Басты бет » Анаға тағзым » Егіз лебіз

Егіз лебіз

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Аналар слетіне қатысуға келген танымал өнер иелері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, сазгер, эстрада әншісі Елена Әбдіхалықовамен және қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы, домбырашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Татьяна Бурмистровамен кездесу өткізілді.

Кездесуді жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жиналғандарға қонақтарды таныстырып, олардың рухани өмірдегі қызметтеріне тоқталды.

— Анаға тағзым ету — ең бір нәзік, ең бір аяулы шара. Сол бағыттағы ауқымды жұмыс Ақтөбе жерінде  облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатыр. Бір ғана мысал айтайын. Қазақтың бұрын-соңды ғұмыр кешкен аяулы тұлғаларының аналарын бәріміз бірдей білеміз бе? Сол алтын құрсақты аналармен осында танысып, үлкен тағылым жолынан өткендей болдық,— деп сөз бастады Елена Әбдіхалықова.

Әнші бұған дейін де Ақтөбе өңіріне талай шығармашылық сапармен келгенін, кезінде осында айтысқа қатысқанын, өзінің сүйікті көрермендері бар екенін мақтанышпен айтты. Сонымен бірге, өзінің өнер әлеміндегі алғашқы қадамы, бүгінде ел аузында жиі айтылып жүрген «Есіңе мені алғайсың», «Сыр елі», «Маңғыстау», «Көздеріңе ғашықпын», «Сені көрдім», тағы басқа әндерінің дүниеге келу тарихына тоқталды.

— Жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығының фойесінде қазақтың танымал аналарының суреттері ілінген. Солардың өмірбаяндарымен танысқан жас келіншектеріміз «біз де солардай ана болсақ» деп алдарына үлкен мақсат қоятыны анық. Ақтөбенің қыздары мен келіндерінің арманы жоқ деп ойлаймын. Олар мынадай сәулетті орталықта бас қосып, аналықтың алғашқы қадамына ақ бата алады. Былай қарағанда бәрі бар: қолөнерін де үйретеді, тағам жасау тәжірибесін де бөліседі, басқа да көптеген тәлімдік-тағылымдық бағыттар бар екенін байқадық. Осындай игі істің Ақтөбеден басталғанына шын жүректен қуаныштымын, — деп Татьяна Николаевна Ақтөбедегі әсерін бөлісті.

«Атақтың бәрін Ақтөбеден алдым»,— деген ол ұзақ жылдар осында облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған қазақтың қайратты қызы Сара Еламанованың жарқын бейнесін еске алып, бүгінгідей жарқын жүздесуге жете алмай кеткеніне өкініш білдірді.

Олар 1992 жылы Алматыда әйелдер съезінде кездесіп, содан Сара Иманбайқызы әншіні елге шақырыпты. Байғанин, Темір аудандарының бүкіл ауылдарын аралатып, халықты өнермен сусындатқан. Содан Сара Еламанованың бастамасымен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын алыпты.

Татьяна мен Еленаның баяғыдан келе жатқан апалы-сіңілілі достығы, бір-біріне ыстық ықыласы көпшілікті сүйсіндірді.

«Мен қандай кездесуде болмасын Еленаның «Есіңе мені алғайсың» әнін айтпай кетпеуші едім. Сол дәстүрімді бұл жолы да сақтағым келіп отыр»,— деді Татьяна Бурмистрова.

Қос таланттың бірігіп бастаған әсем әуенін жиналғандар қолдап кетті.

Кездесу қорытындысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева өнер қайраткерлеріне әсерлі әңгімелері, әсем әндері мен жылы тілектері үшін алғыс сезімін білдірді.

Кездесуге қатысқандар атынан Марат Қабижанұлы ақсақалдық жолымен ел қонақтарына батасын берді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*