Басты бет » Анаға тағзым » Дарынды оқушылармен кездесті

Дарынды оқушылармен кездесті

Республикалық «Анаға тағзым» слеті аясында  ұйымдастырылған шаралардың бірі М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында өтті. «Кемел тұлға — кемелденген келешек» атты кездесу кешіне даңқты батыр Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова мен заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаева келді. Сондай-ақ, «Ақтөбе медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин,  облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қатысты.    

Алдымен қадірлі қонақтар білім ордасында бұдан екі жыл бұрын ашылған «Әбіштану» кабинетін аралап көрді.  Мұнда 9-11 сынып оқушылары үшін қаламгердің шығармашылығына арналған арнайы курс өтеді. Мектепте жазушының шығармаларынан ғылыми жоба қорғап, жетістіктерге жетіп жүрген дарынды балалар аз емес.

«Әбіштану» кабинетінің жұмысымен танысқаннан кейін қонақтар мектеп ардагерлері, мұғалімдер, оқушылармен кездесу өткізді.

Жиында сөз алған жазушы Зейнеп Ахметова рухани құндылық, салт-дәстүр, ене мен келін арасындағы сыйластық туралы әңгімеледі.

— Халықтың атаға деген ілтипаты, атаға деген сүйіспеншілігінің ұшқындары маған да тиіп жатыр. Бұл ыстық ықылыстың барлығын да атаның қасиетті аруағының арқасы деп білемін. Әртүрлі мақтау естігенде мен оның бәрін атаға қарай «өткізіп жіберемін». Өйткені, шын мәнінде, бұл ыстық лебіздің бәріне ата лайық.

Алла тағала менің маңдайыма исі қазаққа ортақ, алты Алаштың ардақтысы, ұлы тұлғаның қолына су құйып, шай қайнатып беруді нәсіп етті. Бұл — менің өмірімдегі ең құнды да, мәнді де тірліктер болды, — деп бастады жазушы әңгімесін.

Ел анасы өзінің ата аманатын арқалап жүргенін жеткізді.

Ата маған ешқашан соғыс жайлы әңгіме айтқан емес.  Есесіне, ұлттық құндылықтар туралы көп әңгіме айтатын. «Балам, мен саған айтсам, сен балаңа айтасың ғой, ол баласына айтады. Сөйтіп бір үйде қазақтың иісі сақталады» деуші еді. Ата маған бабалардың аманатын айтты. Менің айтып жүргенім сол ата айтқан аманат. Бір сөзбен айтқанда, мен аманат арқалап жүрмін. Атаның айтқан сөзін жеткізуді өзімнің міндетім, парызым санаймын, — деді Зейнеп Ахметова.

Ол өз сөзінде қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ата-баба дәстүрін берік сақтауымыз керектігін айтты.

Өйткені, жаһандану деп жанұшырып, алып-ұшып жетіп жатқан түрлі ұлттың ала-құла салт-дәстүрлері біздің қоғамға дендеп емес, барынша шапшаң еніп жатыр. Ат төбеліндей ғана қазақ жаһандануға жұтылып кетпей, өзін-өзі қалай сақтауы керек? Тамыры тереңге жайылған бай тарихымыз, ұлттық құндылықтарымыз жойылып кетпеуі үшін не істеу керек? Қандай тосқауыл қажет? Ұлт ретінде өзімізді-өзіміз сақтап қалу үшін ең алдымен тіл керек. Тілсіз ұлт болмайды. Тіл арқылы сіңетін ұлттық қадір-қасиетімізді сақтап, тарихымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді білуіміз керек. Бізде қазір бәрі бар. Ал біз жақсылықтың бәрі батыстан немесе арабтардан келіп жатқандай көреміз. Олай емес. Батыс келіп, жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады. Ал осы ортада біздің қазақтың шақшадай басы шарадай болып, кейбір жастарымыз әртүрлі ағымдардың жетегіне еріп кетіп жатыр. Мұның бәрі білмегендіктен, білімсіздіктен болып отыр. Егер тегіңді білсең, халқыңның тарихын, өткенін білсең, белгілі ақын-жазушылардың озық туындыларын оқысаң, даладағы біреуге ұқсаймын, сонікі дұрыс  екен деген ой сананы уламайтыны анық, — деді жазушы.

