Басты бет » Жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Тұрғындар үшін жайлы жағдай жасауымыз керек

Бердібек САПАРБАЕВ: Тұрғындар үшін жайлы жағдай жасауымыз керек

 Бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Батыс-2 шағын ауданында құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешенінің алдында көшпелі кеңес өткізді. Оған  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Нысандарды салушы» КФ басқармасының, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның басшылары, сала мамандары қатысты.

«Батыс-Премиум» тұрғын үй кешенінің құрылысы биыл сәуір айында басталған. Оған жауапты — «Grand Complex» ЖШС. Аталған кәсіпорын құрылысшылары жыл соңына қарай нысанды пайдалануға бермек.

— Аталған кешен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Мұнда 356 пәтер болады. Олардың жалпы ауданы — 22 449.54 шаршы метр. 296 пәтер біздің қор арқылы кезекте тұрған жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне жалдамалы үй ретінде 2032 жылға дейін берілетін болады. Оның 1 шаршы метрі 162 мыңнан есептеледі.

Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр деп айтуға болады. Бірақ құрылыс материалдарының жетіспеушілігі бар. Сондықтан дәл біз ойлағандай емес, аздап кідірістер байқалуда, — деді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарушы директоры Рүстем Сағидинов.
Облыс әкіміне жаңа жобаны таныстырған «Center group» құрылыс компаниясының басшысы Самат Ұрмағамбетов тұрғын үй кешенінде 85 үш бөлмелі, 158 екі бөлмелі, 113 бір бөлмелі пәтердің болатынын айтып берді.

Бердібек Сапарбаев кеңес барысында инфрақұрылым, көлік қоятын аумақ, өзге де коммуналдық қажеттіліктердің бәрі жіті ескерілуі керектігін атап өтіп, бұның маңызына тоқталды.

— Ең алдымен тұрғындар үшін жайлы жағдай жасауымыз керек. Көлік қоятын жерасты тұрақтары жасалып, ал төменгі қабатта дүкен, дәріханалардың салынғаны дұрыс. Болашақта осындағы көршілес үйлерге қоныстанатындардың емін-еркін кіріп-шығып, аулаға көлігін қоятынын да қаперден шығаруға болмайды, — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, тұрғын үй кешенінде қазіргі таңда 300-ге жуық құрылысшы жұмыс істеп жатыр.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*