Басты бет » Анаға тағзым » Біздің аналар!

Біздің аналар!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Анаға тағзым» слетіне қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзінде: «Аналар слеті — еліміздегі отбасылық ахуалды жақсартуға бағытталған аса маңызды шара» — деп атап көрсетті.

«Анаға тағзым» аналар слетінің салтанатты ашылуы Өнер орталығында өтті.

Ғимараттың кіре берісінде қонақтарға алдымен «Барлығы Аналар үшін!» арнайы көрмесі ұсынылды. Көрме бірнеше бөлімнен тұрады: елімізге белгілі, өз саласында үлкен табыстарға жеткен, әрі бала өсіріп, ұрпақ тәрбиелеген әйел-аналар портреттері;«Анаға марапат» атты балалар шығармашылығы байқауы жеңімпаздарының туындылары, сондай-ақ, қаз-қатар тізілген қыз балалар көпшілікке қазақтың қыз-келіншектерінің әр жасқа тән ұлттық киімдерін көрсетті.

Салтанатты жиынның басында сахнаға үш Ана — Жер-Ана, Ұмай Ана және Домалақ ене көтеріліп, жұртшылыққа ақ тілектерін жеткізіп, шашу шашты. Іле аппақ киінген келіндер шығып, зал толы аналарға қазақтың салтымен иіліп, сәлем салды.

Бұдан соң жүргізушілер жиналғандарды келген қонақтармен таныстырды. Слетке КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Төрағасының міндетін атқарған (1988-1989 жж.) Вера Сидорова, этнограф, жазушы, Бауыржан Момышұлы әулетінің келіні Зейнеп Ахметова бастаған, әр салада үлкен табыстарға жеткен белгілі әйел-аналар, еңбек ардагерлері, әр өңірден облыс әкімінің орынбасарлары бастаған делегациялар, облысымыздың барлық аудандарынан делегациялар, көпбалалы аналар мен Ақтөбедегі кәсіпорындар мен мекемелерде жұмыс істеп жүрген үздік еңбеккер қыз-келіншектер қатысты.

Жиын ашық деп жарияланғаннан кейін, сахна төріне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, белгілі әнші Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері, 11 бала өсірген Батыр-ана Сәуле Жұмабекова, мемлекет және қоғам қайраткері Вера Сидорова, жазушылар — Зейнеп Ахметова мен Алтыншаш Жағанова, ақын Марфуға Айтқожина, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева шақырылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарға алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аналар слетіне қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Онда:«Баршаңызды «Анаға тағзым» слетінің ашылуымен құттықтаймын!«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алғаш рет өткізіліп жатқан Аналар слеті — еліміздегі отбасылық ахуалды жақсартуға бағытталған аса маңызды шара.

Ана — әрбір шаңырақтың, сондай-ақ тұтас Отанымыздың тірегі. Ал қазақстандық аналардың әлеуметтік жағдайы жақсы болып, ұрпағының болашағына алаңдамай, бақытты ғұмыр кешуі — мен үшін ең басты мақсаттардың бірі. Сол себепті «Қазақстан-2050» стратегиясында «Ана мен баланы қорғау — мемлекеттің әлеуметтік саясатының аса маңызды бөлігі» деп жарияладым.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанда отбасын нығайту ісі дәйекті түрде жүргізіліп келеді. Еліміздегі Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы әрдайым менің жіті назарымда», — делінген. Елбасы әрбір қазақстандық ана еліміздің әлемдік өркениет көшінің басында жүруіне өз үлесін қосады деп сенетінін жеткізіп, әр шаңыраққа бақыт пен береке тілейді.

Облыс әкімі өзінің сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда отбасы тәрбиесінің, аналардың ролі зор екенін атап өтті.

— Баршаңызға белгілі, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы ұлттық бірегейлікті, ұлттық рухымызды мәңгі сақтау және ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту мәселелеріне баса назар аударды. Біздің ата-бабаларымыз отбасы құндылықтарына, ата-анаға деген құрметке, бала тәрбиесіне аса зор мән берген. «Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ананың алдындағы парызыңды өтей алмайсың», — деген сөзде үлкен мағына жатыр. Ана алдымен өз баласын, сол арқылы бүкіл қоғамды ізгілікке, адамгершілікке жетелейді. Қоғамдағы барша жақсылықтың бастауында ананың мейірімі тұрады. Сондықтан да бүгін Аққағаз, Әлия туған қасиетті Ақтөбе топырағында, Ананың қоғамдағы мәртебесі мен ролін арттыру, отбасындағы тәрбие мәселелері төңірегінде ақылдасу мақсатында өздеріңізбен бас қостық, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы биылғы жылдың Ақтөбе өңірінде балалар жылы болып жарияланғаны және «Бақытты бала» жобасының мақсаттары жөнінде де баяндады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бүгінгі заманда əйелдің қоғамда атқаратын рөлі арасындағы айырма қарқынды ұлғайып келеді. Бір полюстің басында – әйелдері отбасы төңірегінде шектелген елдер, ал екінші полюсте – керісінше, əйелдері балаларына, ұрпақ жалғастығына деген сезімдерінен айырылып, отбасынан жедел алыстап бара жатқан мемлекеттер тұр. Осы екі полюс ортасындағы біздің еліміздің жағдайы — нағыз «алтын аралық». Біздегі əйелдер жұмыста, шығармашылықта, спортта, ғылымда табыстарға жетуде. Сонымен қатар отбасының да сақтаушысы болып қалып отыр», — деген сөзі бар. Осы орайда облыс әкімі әрі еңбекте табыстары арқылы еліміздің дамуына үлес қосып, әрі отбасы бақытының ұйытқысы болып жүрген ақтөбелік аналарды енді «Ана даңқы» төсбелгісімен марапаттау көзделіп отырғанын жеткізді.

