Басты бет » Жаңалықтар » Мемлекеттік бағдарлама және жастар

Мемлекеттік бағдарлама және жастар

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында жастарға «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстарды таныстыру мақсатында кездесу өтті.

Жиынға оқу орындарының студенттері, түрлі салада еңбек етіп жүрген жастар — 18-22 жас аралығындағы 100-ден астам адам келді. Кездесу еркін форматта ұйымдастырылды.

— Жастар халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен олардың аясында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде көп біле бермейді. Осыған байланысты біз жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуді көздеп отырмыз. Бұл — бір ғана жиынмен шектелмейді, жалғаса беретін жоба, — деді «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркітәлин.

Кездесуде сөз алған облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Алмас Салықбаев аталмыш мемлекеттік бағдарламаның үш бағытта жүзеге асырылып жатқанын айтты. Біріншісі — ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамту; екіншісі  — экономиканың басым салаларына цифрлық технологияларды енгізу және үшінші, маңызды бағыт — халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Алмас Салықбаев осы бағыттарда жасалып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндай келіп, жастарды заманауи технологияларды меңгеруде белсендірек болуға және бағдарламаны жүзеге асыру барысында ұсынылатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.

Жиында, сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері сөз алып, жастардың сауалдарына жауап берді.

Алдағы уақытта жастармен мұндай кездесулер басқа да мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, насихаттау мақсатында да өткізілмек.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*