Басты бет » Жаңалықтар » Берекелі өңір — Байғанин

Берекелі өңір — Байғанин

Ақтөбе қаласында екі күн бойы Байғанин ауданының күндері өтті. «Туған жерім — Нұрлы елім!» акциясы аясында ұйымдастырылған шара Астана қаласының 20 жылдығы, Байғанин ауданының 90 жылдығына және театр өнерінің қайраткері, Қазақ КСР-інің халық артисі Алтын Ружеваның 90 жылдығына, белгілі ақын Өтежан Нұрғаливтің 80 жылдығына арналды.

Екі күн бойы Ақтөбе әсем әнге бөленді. Белгілі ақын, сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың құрметіне «Ән мен жырдың Ақбұлағы» облыстық ән байқауы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгірдің «Жемнің бойында» атты  шығармашылық кеші, «Рухы бекем, киелі мекен — Байғанин» атты аудан өнерпаздарының театрландырылған көрінісі мен гала-концерт өтті.

Акцияның алғашқы күнінде алдымен аудан халқы сәбилерге қуаныш сыйлады. «Үміт» сәбилер үйінде «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» тақырыбында ертеңгілік өткізілді. Балапандар түрлі ертегі кейіпкерлерімен бірге ертегілер әлеміне саяхат жасап, қойылымдар тамашалап, шат күлкіге бөленді.

Бұдан соң аудандық балалар кітапханасының ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  және «Бақытты бала» жобасы аясында «Таңғажайып кітап әлемі» тақырыбында  библиофреш инсталляция шарасын өткізді. Жиынға №51 мектеп-гимназияның оқушылары белсене қатысты.  Шара барысында балаларға кітаптар таныстырылды. Сондай-ақ олар сан түрлі ертегілер тыңдады.

Аудан күндері аясында ұйымдастырушылар бірнеше қайырымдылық іс-шара өткізіп, игі істер тындырылды. Олар Батыс-2 шағын ауданындағы «Денсаулық» саябағында мүмкіндігі шектеулі және аутизммен ауыратын балаларға арналған «Нұрлы әлем» шарасын өткізді. Сондай-ақ Ақтөбе облысының қарттар мен мүгедектер интернат үйі және  «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігіне барып, концерттік бағдарлама ұсынды. Жиын соңында Ақтөбе облысының қарттар мен мүгедектер интернат үйіне  лед экранды  теледидар, қысқа толқынды пеш, т.б. сыйлықтар табыс етілді.

Акция барысында аудандық  мәдениет  және  тілдерді  дамыту  бөлімінің  ұйымдастыруымен «Ән мен жырдың Ақбұлағы» атты облыстық ән байқауы өтті.

Байқаудың  мақсаты —  Бәкір  Тәжібаевтың  әндерін  жас  ұрпаққа  насихаттап,  есімін  ел  жадында  қалдыру. Сайысқа  Байғанин,  Мұғалжар,  Хромтау , Темір, Мәртөк, Қарғалы, Алға  аудандарынан және облыс орталығындағы   Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі мен Геолог мәдениет үйінен 25 үміткер 3 номинация (драма, ән, көркемсөз оқу) бойынша бақ сынады.

Байқау қорытындысында драма номинациясы бойынша Қымбат Қуантаев (Мәртөк ауданы), ән номинациясы бойынша Өтен Қуандық  (Байғанин) бас жүлде иеленді. Ал көркем сөз оқу номинациясы бойынша   Гүлсезім Жұмағалиева  (Алға) І орын алды. Ән  байқауының жүлдегерлеріне Алғыс  хаттар  және  ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Сенбі күні «Табыс» коммуналдық базарында «Риза қылсын ырыздықпен сені, өлкемнің жәрмеңкелі керуені» атты ауданның ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ақтөбеліктер аталған базарға таңертең ертемен жиналды. Әсіресе, ет сататын сөреде кезекке тұрғандар көп болды. Сондай-ақ жұртшылық Жемнің балығын  таласып алды. «Бағлан» шаруа қожалығының басшысы Тұрғанбай Сейілхановтың  жәрмеңкеге әкелген 100 килограмм балығының барлығы да тез арада өтіп кетті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәнімгүл Бітімбаеваның айтуынша, жәрмеңкеге төрт ауылдық округ — Сартоғай, Қарауылкелді, Қопа және Жарқамыстың шаруа қожалықтары қатысқан. Ал қалған ауылдардың шаруалары Астана қаласында өткен Ақтөбе  облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне өнімдерін апарыпты.

  • Төрт округтің де шаруа қожалықтары жәрмеңкеге белсене қатысты. Төрт ауылдың әрқайсысы екі ірі қараның және жалпы 15 қой етін әкелді. Сонымен қатар құрт, май, жент, шұбат, қымыз бар, — дейді Сәнімгүл Бітімбаева.

Аудан күндері аясында ұлттық салт-дәстүр, ұлттық ойындар ұлықталды. Киіз басу, ұршық иіру, жүн түту, тоқыма тоқу, кесте тігу секілді қолөнер бұйымдарының шеберлік сағаттары өткізілді. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы №60 мектептің алаңында «Алтын асық» атты ұлттық спорт түрлерінен бұқаралық шара ұйымдастырылды. Сайысқа 10 команда қатысты. Қорытындысында І орынды Байғанин құрама командасы, ІІ орынды №60 мектеп мұғалімдерінің командасы, ІІІ орынды «Нұр Ақтөбе» құрама командасы иеленді.

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта «Рухы бекем, киелі мекен — Байғанин» атты аудан өнерпаздарының гала-концерті өтті. Бұл шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, саябақ алаңындағы түрлі көрмелерді аралап көрді.

Алдымен лед экран арқылы ауданның жетістіктері көрсетілді. Бұдан кейін көш керуені жүріп, театрландырылған көрініс қойылды. Сондай-ақ, мұнда әр түрлі көрмелер ұйымдастырылып, спорттық сайыстар өткізілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*