Басты бет » Анаға тағзым » Қонақтар жаңарған Ақтөбені аралады

Қонақтар жаңарған Ақтөбені аралады

«Анаға тағзым» республикалық слетінің қонақтары бейсенбі күні түстен кейін Ақтөбедегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында  бой көтерген бірнеше ғимараттарды аралап, Студенттер сарайында өткен «Әйел әлемді тербетеді» атты керемет кештің көрермені болды.

Қонақтар алдымен Батыс-2 ауданында бой түзеген сәулетті ғимарат Шығармашылық академиясында болды.  Жалпы алаңы 13 мың шаршы метрден асатын және жобалық қуаты 1000 орынға арналған бұл жаңа ғимараттың құрылысына «Қазхром» ТҰК» АҚ 1,8 млрд теңге бөліп салып берген болатын. Ғимарат заманауи стандарттар мен талаптарға сай, жаңа құрал-жабдықтармен жарақтанған, мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Академияда балалардың шығармашылығын шыңдау үшін бүгінде 66 үйірме мен секция  жұмыс жасайды. Балалар мұнда жеті бағыт бойынша жүргізілетін үйірмелерге келе алады. Олардың ішінде  IT-технология, өнер, қолөнер, спорт, білімді тереңдету, бизнестің қыр-сырын үйрену, журналистика, мектеп алды даярлау сынды бірнеше бағыттар бар. Сондай-ақ бүгінде Ақтөбенің сәнін келтіріп тұрған Шығармашылық академиясында күмбезді аспаны бар планетарий де бар. Онда келушілер Күн жүйесіндегі барлық планеталарды тамашалай алады.

Сәулеті мен салтанаты келіскен Шығармашылық академиясымен танысқан соң слет қонақтары «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйін аралап көрді. Бұл жерде шығармашылық үйінің қызметкерлері қонақтарға еліміздің көрнекті ғылым және өнер қайраткерлері — Жұбановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған музейді таныстырды. Айта кетейік, Шығармашылық академиясының қарсы бетінде бой көтерген еңселі ғимаратты меценат Қайрат Мәйтеков 100 күнде салып берген болатын. Жастардың өнерін шыңдау арқылы еліміздің мәдени дамуына, рухани баюына үлес қосу мақсатында бой көтерген ғимарат ішін аралап көрген слет қонақтары өз таңданыстарын жасыра алмады.

— Республикалық Аналар слетіне Ақмола облысынан арнайы келдім. Бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде болсам да, Ақтөбе жерін алғаш көруім. Бұрын тек бұқаралық ақпарат құралдарынан көретін Ақтөбе қаласы, расымен де, керемет екен. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Біз аралап көрген ғимараттарды сөзбен айтып жеткізу тіпті мүмкін емес. Өзгеше дизайн бойынша бой көтерген «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйі нағыз келер ұрпақтың өнерін шыңдап, рухани баюына үлес қосатын алаң екен, — дейді Ақмола облысынан келген делегат Зере Киікова.

— Мен Ақтөбеге келіп балаларымыздың болашағының жарқын екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмын. Жаңарған Ақтөбенің жаңа ғимараттарын көріп, өзім жасарып қалғандаймын. Барлығы керемет. Еңсеңді тіктейді. Бұның барлығы, әрине, облыс басшылығының арқасы деп білемін. Болашағын ойлар басшылары бар Ақтөбе халқы қандай бақытты еді! — дейді Павлодар облысынан Аналар слетіне келген қонақтардың бірі Бақытжамал Максилова.

Бұдан соң, слет қонақтары Жекпе-жек сарайын аралап көріп, Студенттер сарайында өткен «Әйел әлемді тербетеді» атты концерттің қонағы болды. Көрермендерге Ақтөбе өнерпаздарымен қатар слет қонақтары Татьяна Бурмистрова, Жадыра Арыстанова мен Мирас-Құралай Бекжановтар әннен шашу шашты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*