, картоп және пияз алуға тырысып жатты. Өз тауарын алғашқылардың бірі болып сатып үлгерген «Мақсат» ЖШС болды.

Біз саудаға жас малдың етін шығардық. Сондықтан өнім тез өтіп кетті. Оның үстіне, етті астаналықтарға қолжетімді бағада саттық. Бұл — жәрмеңкенің басты мақсаты, — деді серіктестік өкілі Ұлжан.

Серіктестік өнімін сатып алушылардың бірі Дариға жәрмеңкеге сексенге таяған, қазір Семейде тұратын анасымен бірге келіпті. Қарттар күні қарсаңында, оның үстіне анасының Астанаға келу құрметіне Дариға туыстарының басын қоспақ болыпты. Сол үшін ет алуға жәрмеңкеге келген.

Бұл күні астаналықтарға «Болат ЛТД» ЖШС ұсынған таңқурай тосабы көпшіліктің сұранысына ие болды. Бұл туралы компания менеджері де өнімнің тез арада сатылып кеткеніне қуанышын білдіріп жатты. Сондай-ақ Ақтөбеден жеткізілген бұдан өзге де тәтті тағамдарды сатып алуға кезек көп болды. Сонымен қатар «Ақтөбе фудс» компаниясы өндірген сұйық майдың да саудасы қызып тұрды.

Астаналықтарға Ақтөбеден жеткізілген қиярдың келісі 100 теңгеден сатылды. Жылыжайда өсірілген қияр кең сұранысқа ие болды. Көпшілік сатып алушылар картоп пен пиязды қап-қабымен тасып жатты.

Бұл күні Ақтөбедегі облыстық шығармашылық үйінің артистері  жәрмеңкеге келушілердің көңіл күйін көтерді. Саламат Мұқашев достарымен бірге мерекелік шараның көрігін қыздырды. Әрине, бұл жерде олар үшін ешқандай бәсекелес болмады. Мұның өзі ақтөбеліктердің дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жоғары дайындықпен келгенін аңғартты әрі барлық қазақстандықтар үшін қастерлі — елорда мерейтойында астаналық тұрғындарға жасаған тағы бір тартуы болды.

Жанат СИСЕКЕНОВА,
Астана қаласы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*