Басты бет » Жаңалықтар » «7-20-25» бағдарламасы бойынша 88 өтініш қабылданды

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 88 өтініш қабылданды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қатысты жиын өтті. Басқосуға «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков, Ақтөбе қаласындағы екінші деңгейлі банк филиалдары мен құрылыс компанияларының, облыстық басқармалар және департаменттердің басшылары қатысты.

Жиында облыс басшысы аталған бағдарлама Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынғанын атап өтті.

— Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының біріншісі — тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету. Осы мақсатта бүгін «Баспана» ипотекалық ұйымының төрағасы Қайрат Алтынбековпен арнайы меморандумға қол қойдық. Бұл бағытта 2 миллиард теңгеге  жуық қосымша қаржы бөлінеді. Соның есебіне 800 мың шаршы метрден астам тұрғын үйлер салынбақ. Бұл баспаналар мемлекеттік қызметкерлерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 29-жасқа дейінгі азаматтарға, жағдайы төмен отбасыларға беріледі.

Жалпы «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының өңірде қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардарсыздар. Қазіргі таңда осы бағдарлама арқылы үй алуға құны 1 165 млн теңге тұратын 137 өтініш келіп түсті. Оның 88-і қабылданып, қазір 41-не пәтер берілді.

Ең негізгісі — осы бағдарламаны халыққа өздері жұмыс істейтін мекемелер мен кәсіпорындары арқылы түсіндіріп, жеткізуіміз керек, — деді облыс әкімі.

Аталған бағдарлама Елбасының тапсырмасына сәйкес,  биыл 4 шілдеден басталды. Қазіргі таңда ақтөбеліктер 4 банк арқылы несие ала алады.

Жиында «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков несие алу жолдарын түсіндіріп өтті.

— Несие өсімінің мөлшерлемесі ешқандай комисиясыз жылына 7 пайызды құрайды. Бастапқы жарна — 20 пайызбен, 25 жылға дейін беріледі. Ақтөбе өңірінде тұрғын үйдің максималды құны — 15 миллион теңге. Бұл бағдарламаға әрбір қазақстандық қатыса алады. Ең бастысы, сатып алушының басында жеке үйі және ипотекалық несиесі болмауы шарт. Сондай-ақ тұрақты табысы болуы керек.  

Мәселен, 10 миллион теңгелік несиені алатын болсаңыз, алғашқы жарнасы — 20 пайыз, яғни 2 милиион теңгені құрайды. 8 миллион теңгені 25 жылға шаққанда, ай сайынғы төлемі — 56 мыңға жуық теңге.  

Ақтөбеде «Нұр Отан» партиясының бастауымен бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған «Қамқор баспана» және жас отбасыларға арналған «Жас арман» жобалары қолға алынбақ. Бұл бағытта аталған 20 пайыздың 10 пайызы облыстық бюджеттен ұзақ мерзімге, көмек ретінде беріледі, — деді.

Жиынға қатысушылар тарапынан «Баспана Хит» жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысты сауалдар қойылды. Бұл сауалға жауап берген Қ.Алтынбеков:

— Өздеріңіз білетіндей, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы, яғни жаңа баспананы сатып алуға болады. «Баспана» компаниясы осы ретте  «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелеуге бағытталған «Баспана хит»  бағдарламасын жүзеге асыруда. Несие мерзімі — 15 жылға дейін, пайыздық мөлшерлемесі 10,75 пайызды құрайды. Бастапқы жарна баспана бағасының 20 пайызынан басталады, — деді.

Жиын соңында Бердібек Машбекұлы «7-20-25» бағдарламасының тиімді тұстарын халыққа қарапайым тілмен жеткізуді тапсырды. «Ең кемінде жылына 200-300 мың шаршы метр тұрғын үй осы бағдарлама арқылы салынуы керек, — деп қорытындылады өз сөзін облыс әкімі.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*