Басты бет » Анаға тағзым » Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Анаға тағзым» слетіне қатысушыларға ҚҰТТЫҚТАУ ХАТЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Анаға тағзым» слетіне қатысушыларға ҚҰТТЫҚТАУ ХАТЫ

Ардақты аналар мен арулар!

Баршаңызды «Анаға тағзым» слетінің ашылуымен құттықтаймын!

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алғаш рет өткізіліп жатқан Аналар слеті — еліміздегі отбасылық ахуалды жақсартуға бағытталған аса маңызды шара.

Ана — әрбір шаңырақтың, сондай-ақ тұтас Отанымыздың тірегі. Ал қазақстандық аналардың әлеуметтік жағдайы жақсы болып, ұрпағының болашағына алаңдамай, бақытты ғұмыр кешуі — мен үшін ең басты мақсаттардың бірі. Сол себепті «Қазақстан-2050» стратегиясында «ана мен баланы қорғау — мемлекеттің әлеуметтік саясатының аса маңызды бөлігі» деп жарияладым.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанда отбасын нығайту ісі дәйекті түрде жүргізіліп келеді. Еліміздегі Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы әрдайым менің жіті назарымда.

Аналардың құқығын қорғап, әлеуметтік жағдайын жақсарта түсумен бірге, анаға деген сый-құрметті арттыруға, оның қоғамдағы мәртебесін көтеріп, мерейін асыруға, осы арқылы отбасы институтын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.

Рухани тұрғыдан жаңғырып, кемел азаматтар тұратын гүлденген ел болуға ұмтылған Қазақстанның дамуына аналардың ықпалы шексіз. Дүниеге ұрпақ әкеліп, оларға ұлағатты тәрбие беру — жауапты да қасиетті міндет. Еліміздің әлемдік өркениет көшінің басында жүруіне әрбір қазақстандық ана өз үлесін қосады деп сенемін.

Слет жұмысына табыс тілеймін! Әр шаңырақта бақыт пен береке болсын!

Астана. Ақорда

20.09.2018 жыл.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*