Басты бет » Жаңалықтар » Жемқорлықты азайтудың жолы

Жемқорлықты азайтудың жолы

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының отырысы өтті.

Талқылаудың негізгі тақырыбы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы және  медицина саласында   сыбайлас  жемқорлықпен күрес шараларын жүзеге асыру болды.

Жыл басынан бері мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын тексергенде облыс бойынша 2 мың құқықбұзушылық анықталған. Бұл жөнінде отырыс кезінде облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова мәлімдеді.

Оның айтуынша, құқық бұзушылықтың жартысынан көбісі қызмет көрсету мерзімінің сақталмауымен байланысты. Сондай-ақ, тиісті құжаттар тізімінсіз, бекітілген тізімге кірмейтін құжаттармен қызмет көрсету сынды кемшіліктерге де жиі жол берілген.

Облыс әкімі отырыс кезінде мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру қажеттігіне баса назар аударды. Ол мемлекеттік қызметтер  көрсетуді электронды форматқа көшіру жемқорлық қаупін айтарлықтай төмендететінін атап айтты.

— Біздің басты міндетіміз — барлық деңгейдегі сыбайлас жемқорлық пен пара беруді жою. Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы аса қауіпті «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық көп жағдайда осы адами фактормен байланысты. Сондықтан электронды форматта қызмет көрсету жұмыстарын жалғастыру керек, — деп тапсырды Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі, сондай-ақ, медицина саласында электронды сервистерді әрі қарай дамыту қажеттігін де атап өтті. Отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің баяндағанындай, осы жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша денсаулық саласында көрсетілген электронды қызметтер көлемі 95 пайыз өскен.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*