Басты бет » Жаңалықтар » Биыл 404 шақырым жол жөнделеді

Биыл 404 шақырым жол жөнделеді

Мәслихат

Сәрсенбі күні облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

№4 Мясоедов сайлау округінің депутаты Марат Итеғұловтың төрағалық етуімен өткен жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары мен облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған мәселе — өңірдегі көлік инфрақұрылымының дамуы туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев баяндады.

— Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылға дейін автомобиль жолдарының 90 пайыз үлесін жақсы деңгейге көтеру үшін жыл сайын жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Өткен жылы 16,9 миллиард теңгеге ұзындығы 302 шақырым болатын жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 404 шақырым, ал келер жылы 452 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілмек, — деді А.Османғалиев өз сөзінде.

Бүгінде «Ақтөбе-Орск» автомобиль жолының 8 шақырым учаскесіне, Ақтөбе қаласынан шығар жолда ферроқорыту зауыты ауданындағы жол өткеліне, «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» жолдары және басқа да учаскелерге күрделі, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ жиында инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Аманов баяндама жасады.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама аясында облыста 3 жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 761,4 миллион теңге бөлінген. Бұл жобалар Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласы мен Жағабұлақ ауылында және Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылында жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар комиссия отырысында, Ақтөбе қаласындағы сыртқы көрнекі жарнамалар үшін ай сайынғы төлемақы мөлшерлемелерін арттыру мәселелері қаралды.

Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*