Басты бет » Анаға тағзым » Ананың айнымайтын махаббаты

Ананың айнымайтын махаббаты

Поэзия әлеміндегі қазақ қыздары — өз алдына бір шоғыр, жеке әлем. Олардың шығармашылығына, жүрекжарды жырларына үңіле отырып, «ананы ардақтауды, ананы құрметтеуді қазақ қызынан артық насихаттаған ешкім жоқ-ау» — деген де ойға қаласыз.

Оқырмандарымызға Ақтөбеде өтетін «Анаға тағзым» республикалық слетіне арнайы шақырылған ақындар — Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева және Ханбибі Есенқараеваның жырларын ұсынамыз:

Марфуға АЙТҚОЖИНА

 Анашым

Анашым!

Тірі болса келер еді.

Келер еді толтырып кенерені.

Келер еді ақсарбас жолына атап,

Баласы болған кезде немерелі…

Көл-көсір жасар еді шілдехана,

Ырымсыз мұндай сәтте жүрмес ана.

Шаңдатып қырқаларды ат бәйгесі,

Думанмен қызар еді бұл босаға!

Ауылын жинар еді аймағымен,

Қайран менің анашым!

Ойлары кең.

Әдетінше той алдын өзі бастап,

Отыратын ақжарқын,

Жайдарым ең.

Даусы да қарлықпайтын ұзақ таңға,

Өзіңсіз ол кезде қыз ұзатқан ба?

Сағынып отырамын сол әніңді,

Біржола,

Алыс сапар ұзатсам да.

Қалайша арамыздан ерте кеттің,

Қалайша елден ерек еркелеттің.

Қалайша ерте үзілді әсем әнің,

Ерекше табиғатың берсе де екпін.

Балайтын жұрт өзіңді жүректіге,

Алғыс пен аямайтын тілекті де.

Көксеген күндеріңе жете алмадың,

Сағыныш елге деген жүдетті де.

Арман мен сезім селін кешем бүгін,

Қалыпты аңыз болып шешендігің.

Болғанмен көзден таса,

Анашым-ау!

Арманың елге деген,

Өшер ме үнің…

Қош, ана

Білмеймін, кеш пе еді, ерте ме еді,

Жас жаным кімге ұмсынып, еркеледі?

Бақытын алыс кеткен іздей ме, әлде,

Көңілім көп арманды шертеді енді?

 

Ол кезде бала едім ойланбаған,

(Армандауға өмірде тойған ба адам?)

Көңілім шалқар болып шаттанушы ем,

Маңдайымнан бір сипап қойғанда анам.

 

Бүгін мен нені іздеймін, армандаймын,

Тау артып иығыма алғандаймын.

Ананың мол мейірін сағынам ба,

Көппін мен, бірақ жалғыз қалғандаймын.

 

Анажан, орның тіпті бөлек екен,

Адам асыл бәріне көнеді екен.

Ажал бізді тым ерте айырса да,

Атыңды жырға мәңгі бөлеп өтем.

 

Қыздар-ай!

Кешегі қайран қыздар!
Қос бұрымды,
Толқындап қос бұрымы тосты кімді,
Жүрсем де өздеріңнен мен алыста,
Толғаймын мен кешегі жас күніңді.
Сыйғызып құшағыма барлығыңды,
Аламын есіме сол бал күніңді.
Тұнып тұр жүрегімде
Сыңғыр үнің,
Тыңдадым тебіреніп зар-мұңыңды.
Әр тұсқа кететіндей тарап тасқын,
Өмірге өздерінше аяқ бастың.
Жүрсең де бірің ойда,
Бірің қырда,
Тағдырлас,
Өздеріңмен қанаттаспын.
Кетсем де өздеріңнен ірге бөліп,
Бірге ұшып жүремін,
Бірге қонып.
Өздеріңе ұқсаған қоңыр тірлік,
Шаттыққа деме мені жүр кенеліп.
Отырмын қарап, міне,
Жүздеріңе,
Көз тастап алыстаған іздеріңе.
Жанарға келе жатыр жас мөлдіреп,
Сендерді сағынды ма,
Іздеді ме…
Балалық бал дәуренді іздеді ме,
Телміріп қарай берем жүздеріңе.
Жыр жазып жарқын жазда сәлем жолдап,
Жүзімді төсей түсем күз лебіне.
Байқаймын,
Ызғырық бар күз лебінде,
Ұқсаған жандармыз ғой
Гүлге біз де.
Әуенін тырналардың тыңдай түсіп,
Кетіп бара жатамын тізбегінде…

 

Саусақтан күй төгілдір

Шертші, қызым, саусақтан күй төгілдір,

Жазғы аспандай жадырасын көңіл бір.

