Басты бет » Жаңалықтар » Бастама және белсенділік

Бастама және белсенділік

Үкіметтік емес ұйымдар

Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда азаматтық сектор мүшелерінің жыл басынан бергі істеген жұмыстары нақтыланып, алдағы жоспарлар пысықталды, сондай-ақ облыстағы мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынасы талқыланды. Кеңес отырысына оның мүшелері, ҮЕҰ өкілдері, мемлекеттік органдар басшылары, саяси партиялар өкілдері мен қоғам белсенділері шақырылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, бүгінде мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдар арасында тығыз байланыс бар. Облыстағы 10 басқарма үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейді.

Аталған басқарма басшысының орынбасары Айбек Көпенов берген дерек бойынша, бүгінде облыстық әділет департаментінде 610 коммерциялық емес ұйым тіркелген, оның 336-сы — қоғамдық бірлестік, 208-і — қоғамдық қор, 30-ы — заңды тұлғалар бірлестігі және 36-сы — жекеменшік мекемелер.

— Алайда, бұлардың тек 413-і ғана жұмыс істейді, 60-ы жұмыс істемей тұр, 90-ы өз жұмысын тоқтатқан. Жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай қолдау көрсету мақсатында қазынадан мемлекеттік тапсырыс аясында қаражат бөлінеді. Былтыр бұл бағытта 361 миллион теңгенің 113 жобасы жүзеге асырылды, биыл бөлінген 481 миллион теңгеге 103 жоба жүзеге асырылып жатыр.  Яғни қаржыландыру көлемі артып отыр. Биыл ауылдық жердегі бастамашы азаматтарға, қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсетуге барынша маңыз беріліп отыр. Осы бағытта семинарлар өткізілді. Қазір ауылдық жердегі бастамашы азаматтардың белсенділігінің артуы байқалады, — деді ол.

А.Көпеновтің айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар заңға сәйкес 14 бағытта жүргізіледі. Бұған қоса жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде де түрлі жобалар жүзеге асырылады. Басқарма өкілі аталған саладағы мәселелер туралы да сөз қозғады.

— Үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай мәліметтер дерекқорына ақпарат беру белсенділігі өте төмен. Бұл бағытта республика бойынша соңғы орындамыз. Сондықтан облыстық ішкі саясат басқармасы облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығымен бірлесіп, есеп беру мәдениетін қалыптастыру бағытында ақпараттық жұмыс жүргізу керек. Екіншіден, азаматтық емес сектор өкілдері тек әлеуметтік жобалармен ғана шектелмеуі тиіс, қазір республикалық деңгейде көптеген гранттар бөлетін жобалар бар, соған қатысу керек. Республикалық деңгейге шығу өте маңызды. Қазір республикалық жобалардың денін Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырып отыр. Біз де бәсекелестікті арттыруымыз керек. Үшіншіден, қатып қалған дөңгелек үстелдер, жиналыстар жасау ғана емес, жаңа, тың идеялар керек, — деді ол.

«Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Айгүл Дүйсенова да осы саладағы күрделі мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бірлестік барлық азаматтық сектор өкілдерінің басын қосатын дербес ғимаратқа зәру. Бұл мәселе он жылдан бері көтеріліп келе жатқанымен бүгінге дейін еш шешімін таппаған.

Биыл қараша айында республикалық азаматтық форум өтеді. Оған дейін облыстық форум ұйымдастырылмақ. Ішкі саясат басқармасы басшылығы үкіметтік емес ұйымдардан осы маңызды шараға дейін барлық ұсыныс-тілектерін, идеяларын топтап, ұсыну қажеттігін айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*