Бұдан кейін ел анасы жастарға ақ батасын берді.

— Есті адам кейін қалып, епті адамның заманы болған осындай кезеңде адамдардың бір-біріне деген шынайы сыйластығы да сұйылып бара ма деп қорқамын. Бірақ дана қазақта мынадай нақыл бар: «Бақыт басқа қонған құс, байлық қолға ұстаған мұз, құс ұшып кетеді, мұз еріп кетеді, дүниенің қызығы сіз бен біз». Ендеше, жарқын жүзбен, таза жүрекпен, адал ниетпен бір-бірімізбен сыйласып, бір-біріміздің қолтығымыздан демеп, демеу болып, бірге қуанайық. Өздеріңді сыйлайтын, өздерің сыйлайтын адамдар айналаларыңда көп болсын. Өнегелі, өнерлі, ғұмырлы болыңдар, — деп ақ тілегін жеткізді.

Жиын барысында сөз алған Әбіш Кекілбаевтың зайыбы Клара Жұмабаева енесі мен  жары туралы әсерлі әңгіме айтып берді.

— Енем 98 жасында дүниеден озды. Ол кісіге 40 жыл келін болдым. Барлық жағдайын жасадым. Енем жастайынан өмірдің қиындығын, ауыртпалығын көрді. Шахтада жұмыс істеген, шөп шауып, мал баққан.

40 жыл бейнет көрген аяулы ана 40 жыл дәулет көрді. Жалғыз баласының арқасында қай шаңыраққа барса да, төрде отырды. Әбіштің достары есіктен «Мама» деп кіретін. Енем олардың бәрін қуанып, құшағын жайып қарсы алатын. Әбіш үш қыздың ортасындағы жалғыз ұл болды. Сол жалғыз ұлына әу баста анасы қамқор болса, сол шаңырақтың табалдырығын аттағаннан кейін Әбішке мен қамқор болдым. Әбіш аталарыңның бір құпиясын айтайын: аяқ киімді қалай киюді білмейтін. Аяқ киімін кигізіп, бәтеңкесінің бауына дейін байлап беретін едім. «Үйде жүргенде байлап берейін, біреудің үйіне барғанда байлатқызбай-ақ қойшы» десем, Әбіш: «Ол ұялатын нәрсе емес» дейтін.

Әбіш аталарың Алматыда 40 жыл тұрғанда шығармашылықпен айналысса, Астанаға көшіп келгеннген кейін қоғамдық жұмыспен айналысты. Сол қоғамдық жұмыста жүргенде де қазаққа айтатын сөзінің бәрін айтып кетті. Ендігі міндет — сіздерде. Сіздер бақытты ұрпақсыздар. Елімізде сіздердің саналы тәрбие, сапалы білім алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ұлт болашағы,  ел ертеңі сіздерге байланысты, — деп Клара Жұмабаева жақында «Арыс» баспасынан жарық көрген «Әбіш Кекілбайұлы» энциклопедиясының І томын мектеп-интернаттың директоры Гүлнара Тажығалиеваға  табыс етті.

Бұдан кейін  11-сынып оқушылары Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» халықтық- қаһармандық драмалық дастанының «Жорық» бөлімі бойынша көріністі  сомдады. Көріністі тамашалағаннан кейін Клара Жұмабаева оқушылардың өнеріне тәнті болып, бата берді. Ол әсіресе Абылай хан рөлін сомдаған 11-сынып оқушысы Әйтеке Тәжібайға ризашылығын білдірді.

Ертеректе қойылған «Абылай ханда» Абылайдың рөлі сәтті шыққан еді. Кейінгілері сол биіктен көрінген жоқ. Қуанғаным, кәсіби маман болмаса да, мектеп оқушыларының бұл күрделі туындыны сомдауында шынайылық бар. Абылайдың рөліндегі оқушы сол бастапқы кезде көрсетілген «Абылай ханды» бейнелегендей болды. Сол үшін де сіздерге алғыс айтамын. Өнерлерің өрге жүзсін, — деді Клара Жұмабаева.

Жиын соңында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева келген қонақтарға алғыс білдірді. Кеш соңында оқушылар қонақтармен бірге естелік суретке түсті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*