Қасірет болса, оны кейін шегіндір,

Көрейінші көк теңіздің шегін бір.

 

Қырда қызыл қызғалдақтар қауласын,

Ақ толқындар жамырассын, аунасын.

Ғашықтардың кірпігіне жас тұнып,

Жан сезімін балқытсын да, баурасын.

 

Шертші, қызым, күйге бөлеп түн ішін,

Көл бетінде тұнып қалсын күміс үн.

Құдіретіне сиқыры мол сырлы әннің,

Менің-дағы ашылар ма тынысым?

 

Ойна, қызым, бақта бұлбұл сайрасын,

Қыз-дүние құлпырсын да, жайнасын.

Осындайда шалқып кетер шалқыма,

Беу, ойнақы, от сезімдер, қайдасың?

 

Өрлік өлеңдері

Бойда қуат, білекте күш барында,
Шек болмас жүрегімнің құштарында.
Менің де жырдан соққан қамалым бар,
Ала алмас қаруланған дұшпанның да…
Жолдардың даңғылы бар, тұйығы бар,
Әркімнің ассам дейтін биігі бар.
Не жетсін, шынайы дос, шыншыл жанға,
Көзіңнен көңіліңнің күйін ұғар…
Арман — жұлдыз, алыстан жарқырады,
Қолың жетсе мақсатқа, жан тынады.
Көл де құрғап, өзен де тартылады,
Дей алман, жақсылықты сарқылады!..

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

Анама жазған хаттардан

Үш балаң ақ бесікте тербелетін,

Үш қара мең жүзіңе өң беретін.

Сенің үшін өмірде үшеумізге,

Ештеңе жоқ еді, апа, тең келетін.

 

Біз үшеуміз, сен жалғыз арқалаған,

Бізге сенен сусын боп нәр тараған.

Себепші едік мазасыз тірлігіңе,

Той-базар ек, үйіңнен тарқамаған.

 

Бізге ғана бағыштап тілегіңді,

Бізге бердің күш, қуат, жігеріңді.

Өміріңді бізге арнап, тек өзіңе

Қалдырдың сен бізді ойлар жүрегіңді.

 

Алыс кетсек, сен едің сағынатын,

Бізден сирек сәлем хат салынатын.

Оралғанда әрқашан құшағыңнан

Бәрімізге жылылық табылатын.

 

Уайым шектің түс көрсең, өзің жорып,

Армансыз ең отырса көзің көріп.

Сендік жылы алақан аясында

Біз өмірден кемістік сезінбедік.

 

Кездер болды қуантқан, күйіндірген,

Қадіріңді, әрине, кейін білгем.

Жөргекке емес, сен бізді орап едің

Жарып шыққан жүректі мейіріммен.

 

Сендік жылу сарқылмас күндей мынау,

Сөз емес біз үшін көз ілмей шыдау.

Мейірімнің сол сендік тең жарымын,

Қайтардық па өзіңе, білмеймін-ау…

 

ххх

 

Бар сырымды саған ашық айта алам,

Тек сендегі мейірімнен жай табам.

Өзгеге өзім ана болған шақта да,

Құшағыңды іздеп келем қайтадан.

 

Нұр шуағын сенен алам көңілдің,

Іздеп келем жылылығын төріңнің.

Қанатыңнан алыс шығып кеткелі,

Тоңдырды ма үскірігі өмірдің?

 

Кездерімде алыс қалып, аңсаған,

Бір өзіңе тең келмеді барша жан.

Бір сипаған алақаның жұбатар,

Жүрегімді ауыр ойдан шаршаған.

 

Әлі саған алыс жолдан жүз келем,

Жалғау үшін үмітімді үзбеген.

Аңқаулық па, әлсіздік пе, кім білсін,

Мына өмірден тек мейірім іздеген.

Ана жүрегі

Махаббат, сені қиын жырлау бүгін,
Сен жайлы жоқ-бар деген жүр даулы ұғым.
Болды екен қанша ғұмыр саған қарыз,
Болды екен қанша ғұмыр құрбандығың?

Ән болдың таңдайдан бал тамызғанша,
Мұң болдың көзден жасты ағызғанша.
Мәңгі жас сен жайында дастан бар-ау,
Мәңгі өлмес сен туралы аңыз қанша?!

