Басты бет » Анаға тағзым » Жас жұбайларға неке куәлігі табысталды

Жас жұбайларға неке куәлігі табысталды

«Анаға тағзым» республикалық слеті аясында өңірімізге келген қонақтар, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Неке сарайында болып, жас жұбайларға неке куәлігін табыс етті.

Бұл күні үш жас жұбайдың некесі салтанатты түрде қиылды. Шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ халық әндерін орындаушы, әнші, домбырашы Татьяна Бурмистрова жастарды құттықтай отырып, осындай айтулы күні қиылған некелерінің маңыздылығын атап өтті.

— Біз бүгін Ақтөбе қаласында салынған «Анаға тағзым» орталығының ашылуына куә болдық. Ондағы музейде өмірден өткен, небір алыптарды дүниеге әкелген аналарымыздың суреті ілініп тұр. Бұл жерде ардақты аналарымыздың ерліктері, өнегелі істері ұлықталып, кейінгі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Сондықтан бүгінгі отбасылық өмірге қадам басқан жастарға бақыт тілей отырып, жас келіндерге болашақта батыр, тұлға боларлықтай сәбилерді өмірге әкелсін деп тілеймін, — деді.

Ақтөбе қаласындағы жаңа Неке сарайы осыдан үш ай бұрын ашылды. Зәулім ғимаратта бір мезгілде төрт залда неке қию рәсімі өтеді.

Осы уақытқа дейін біздің облыс орталығында Неке сарайы болған жоқ. Биыл заман талабына сай ерекше жобада салынды. Өте қуаныштымыз.

«Анаға тағзым» республикалық слетімен тұспа-тұс келген үш жұптың некесі салтанатты түрде қиылды. Бүгінгі ашылған орталықта өнегелі істерімен есте қалған аналарымыздың өмірі насихатталып, көп балалы аналармен кездесу өткізілмек. Мұның барлығы тұрмысқа шыққан жас келіндерге өте қажет.

Биыл жалпы саны 2954 жұп некесін қиса, жаңа ғимаратта 830 жұптың некесі тіркелді, — деді Ақтөбе қалалық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Валентина Мамбетова.

Шара соңында жас жұбайларға теледидар тарту етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*