Басты бет » Басты жаңалықтар » Бірден екі жаңа көпір ашылды

Бірден екі жаңа көпір ашылды

Ақтөбе қаласында өткен сенбі күні екі жаңа көпір ашылып, үстімен көліктер жүре бастады. Оның бірі өзінің салыну ерекшелігімен бірегей құрылыс болса, екіншісі қаламыздың визиттік карточкасына айналмақ.

Ерекше  құрылыс

Қаланың көлік қозғалысы үшін аса маңызды нысандардың ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, қала әкімі Ілияс Испанов, мердігер мекеменің өкілдері, көпір құрылысшылары қатысты.

Қаланың «Керуен сити» ойын-сауық, сауда орталығы аумағында Сазды өзенінің үстінен сметалық құны 348 миллион теңге құрайтын көпір салынды. Оның құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталды. Аяқталуы алдағы жылға жоспарланған болатын. Дегенмен, қаланың жол қозғалысы жағдайын жақсарту үшін көпір құрылысы тез арада пайдалануға берілді. Көпірдің ұзындығы — 42 метр ені — 22 метр. Құрылым 44 бетон қадамен нығайтылды. Және бұл көпірдің барлық металл қондырғылары жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында Ақтөбе металл құрылымдар зауытында жасалды.

— Жұмыстың ыждағатты ұйымдастырылып, 70-тен астам көпір құрылысшының қатысуы, 35 бірлік техниканың пайдаланылуы арқасында құрылыс мерізімінен  бұрын аяқталды. Салынуы жағынан бұл көпір біздің аймақтағы бірегей құрылыс.  Тастамаларына беріктігі ерекше болат — темірлер пайдаланылған, — дейді мердігер мекеме «TransMoctGroup»  ЖШС-ның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Айнагүл Орынғалиева.

Жаңа көпірден алғашқы автокөлік өткізу салтанатында құрылысшылар мен қонақтар алдында «TransMoctGroup»  ЖШС басшысы Төлеген Таңатаров сөйлеп, құрылысты салу барысында қолдау көрсеткені үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Құрылысқа қатысқан мекемелердің қызметкерлерінің адал еңбегін атап өтті.

Алғашқылардың қатарында көпір үстімен көпір құрылысын жүргізген мекеменің автокеруен техникалары мен мердігерлік мекеме қызметкерлері отырған автобустар өтті. Оларды бастап өту құрметі облыс әкімінің көлігіне берілді.

Қаладан шығар жердегі көпір өткелі

Бұдан басқа, осы күні  көптен күткен ферроқорытпа зауытының аумағында Ақтөбеден шығуға арналған жаңа көпір өткелінің ашылу салтанаты өтті. Үстіміздегі жылдың маусым айында басталған бұл жобаның құны 2,1 миллиард теңгені құрайды.

Бұл құрылыс  та алдағы жылы пайдалануға беруге тиіс болатын. Алайда өткелдің құрылысын тездету туралы шешім қабылданып, жұмыс ыждағатталып, жұмысшылар екі ауысымда жұмыс істеді. Соның арқасында құрылыс уақытынан бұрын пайдалануға берілді.

Бұл жерде қаладағы көлік қозғалысын азайту және тұрғындар жағдайының ыңғайлылығы үшін көпірдің мерзімінен бұрын іске қосылғанын атап айта кету керек. Болмаса, жоба әлі аяқталған жоқ, асфальттің екінші қабаты төселіп, абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жалғасады.

— Мемлекет басшысының қолдауының арқасында біз осындай ірі жол жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болдық. Мұндай көпір салу оңай іс емес. Үш жылды қажет ететін жобаны халықтың тілегін ескере отырып, біз тек бір жарым жыл ішінде аяқтадық. Сонымен қатар жол екі жарым айға ғана жабылды. Бүгін біз көлік қозғалысы үшін жолды аштық, әлі де іргелес аумақты көгалдандыру және абаттандыру бойынша жұмыстар жалғастырылады. Ақтөбе қаласының барлық тұрғындарын осы іс-шарамен құттықтап, жол құрылысын салушыларға өздеріне берілген тапсырманы қысқа мерзімде орындағандары үшін үлкен алғысымды білдіремін, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ферроқорытпа  зауыты аумағындағы Ақтөбе қаласынын шығар жаңа жол өткелінің ұзындығы 66,85 метрді құрайды. Бұл қаланы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен, сондай-ақ Ақтөбе-Мәртөк автожолында автокөлік құралдарына арналған теміржол жолдарының кедергісіз және қауіпсіз қиылысуын қамтамасыз етті. Бұрын осы аумақта үнемі автокөліктер кептелісі болатын.

 Санат РАШ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*