Басты бет » Анаға тағзым » Ақтөбеге ақ тілек

Ақтөбеге ақ тілек

Ақтөбеліктер «Анаға тағзым» республикалық Аналар слетінің қонақтарын әуежайдан қазақы дәстүр бойынша, ақ ұсынып, кернейлетіп, әуендетіп қарсы алды.

Құтты мекенге арнайы ат басын бұрған қадірлі қонақтарды күтіп алушылардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева және бірқатар мекеме өкілдері болды.

Әуежайда құрметті қонақтармен бетпе-бет жүздесіп, Ақтөбеге деген ақ тілектерін тыңдаудың сәті түсті.

Әуежайдағы алғашқы тілекті әнші, КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова айтты.

— Ақтөбеде көптен бері болып тұрғаным. Осыдан 15-20 жыл бұрын келген едім. Ақтөбе көп өзгеріпті. Бүгін, міне, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өтіп жатқан Аналар слетіне келудің сәті түсті. Өкінішке қарай, бүгінгі күні елімізде ата-анасына көп көңіл бөлмейтін, қиын, қырын қарайтын жастар бар. Белгілі тұлғалармен көптеген әйелдердің басын қосып өткізгелі отырған бұл шара біздің жастарға жақсы жол көрсетіп, зор ықпалын тигізеді. Осындай шараны ұйымдастырып жатқан Ақтөбе облысы әкімдігіне ерекше алғысымды білдіремін, — деді қазақтың ән өнерінің аңызы Бибігүл Төлегенова.

«Анаға тағзым» республикалық слетіне арнайы келген  халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф, жазушы Зейнеп Ахметованың айтуынша, Ақтөбеде республика көлемінде алғаш өткелі жатқан шараның маңызы зор, ауқымы кең.

— Ақтөбенің дәм-тұзы бұйырып, қайта келудің сәті түсті. Бұл Ақтөбеге алғаш келуім емес. Бұған дейін де бірнеше рет болғанмын. «Анаға тағзым» деген өте үлкен тақырып қой. Қай жағынан да қаузап, сөйлеуге болады. Тәрбиенің бел қазығы барып, анаға тіреледі. Осындай үлкен шараға арнап шақырған соң, шет қалуды жөн көрмедім, — дейді ұлт анасына айналған Зейнеп Ахметова.

Сондай-ақ республикалық слетке арнайы шақырылып, қонақтардың алғашқы легімен келгендердің бірі — «Перзент» отбасылық балалар үйінің директоры Әмина қажы Әжібаева болды.

— Көп нәрсенің басы осы әйелдерден, аналардан басталады. Сондықтан барлығымыздың басымыз бір қосылса деген біздің бір арманымыз болатын. Сол арманымызды орындап, осындай үлкен бастама бастап жатқан ел азаматтарына Алла разы болсын. Бұл менің Ақтөбеге алғашқы сапарым. Мен 23 жыл жетім бала баққан кезеңде бармаған жерім тек Ақтөбе қаласы еді. Бүгін, міне, оның да сәті түсіп отыр. Игі істердің бастамасы болып жүрген құтты мекен жасай берсін, — деп Әмина қажы Әжібаева тілегін жеткізді.

— Ақтөбеге соңғы рет үлкен айтыс өтіп, сонда келген едім. Бұл қала көз алдымда жаңарып, көз алдымда өзгеріп келеді. Өз басым біреуді мақтағанды, не мақтанғанды ұнатпаймын. Дегенмен жақсының жақсылығын айту керек. Дәл қазір Ақтөбеге бақ қараған кез. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ашылып жатқан «Анаға тағзым»орталығы, Аналар слеті бұл қоғамымыздың жақсарып келе жатқандығын көрсетеді. Барлығы баянды болсын. Келген қонақтардың шарапаты тиіп, ақтөбеліктердің ісіне береке берсін, — деп жолдады өз тілегін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова.

Сондай-ақ, республикалық слетке алғашқы болып жеткендердің қатарында Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова, академик, ғалым Ажар Жұбанова, белгілі көз дәрігері Мәдина Құралова және Ақтөбе өңірінен шыққан эстрада жұлдыздары Жадыра Арыстанова мен Мирас-Құралай Бекжановтар болды.

Ал дәл сол күні түстен кейін Ақтөбе әуежайына Қазақстанның халық жазуышысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаева, жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева  ақын, әнші Елена Әбдіхалықовалар келді.

Халқының асыл перзенті, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевпен жарты ғасырдан астам уақыт отасқан Клара Жұмабаева өзінің ананы ардақтауға, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған әр бастаманы ризашылықпен қолдайтынын жеткізді.

— Менің бүгінгідей үлкен шараға келуімнің басты себебі азаматыма байланысты деп білемін. Әбіштің анасының қолында 40 жыл келін болып, қызмет еттім, ерімді сыйладым, менің еңбегім сол. Ақтөбеге Әбіш бар кезде екі-үш рет келгенмін.Мен үшін Ақтөбе жері бөтен емес, бұл мекен менің студенттік шағымның куәсі, — деді Клара Жұмабева.

Ал қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова Ақтөбеге қатысты пікірін келесідей жеткізді.

— Ақтөбе — киелі, қасиетті жер. Бұл жерде, басқасын айтпағанда, Абат Байтақ, Қобыланды батыр, Есет Көкіұлы жатыр. Бұл — қазаққа Әлияны сыйлаған құтты мекен. Сондықтан аналарға қатысты бастаманың дәл осы жерде өтіп жатқандығы бізді еш таңғалдырмады. Ақтөбе облысында кең ауқымда өткізілгелі отырған Аналар слетінің тәрбиелік-тағылымдық маңызы өте зор. Бұл — үлкен бастама, игілікті іс. Рухани жаңғыру осыдан басталуы керек, — деді Алтыншаш Жағанова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*