Басты бет » Анаға тағзым » Ана денсаулығы және жоспарлы жүктілік жайы талқыланды

Ана денсаулығы және жоспарлы жүктілік жайы талқыланды

«Анаға тағзым» аналар слеті аясында Неке сарайында «Отбасын жоспарлау — жүктілікті жоспарлау және дені сау баланың дүниеге келуі» тақырыбында секциялық отырыс өтті.

Оған Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты акушер-гинеколог Талшын Үкібасова, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Салтанат Есенаманова, «Бөбек», «Үміт» орталықтарының өкілдері, дәрігерлер, ЭКО-орталықтарының мамандары, эмбриологтар, медицина саласының басқа да қызметкерлері қатысты.

Шара барысында ана мен бала денсаулығы, соның ішінде бала туатын жастағы әйел адамдардың жүктілікті жасанды тоқтату, яғни түсік тастау, оны болдырмаудың жолдары, түсіктің әйел денсаулығына әсері, жыныстық сақтану, бедеулік мәселелері сынды күрделі жайттар талқыланды.

Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты акушер-гинеколог Талшын Үкібасованың айтуынша,жасанды түсік жасатуға шешім қабылдаған әйелдердің 90 пайыздан астамы бұған амалсыз барады:

— Мен осы салада 40 жылдан астам жұмыс істеп келе жатырмын, осы қырық жылда түсік тастауға қуанып келген бірде-бір әйелді көргенім жоқ. Олар амалсыздан, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларға, отбасындағы қарым-қатынастарға немесе денсаулығына байланысты жүктілікті тоқтатуға мәжбүр болады, — деді ол.

Статистикалық деректерге қарасақ, өткен жылы елімізде 80 328 әйел жасанды түсік жасатқан. Бұл — 80 мыңнан астам сәби өмірге келген жоқ деген сөз. Талшын Үкібасованың айтуынша, осыдан он шақты жыл бұрын бұл көрсеткіш 2-3 есе көп болатын, яғни жылына 200 мыңнан астам әйел түсік жасататын болған. Ал Ақтөбеде өткен жылы 2920 түсік жасалған.

— Түсік жасату әйел денсаулығына зиян, түсіктен кейін түрлі қабынулар болуы мүмкін. Бірінші рет жүкті болып, түсік жасатқандар кейін сәби сүю бақытынан айырылып қалуы да мүмкін. Оған қоса әйел психологиялық күйзеліске де түсіп кетуі әбден ықтимал, — деді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, мұндай жайтты азайту үшін отбасын жоспарлау керек. Бала тууға дайын болмаған жағдайда жүктіліктен сақтайтын контрацепция құралдарын қолдануды білу қажет. Дерекке сенсек, елімізде бала туатын жастағы әйелдердің 30 пайызы ғана контрацепция құралдарын пайдаланады екен.

— Бұл — бала туатын жастағы әйелдердің тек отыз пайызы ғана қаламаған жүктіліктен сақтанады деген сөз. Бұл — бір. Екіншіден, қыз балалардың тағдырына жастайынан мән беру керек. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз тек оның тәрбиесіне ғана қатысты емес, оның дұрыс тамақтануына, дұрыс киінуіне, денсаулығын дұрыс күтуіне қатысты айтылған мәселе, — деді Т.Үкібасова.

Отырысқа қатысқан медицина мамандары елімізде түсік жасатуды заңмен тыйым салу мүмкіндігін қарастыру қажет пе, жоқ па — соны да талқыға салды.

— Меніңше, түсік жасатуға заңмен тыйым салсақ, әйел адамдар арасында өлім күрт көбейіп кетуі мүмкін. Себебі түсік жасатуға келгендердің ішінде өмір мен өлім арасында тұрған әйелдер бар. Ертең олар криминалды түсік жасатуға барса, арты жақсы болмайды. Сондықтан жауырды жаба тоқуға болмайды. Керісінше жастарға отбасын жоспарлауды, сақтану құралдарын дұрыс пайдалануды үйретуіміз керек. Бізде басқа жол жоқ, — деді Т.Үкібасова.

Секция отырысында сондай-ақ отбасын жоспарлау, тегін контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету, отбасындағы балалардың құқықтарын қорғау, хромосомалық ақаулары бар балалардың өмірге келуі,  олардың жауапкершілігі, әйелдер арасындағы бедеулік, жасанды жолмен ұрықтандыру сынды мәселелер талқыланып, кейбір жайттарға қатысты Денсаулық сақтау кодексіне өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу қажеттігі айтылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*