Басты бет » Жаңалықтар » Отан отбасынан басталады!..

Отан отбасынан басталады!..

Кеше Неке сарайының ұлттық залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы өнегелі отбасылармен кездесті. Отбасы күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға облыстың түкпір-түкпірінен келген 11 шаңырақ қатысты.

Отан отбасынан басталады. Отбасы — мемлекеттің мызғымас берік болуының негізі. Құттықтауын осындай сөздермен бастаған облыс әкімі елімізде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қолдауымен отбасы институтының нығаюына, мәртебесінің биік болуына бағытталған іргелі істердің жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.

— Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Осы сөз бекерге айтылмаған.  Ұлттық құндылықтарды сақтау, балаға жақсы тәрбие беру қашанда отбасынан бастау алады. Отбасы институтын дамыту мақсатында елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылады. Биыл байқаудың облыстық кезеңінде Айтбавтар отбасы жеңімпаз атанды, республикалық байқауда да Айтбаевтар отбасы ерекше аталды. Қазаққа Димаштай ұл сыйлаған отбасы кім-кімге де үлгі боларлықтай, — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі сондай-ақ Ақтөбедегі «Бақытты бала» жылы туралы да сөз қозғады. Биыл осы атаулы жыл аясында іске асырылған шаралардың алдағы жылы да тоқтап қалмай, жалғасатынын тілге тиек етті.

— Біздің қоғамда жетім бала болмауы тиіс. Жетімдер үйі де болмауы керек. Осы бағытта патронаттық отбасыларды көбейту қажет. Осыдан он шақты жыл бұрын Алға балалар үйінде 400-дей бала болса, бүгінде 13 бала тәрбиеленіп жатыр. Балалар жетімдер үйінің емес, толыққанды отбасы тәрбиесін көруі тиіс. Осы бағытта Ақтөбеде «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды, —  деді Б.Сапарбаев. Бұл жерде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қыз-жігіттер баспаналы болғанша тұрады. Оған қоса бұл балалардың барлығы демеушілерге бекітіліп қойылған, қамқор апа-ағалары жетім балаларға пәтер алуы үшін қолдау көрсететін болады.

— Темір ауданында тұратын осындай бір баланы біздің отбасымыз өз қамқорлығына алған болатын. Өзі өнерлі бала екен. Жақында ол Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға түсіп, бізді қуантты. Осы бағытта тек өз балаларымызды ғана емес, өзге де балаларды қолдауға, қамқорлық жасауға ықпал етіп отырған, осындай тамаша үлгіні көрсеткен сізге алғыс білдіреміз, — деді Светлана Айтбаева.

Кездесуге келгендер арасында жетім балаларды қамқорлығына алған патронат отбасылар бар. Мәселен, Алға ауданынан келген Мағауия-Нұржамал Айтекеновтер өзінің алты баласына қоса Алға балалар үйінен екі баланы бауырына басқан. Ал Құрбанбай-Светлана Мусиндер қамқоры жоқ 12 балаға ата-ана болып отыр.

— 20-21 қыркүйекте облыста Аналар слеті өткізіледі. Ондағы мақсат — бүгінгі кездесуге келіп отырған сіздердей өнегелі отбасылардың, шаңырақтың шаттығы Аналарымыздың қоғам алдындағы мәртебесін көтеру, жұртқа үлгі ету, — деді Б.Сапарбаев.

Шараға қатысушылар Ақтөбеде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, облыс әкіміне алғысын білдірді. Кездесу соңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы республикалық кезеңінің дипломанты атағына ие болған Айтбаевтар отбасына және 10 үлгілі шаңыраққа гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кету керек, шараны облыстық ішкі саясат басқармасының қаржылай қолдауымен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және «Ақтөбе қаласындағы әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*