Жалындап жас жүректің бар қызуы,
Жастықтың басталғанда бал қызығы,
Ертеде сұлу қызға болған ғашық
Ананың әлпештеген жалғыз ұлы.

Сол қызға жолығатын батыл әлгі
Бір күндер төсек тартып жатып алды.
Ұйқыға кетсе шошып аласұрып,
Анасын айқай салып шақырады.

Гүл өңі алау тартып жайқалмайды,
Сауығу мынау халден байқалмайды.
Ол бірақ ішін өртеп жатқан жайды
Ашылып анасына айта алмайды.

Қыз атын айтса ауыздан зар шығыпты,
Құс жастық аққан жасқа малшыныпты,
Дертіне сағыныштың шыдай алмай,
Жас жігіт құр сүлдер боп таусылыпты.

Қинады қыздың шарты, бөлек екен,
О сұлу, неткен қатал керемет ең?!
«Анаңның жүрегін ап келген күні
Мен саған жар боламын», — деген екен.

Сол қызға есі ауған жігіт мүлде,
Бүк түсіп жата алмады құрып күнде.
Ұйқыда бейқам жатқан сорлы ананың
Жүрегін жұлып алды тұрып түнде.

Сүюдің серті ме еді соның бәрі,
Ол, міне, қыздың шартын орындады,
Сүрініп кетсе жігіт келе жатып,
Жүрегі түсіп кеткен қолындағы.

Ананың кезі бар ма кекті болған,
Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.
Ұмтылса, топырақта жатқан жүрек
«Құлыным, байқасаңшы», — депті оған…

Осындай аңыз қалған халық ішінде,
Кім білсін, махаббаттың даңқы үшін бе?
Болмаса жоқ нәрсені болғыз дейтін
Қыз кездің тәкаппарлық салты үшін бе?

Осы аңыз естігенге қатал-ақ тым.
Дәстүрге қарсы анадан бата алатын,
Кім білсін дәлелдеуге шығарды ма,
Ананың айнымайтын махаббатын?

 

ххх

 

Бірге өткіздік әрбір күнді, әр айды,

Сеніменен бірге атқан таң арайлы.

Бүгін маған сәбиімнің жанары,

Сенің тұнық көздеріңмен қарайды.

 

Күлімдесе, жанарыңда нұр тұнды,

Сәл қамықса, мөлдір тамшы іркілді.

Құлап тұрды, тірек іздеп қол созып,

Саған менің жүрегіммен ұмтылды.

 

Ол бір ермек жетіп жатқан күн-түнге,

Сонда сенің мінезің де, күлкің де.

Сен мені іздеп, мен сені іздеп жүзінен,

Қос махаббат соған ауды бұл күнде.

 

Әжелер

 

Ақ шаңқан кимешектер, таза керім,

Не деген ертегідей ғажап едің?

Музейдің суретінен тірілгендей,

Азайып кеттіңдер-ау, әжелерім.

 

Жетпесті, жоқшылықты құрағандар,

Жасынан жесір қалып, жылағандар.

Соғысқа кеткен жардан қалған ұлдың,

Күтуге немересін шыдағандар.

 

Не деген дана келбет, сүйікті еді,

Ақыл-ой шынарындай биіктегі!

Біз жырдан жаттап жүрген махаббаттың,

Ойлаймын сендер-ау деп кейіпкері.

 

Болашақ бойжеткендермен сырласу

 

Бойжеткендер болашақ ғасырдағы,

Сендер киер киімнің асыл бәрі.

Жұмбақ та жоқ сендер бас қатыратын,

Тұр әлемнің бар сыры ашылғалы.

 

Мұңсыз өмір қашан да ұнар дәйім,

Қалағаның алдыңда тұрар дайын.

Өсиетін бабаның сол кезде де

Қастерлеңдер, сақтаңдар тұмардайын.

 

Таңданта алмас сендерді сан әншілік,

Пугачева модадан қалар шығып.

Ол кезде де әніңнің тақырыбы

Болу керек адам мен адамшылық.

 

Жолықсаңдар тағдырдың ызғарына,

Тілектеспін ел салтын бұзбауыңа.

Абай атты армандай ұл өсіріп,

Ат қойыңдар Тоғжан деп қыздарыңа.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАЕВА

 Телефон

«Уақытша сөндірулі бұл нөмір»…

Уақытша қосылады. Бұл да өмір.

Бірде сөніп, бірде қайта жалғанар,

Телефондай өтіп жатыр күллі өмір.

 

Түсінемін «Уақытша» тосамын,

Уақытша, бүгінгі күн қосағың…

Үкімет те уақытша сияқты,

Уақытша жиып алған жасағын.