— Түрлі күштер, теріс ағымдар біздің жастарымызды біз ойлағаннан мүлде басқа бағытқа әкеткілері келеді. Бұл қауіптен шығар жол біреу — ұлттық тәрбиені барынша жандандыру. Бүгінгі жас аналар, қыздарымыз ұлттық құндылықтарға бас иіп өткен бұрынғы аналардың жолын жалғаулары керек. Баршаңызды осы мақсатта оларға үлгі көрсетуге шақырамын, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бұдан кейін сөз алған КСРО халық артисі, қазақтың әлемге әйгілі әншісі Бибігүл Төлегенова өзінің бұл бастаманы қызу қолдайтынын жеткізді.

— Көтеріліп отырған мәселелер бүгінгі күні халқымыз үшін — өте өзекті мәселелер. Сондықтан бұл бастама тек осы жиынмен шектеліп қалмай, басқа өңірлерде де жалғасын тапса деймін, — деді Бибігүл Төлегенова.

Ал Кеңес заманында Қостанай облысында екі ауданды басқарып, кейіннен ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Төрағасының міндетін атқарған,сонымен қатар, жар, ана атанып, ұл-қыз өсірген Вера Сидорова:

— Бұл слет — «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Жат жұрттық саяхатшылар да, өз ақын-жазушыларымыз дақазақ әйелінің еңбекқорлығына, батырлығы мен асқан сабырлылығына тамсанып, талай дерек қалдырды, шығармалар жазды. Ананы құрметтеу, қыздарын ана деген атты ардақтауға, соған лайық болуға тәрбиелеу — қай халықтың да болашағын жарқын ететін асыл қасиеттер, — дейді.

Өз сөзінде ол Мария Хакімжанова, Кәмшат Дөнентаева сынды қазақтың аяулы қыздарымен достығын, бірге өткізген сәттерін сағынышпен еске алып, әрдайым   жастарға солардың үлгі-өнегесін жеткізуге тырысатынын айтты.

«Жыр аққуы» атанған қазақтың көрнекті ақын қыздарының бірі, бүгінде 82 жастағы Марфуға Айтқожина да мінбеге көтеріліп, өзінің «Ана болсаң, ана жанын ұғарсың», «Әлия» өлеңдерін жатқа оқып, көпшілік қошеметіне бөленді.

Бауыржан Момышұлы — қазақтың әулие, аруақты тұлғалар қатарындағы перзенті. Сол тұлғаның тәрбиесін көрген туған келіні, жазушы Зейнеп Ахметова Ақтөбеде ашылған «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығына зор болашақ тілейтінін жеткізді:

— Бұл барша халықтың игілігіне қызмет ететін үлкен рухани орталыққа, киелі орынға айналса екен, — деді ол.

Зейнеп апа өзінің ақ тілектерінің тізбегін:

— Әр әйелдің үш бақыты бар: біріншісі — ата-ана бауырындағы қыз кезі, қызғалдақ дәурені. Екіншісі — жар сүю, үшіншісі — дүниеге перзент әкеліп, ана атану. Осы үш бақыт қана әйелдің өмірін мәнді етеді. Мен әр әйелге осы үш бақытты тілеймін, — деп жалғады.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева ана бақыты мен бала бақытының ажырамас ұғымдар екенін айтып, Ақтөбе өңірінде биылғы жылдың балалар жылы болып жариялануына орай және «Бақытты бала» жобасы аясында атқарылып жатқан істер үшін облыс басшылығына алғысын жеткізді.

Жиында аналар слетіне қатысушылар атынан барлық қазақстандарға үндеу қабылданды. Үндеу мәтінін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, бүгінде қазақтың атын әлемге танытып жүрген Димаш Құдайберген сынды ұл тәрбиелеген ана Светлана Айтбаева оқыды. Үндеуде отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қолдау,салауатты өмір салтын насихаттаубағытында бірқатар ұсыныстар айтылған.

Сондай-ақ, жиында аналарға қолайлы жағдай жасап жүрген ұжымдар, балалар арасында өткен «Анаға марапат» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ұжымдағы аналарға ерекше қамқорлық жасаған кәсіпорындар мен мекемелер қатарында «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «Стройдеталь» ЖШС, «Глобаль-Арнайы киім» ЖШС бар.

«Анаға марапат» шығармашылық байқауы жеңімпаздары арасынан Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінің оқушысы Серік Саламат сөз алып, барлық анаға балалар атынан ақ тілектерін жеткізді.

Жиын соңы концертке ұласты.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*