Басты бет » Анаға тағзым » «Анаға тағзым»: ізгі ниет, игі бастама

«Анаға тағзым»: ізгі ниет, игі бастама

20-21 қыркүйек күндері Ақтөбеде «Анаға тағзым» атты І республикалық аналар слеті өтеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында республикалық аналар слетін ұйымдастырудағы мақсат, осы жиын аясындағы шаралар, қатысушылар жайында кеңірек ақпарат берілді.

— «Анаға тағзым» атты республикалық аналар слетін ұйымдастыру — Елбасы бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған іс. Жиында қоғамдағы әйел-ананың мәртебесін, оған деген құрметті арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау мәселелері талқыланбақ. Қазіргі күні қоғамда қыз баланың тәрбиесі, балалардың бақыты мен болашағы үшін отбасын сақтау, отбасының ынтымақ-бірлігін сақтау мәселелері өзекті болып отыр. Біздің көздегеніміз — осы мәселелерге қоғамның ерекше назар аударуы керектігін көпшілікке тағы бір жеткізу, — деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Слетке еліміздің түкпір-түкпірінен 1200-ге жуық адам қатысады. Белгілі қоғам қайраткерлері, әдебиет, спорт, өнер, бизнес саласындағы көрнекті тұлғалар, сондай-ақ барлық облыстардан делегациялар келеді. Олардың арасында қазақтың әлемді тамсандырған бұлбұл үнді әншісі, КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марфуға Айтқожина, қазақтың біртуар ұлы — Бауыржан Момышұлының келіні, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен отбасы құндылықтарының насихатшысы, бірнеше танымал кітаптардың авторы Зейнеп Ахметова, белгілі ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Райса Көзденбаева, т.б. бар.

20 қыркүйекте қонақтар облыс орталығындағы мәдени, әлеуметтік

нысандарды аралайды, түрлі іс-шараларға қатысады. Осы күні кешкілік Студенттер сарайында «Әйел әлемді тербетеді» атты концерт өтеді.

«Анаға тағзым» республикалық аналар слеті аясындағы тағы бір үлкен шара — Ақтөбедегі «Анаға тағзым» рухани орталығының ашылуы болмақ. Ашылу салтанаты 21 қыркүйек күні ертеңгілік өтеді. Ал аналар слетінің ашылу салтанаты Өнер орталығында болады. Сондай-ақ бұл шара аясында секциялық мәжілістер, дөңгелек үстелдер, шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізу жоспарланған.

Баспасөз мәслихатына белгілі ақын Марфуға Айтқожина, жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Райса Көзденбаева, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы бас директорының орынбасары Луиза Жұбатовалар да қатысып, Ақтөбеде «Анаға тағзым» рухани орталығының ашылуы және аналар слетінде көтерілгелі отырған мәселелер төңірегінде өз ой-пікірлерін жеткізді.

Ақын Марфуға Айтқожина Ақтөбе қаласының бүгінгі келбетінен алған әсерлерімен де бөлісті:

— Ақтөбеге алғаш рет 2005 жылы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мерейтойына келген едім. Бұл — екінші келуім… Ұшақтан түскеннен Ақтөбенің келбетіне тамсанумен болдым. Қала мүлде өзгеріп, аумағы ұлғайып, көркейіп кеткен. Осы жылдар арасындағы өзгерістер мені қатты қуантты, — деді ол.

Ақын өз ойларын:

— Аналар слетін мен рухани жаңғыру мақсатындағы Елбасы бастамасына үн қосу деп қабылдаймын. Атынан-ақ көрініп тұрғандай, бұл — өте маңызды да ауқымды шара. Ақтөбенің осы іске ұйытқы болуы, әрине, құптарлық. Ал болашақта басқа облыстарда да жалғасын тапса екен, — деп жеткізді.

Райса Көзденбаева мен Луиза Жұбатова да слет жұмысына сәттіліктер тіледі.

Индира ӨТЕМІС.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*