 

Мына біреу – кісің шығар ұятты,

Түрлі әуенмен телефоны жылап тұр.

Әр қалтасы әртүрлі әуен ойнайтын,

Оркестрдің дирижеры сияқты.

 

Бұл ақылды телефонның күйі – осы,

Қажетсізден айырады жүйесін.

«Зонада жоқ!» дейді дауыс ар жақтан,

«Бұл өмірде жоқ!» дегендей иесін.

 

Жұрттың бәрі соған қалған тіреліп,

Қойшының да қалтасына жүр еніп…

Оқыс үннен үркіп қалған қойларға,

«Маған ғой!» – деп, мақтаныпты шіреніп…

 

Жүрсе дағы жайлауларды мекендеп,

Жаңалықтан құр қалмаған екен көп.

Қайран бабам – соткасы жоқ, соты жоқ,

Бұрын калай өмір сүрді екен, деп –

Ойланамын…

 

Қарама-қайшылық

 

Әлем мұңға қамалып,

Маңың күнде жаңалық.

Түсте қайғы бөлісіп,

Жаназадан тарадық.

Бетті жуып үлгермей,

Кешке тойға жарадық.

 

Бір күнде сан жаңалық,

(Болған соң ба, қалалық)

Күндегі – күн – біреуге –

Ақтық сапар саналып…

Түсте ойға қамалып,

Кешке тойдан тарадық.

 

Суға салған өкпедей,

Қалықтайды қалың мұң.

Көздің жасы кетпеген –

Қылбұрауы жаныңның…

Жаннан безіп, ілезде,

Қайырмасын айтасың,

Тойда салар әніңнің!

 

Жан шақырып, көсіліп.

Төсегіңе жатқанда.

Бір күнгі әсер есіріп,

Көз ілдірмес ақ таңға…

 

Бір ісініп, бір семіп,

Сан ойлардан тозасың.

Амалсыздан күрсініп,

Дәріге қол созасың…

 

Қайғы менен қуаныш,

Жылау менен жұбаныш.

Екеуінің арасы –

Емес екен тым алыс…

 

ххх

Қақпадан енген бойда – жүзім бауы,

Сондай-ақ, қызыл ара ызыңдауы…

Алдыңнан қайда барсаң шыға келер

Тепе-теңдік заңының бұзылмауы.

 

Тамыздың кенезесі кепкен шағы,

Жүзімнің бал-шырынын төккен шағы.

Жап-жасыл алақанын ұсынады,

Жасырып жапыраққа көк моншағын.

 

Жүзімдік сөрелермен өрмелеген,

Құрметін паш етеді жерге деген.

Төбеңнен құйылып тұр тәтті жеміс,

Секілді сағағынан өрген өлең.

 

Өтпеді бір басыңнан нелер ұдай,

Па, шіркін, табиғаттың шеберін-ай.

Бергенін сұлу күздің төкпей-шашпай,

Жинайтын бір бағбанның керегін-ай…

 

Патшаның аман қалып тырнағынан,

Тәспісін жаңылтпаған ырғағынан.

Жырлаған сен жүзімнің, Омар-һаям,

Өлең сауып отырмын жұрнағынан.

 

Жай-амандық…

 

Алыс-жақын, тіптен таныс былайғы,

Телефонмен жағдайыңды сұрайды.

Мерекеде… Құдайдың жәй күнінде,

Хал-жайыңды сұрағаны ұнайды.

 

– Жағдай жақсы. Жақсы, жақсы, қарағым,

Қайдан іздеп, бұдан жақсы табамын.

Иттің артқы сирағындай болмасқа,

Бағып жүрмін жұрттың қас пен қабағын.

 

Иә, иә, аман бәрі, амандық,

Әл-әзірге танытпайды жамандық.

Алу десе алдына жан салмайтын,

Ағайынға – мен тапсырма «қоғамдық»!

 

Балалар ма, балалар да шүкірлік,

Бір-бір оқу орындарын бітірдік.

Кәдеге аспай, алған қатпа қағазы

Деп белгі емес, үміттері – үтірлік!

 

Ауыл-аймақ, көрші-қолаң, о да аман,

Шебер Алла бір есікке қамаған.

Купедегі сөрелерге жайғасқан,

Секілдіміз бір-бір қара шамадан.

 

Иә, иә, таусылды ма сұрағың,

Телефонның ығыр етіп құлағын.

Ұятты қып, тың жаңалық таптырмай,

Ағызады өмір атты бір ағын…

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*