Басты бет » Экономика » Даму жолындағы міндеттер

Даму жолындағы міндеттер

Үшінші тоқсанда экономиканың өсу қарқынын  5 пайызға жеткізу  және ауылдарды өркендетуге бағытталған тиімді шаралар алуды қамтамасыз ету — Ырғыз ауданында өткен облыс әкімдігінің көшпелі кеңейтілген кеңесінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудандар әкімдері мен басқарма  басшыларына осындай түйінді тапсырмалар берді.

Жаңа әлеуметтік құрылыстар

Аудан орталығы Ырғыз селосына облыс әкімі түстен кейін келді. Мұнда Бердібек Сапарбаев төрт нысанды қарады, оның екеуі аяқталу шегінде, қалғанын алдағы жылы пайдалануға беру көзделуде.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің сметалық құны 350 миллион теңгенің үстінде. Құрылыс жұмысы Ырғыз селосында осы жылдың ақпанында басталды. екі қабатты спорттық кешен 88 орынға есептелген, 12 мың шаршы метрден астам аумаққа орналасқан. Бұған қоса, айта кету керек, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің 50х20 метр аумағында бассейн болады. Бұл — Ырғыз ауданындағы алғашқы бассейн.

Облыс басшысы құрылыстың барысымен танысқаннан кейін, ғимараттың енгізілген инженерлік құрылымы бойынша сауалдар қойып, құрылысты мерзімінде бітіруді тапсырды.

Сондай-ақ Ырғызда 300 орындық мектептің және 100 орындық интернаттың құрылыс жұмыстары да үстіміздегі жылдың ақпан айында басталған. Алдағы жылдың көктемінде толық аяқталуға тиіс. Мектеп ғимаратының жалпы аумағы және спорт алаңымен ұсынылған жер 10 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның сметалық құны —165 миллион теңге. Мектеп және интернат құрылыстарын,  дене шынықтыру-сауықтыру кешенін  салумен «Фагот и К» ЖШС құрылыс компаниясы шұғылданады.

— Екі ғимарат та мерзімінде және сапалы тапсырылады, — деп уәде берді компания директоры Вадим Масс. — Құрылысты қаржыландыруда аздаған ерекшеліктер бар, әзірге біз  құрылыс жұмыстарын өз қаржымызға жүргізіп жатырмыз. Алайда бұл — техникалық мәселелер, ол шешіледі деп ойлаймыз.

Болашақ мектептің ғимаратын қарап шығып, облыс  әкімі спорт залдың қазіргі көріністеріне қатысты:

— Қабырғаларға жағалай қойылған  мынау не бағандар? Спорт залын кішірейтіп тұр, жалпы бұл жерде олардың тұратын реті жоқ, — деп ескерту айтты.

Компания директоры кеңістіктің  әрбір артық метрі кәдеге қарай пайдаланылатынын айтып, облыс басшысын сендірді.

Ырғыздағы салынып жатқан 150 орындық екі қабатты балабақшаның құны 70 миллион теңге құрайды. Мектепке дейінгі мекемені «Дастан» фирмасы  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде тұрғызып жатыр. Балабақшаның жалпы алаңы, ойын бөлмелерін, оқу кабинеттерін, жатын орындарын қосқанда, 1 500 шаршы метрге жетеді.

Осыдан онша қашық емес жерде аудандық әкімдіктің үш қабатты ғимараты салынуда. Құрылыс өткен жылдың наурыз айында басталған, жоба осы жылғы қазанда аяқталады деп күтілуде. Ғимараттың құны — 232 миллион теңге, жалпы алаңы 1 646 шаршы метрге тең.

Аудан орталығындағы салынып жатқан барлық құрылыстарды қарап шығып, облыс әкімі жұмыстың барысына бақылауды күшейтуді аудан әкіміне тапсырды.

Көрсеткіштер төмендемесін

Бұдан кейін болған облыстық әкімдіктің көшпелі отырысында өңірдің өткен сегіз айдың ішіндегі экономикалық даму мәселелері қаралды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өздерінің баяндамасында отырысқа қатысушыларды «Ауыл қамқоршысы» жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Осы жобаның аясында кәсіпкерлер ауылдық елді мекендерді қамқорлыққа алады. Облыс әкімінің орынбасары  Қайрат Бекеновтің сөзіне қарағанда, бизнес субъектілері қазірдің өзінде ауылдықтарға 1,6 миллиард теңге көмек көрсеткен. Ол сондай-ақ аудандарда қандай әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілетініне де нақтырақ тоқталды.

