Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеде кәсіпқой боксшылар күш сынасты

Ақтөбеде кәсіпқой боксшылар күш сынасты

Боксшылар WBC және NBA нұсқалары бойынша чемпиондық атақ үшін өзара күш сынасты. Бұл күні екі ақтөбелік жігіт кәсіпқой бокс бойынша тұңғыш рет рингке шықты.

Шараны ҚР кәсіпқой бокс федерациясымен облыс әкімдігінің қолдауымен «Tukeshov boxing promotions» компаниясы өткізді. Оны тамашалауға спортсүйер қауымнан бөлек, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов келді. Сондай-ақ, көрермендердің  қатарында Әділбек Ниязымбетов, Қанат Ислам, Галиб Джафаров, Жанат Жақиянов сынды белгілі былғары қолғап шеберлері болды.

Жекпе-жектің өзіне келсек, рингке Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Белорусь, Әзірбайжан, Филиппин, Тәжікстан елдерінен келген 22 кәсіпқой боксшы шықты. Негізінен боксшылар арасындағы тартыс 4-6 раундқа созылды. Бұл күнде нокауттың да көп болғанын айта кету керек. Соның ішінде кәсіпқой рингке алғаш шыққан ақтөбеліктер — Дастан Сәдуұлы мен Медет Айдос ерекшелене білді.

Жекпе-жектің көркі 76,2 келі салмақ бойынша өнер көрсеткен боксшылар арасында қызды. Алматылық Айдос Ербосынұлы WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионы атағына жұдырықтасты. Оның қарсыласы — белорус Александр Сущиц. Он раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің шешімімен қазақ боксшысы жеңіске жетті.

Ал кештің негізгі тартысы  WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионы және NBA нұсқасы бойынша Inter-Continental чемпионы атағына тігілді. 66,7 келі салмақ бойынша кездесу де тез аяқталды. Түркістандық Бобыржан Момынов грузиндік Анзор Гамгебелиден басым түсіп, чемпион атанды.

Абат ҚАРАТАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*