Облыстың экономикалық көрсеткіштері туралы айтқан Гүлқасима Сүйінтаева өткен айларда облыстық  бюджетке 80, 7 миллиард теңге қаржы түскенін хабарлады. Бюджетке түскен салық 3,9 миллиард теңгені құраған. Асылхан Әбтиев ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері өткен сегіз айдың ішінде 104,1 пайыз орындалғанын мәлімдеді. Ал Анар Даржанова облыста азық-түлік тауарларының бағалары мейлінше төмен екенін жеткізді.

— Республика бойынша ең төмен баға Ақтөбе облысы бойынша байқалады. Қарақұмық жармасының келісі — 162 теңге, ас тұзы — 40 теңге, бұл кооперацияны дамыту аясында өндірушілердің тікелей жеткізуі нәтижесінде мүмкін болып отыр, — деді Анар Даржанова.

— Аймақаралық кооперацияны дамыту аясында ауыл шаруашылығы саласында Ақтөбе облысы мен республиканың барлық облыстары арасында тауар айналымы жыл басынан 6 миллиард теңге құрады. Оның ішінде өзге облыстардан жеткізілген өнімдер — 2,4 миллиард теңге, облыстан өзге аймақтарға шығарылған өнімдер — 3,6 миллиард теңге. Өнімдерді  делдалсыз тікелей жеткізу әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тізгіндеуге мүмкіндік береді.

Бұдан әрі Анар Даржанова азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында «Табыс» базарынан, 10 әлеуметтік павильоннан, 7 коммуналдық мини-базардан және 5 әлеуметтік дүкеннен облыстың тұрақтандыру қорынан азық-түлік сатылатынын атап өтті.

Күріштің килограмы — 165 теңге, қант — 220 теңге, өсімдік майы — 300 теңге, бірінші сортты ұн — 90 теңге тұрады. Осыларды тізе келіп, кәсіпкерлік басқармасының басшысы бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 91 тонна күнбағыс майы, 105 тонна бірінші сортты ұн, 240 тонна ұнтақ қант, 34 тонна күріш және 0,825 тонна қарақұмық жармасы қалғанын анықтай кетті.

— Бағаның жайын әлі де нақтылау керек,  — деп Анар Даржанованың баяндамасынан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз пікірін білдірді.

— Тұтынушылар супермаркеттердегі жазылып қойған бағалардың кассаға келгенде сәйкес келе бермейтініне жиі шағым айтады. Неге бұлай болады? — деді.

Бұдан соң сөз алған Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов ауданның экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, өткен кезеңмен салыстырғанда, ауданда ауыл шаруашылығының өсуі 4,4 пайыз болғанын атап өтті.

— Мәселен, ірі қараның өсуі өткен кезеңмен салыстырғанда осы жылы 10,1 пайыз, қойдың өсімі — 10,9 пайыз, жылқы — 6,7 пайыз, түйе — 7,7 пайыз, құс  0,4 пайыз болып отыр, — деді аудан әкімі.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын әр ауданда құрудың қажеттігін атап көрсетті.

— Азық-түлік қоры мәселесі — өте маңызды, әлі де мұқият  жұмыс істеу керек, — деді шегелеп, — Мавр Абдуллинге және облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының басшысына осы мәселе бойынша шұғылдануға тапсырма беремін. Ауданның әкімдерімен бірлесе жұмыс істеңдер, бір айдан кейін сіздерден нақты ұсыныстар күтемін, — деді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың экономикалық көрсеткіштері өткен жылғыдан жоғары, ал республикалық көрсеткіштерден төмен болмауын қатаң тапсырды.

— Біз халықтың қауіпсіздігіне және жас ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Осы таяуда Ақтөбеде өткен қауіпсіздік жөніндегі мәжілісте біз базарлардың, супермаркеттердің тазалығы мен өрт жағдайына әзірлігі мәселелерін көтердік. Бұл мәселелерге аудандарда да ерекше мән берілуі керек, — деді облыс басшысы.

 Санат РАШ,

Ырғыз ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*