Басты бет » Басты жаңалықтар » Жалпылама цифрландыру жалғасып жатыр

Жалпылама цифрландыру жалғасып жатыр

Ақтөбеде цифрландыру күні өтті. Облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастыруымен Өнер орталығында өткен шараға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген өкілдер мен ІТ-компания басшылары қатысып, өз жобаларын ұсынды.

Шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, өңірде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды айта келе, келген қонақтарға алғысын білдірді.

Шараның бірінші жартысында Қазақстанның батыс өңірі білім, денсаулық сақтау, көлік-коммуникация және қауіпсіздік саласын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысы талқыланып, түстен кейін дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Ақтөбе өңірінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасындағы бағыттар бойынша тұжырымдама әзірленіп, жұмыстар атқарылып жатқандығы белгілі. Бұдан өзге облыс аумағында ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, мәдениет, архитектура саласы да цифрландырылу жүйесімен қамтылып жатыр.

АҚТӨБЕДЕ SMART МЕКТЕПТЕР ПАЙДА БОЛАДЫ

Жиын барысында Ақтөбе облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы айтып өткендей бүгінгі таңда облыста 57 мектепке дейінгі ұйымда балаларды электронды түрде қабылдау жүйесі енгізілсе, облыс мектептерінің 91,7 пайызында электронды күнделік пен журнал жұмыс жасап тұр.

Өңірде «Электронды колледж» пилоттық жобасын енгізу жұмыстары да басталған. Дегенмен басқарма басшысы әзірге бұл жұмыстың бәсеңдеп тұрғанын жасырмады. Бар болғаны 2 пайызды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жақында ғана басталғанын айтқан ол, Ақтөбедегі барлық 44 колледждің цифрландырылатынын атап өтті.

Ақтөбеде Smart мектеп пилоттық жобасы дайындалуда. Аталған жоба қала мектептеріне енгізілсе, ата-аналарға балаларының барлық қадамдарын қадағалап отыруларына мүмкіндік туады. Сонымен қатар олар, оқушылардың мектептен тыс жұмыстарын да бақылап отыра алады, — деді Smart мектептердің артықшылығын айтқан басқарма басшысы.

Және ол жобалар таныстырылымы барысында облыс мектептеріндегі электронды жүйені барынша дамытып, балаларға арнайы бірыңғай оқушы картасын беруді жоспарлап отырғандарын айтты.

Бұл өте тиімді әдіс. Сол карта арқылы балалар қоғамдық көліктерде жолақысын төлеп, асханада есептесетін болады. Және мектепке кіруі де, кітапхана қызметін пайдаланулары да сол арқылы жүргізіледі, — дейді Ермек Кенжеханұлы.

Сондай-ақ ол мектептен тыс үйірмелердің бірыңғай жүйесі де енгізілетіндігін хабарлады.

Рентген қорытындысы электронды түрде жасалады

Бүгінде денсаулық саласы бойынша облыс емханаларының 91,3 пайызы цифрландырылған. Жыл аяғына дейін қалған 4 медициналық мекеме де толықтай жаңа жүйеге көшірілетін болады.

— Бұл саладағы басты мақсат — бірнеше жобаны бір жүйеге тоғыстырып, бір желіде ақпарат жеткізу. Денсаулық саласын цифрландыру емханаларда кезек күтуді азайтып, адамдардың құжат тасуын жояды. Сонымен қатар келушілер үшін арнайы күту залын жасақтауға мүмкіндік тудырады. Тағы бір айта кететін жайт, бұл ретте рентген қорытындысы да электронды түрде жасақталып, олардың суреттері сақталатын арнайы бірыңғай база құрылады, — деді ол.

Бүгінгі таңда облыста денсаулық сақтау саласындағы 121 медициналық форманың 38-і электронды түрде жүзеге асырылып жатыр.

Онлайн касса және электронды төлем жүйесі

Өңірде көлік және коммуникация саласын цифрландыру бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қаладағы 350 автобуста GPS-трекерлер орнатылып, «AktobeBUS» мобильді қосымшасы іске қосылған. Аталған қосымшаны кез келген қоғамдық көлікпен жүретін қала тұрғыны Play marketнемес Аpp Store қосымшалары арқылы жүктеп алып, автобус бағыттары мен қозғалыстарын бақылап отыра алады.

Қазіргі таңда қаладағы барлық қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізіліп, қолма-қол төлем жасау жүйесін жою қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда аталған жүйе бойынша Алматы, Астана қалаларындағы қоғамдық көліктер жұмыс жасауда. Қазір олардың жобаларын бақылап, өңір бойынша өзіміз жоба әзірледік, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол Ақтөбеде алдағы уақытта ауданаралық, қалааралық және халықаралық қатынасты цифрландыру жоспарланып отырғанын айтты.  Бұл ретте жолаушылар автобус бағыттары бойынша кесте мен орындарды мобильді қосымша арқылы біліп отырады. Ал автовокзалдардағы онлайн кассаның маңыздылығына тоқталған Ермек Кенжеханұлы Ақтөбеде көп ұзамай аталған жүйені енгізу жоспарда барын айтты.

 Өзге салалардағы «Цифрлы Қазақстан»

Жиын барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылып жатқан цифрландыру жұмысы да таныстырылды. Қалада «Қазпошта» АҚ базасында «Бірыңғай төлем құжаты» жүйесі іске қосылған. Бүгінгі таңда бірыңғай төлем құжаты бойынша жоспарланған 39 мекеменің 32-сі қосылған. Оның ішінде коммуналдық төлемдер мен КСК-лар да бар. Ал «Е-Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 9 үйдің коммуналдық желісі толықтай автоматтандырылған.

Сондай-ақ бұл күні  «Қауіпсіз қала» бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы да белгілі болды. Басқарма басшысы айтып өткендей, жұмыстар облыстық ішкі істер департаментімен бірлесе атқарылып жатыр. Бүгінде 130 бейнекамера сатып алынған. ІІД Жедел басқару орталығында 218 бейнебақылау жүйесі бар.

Ал «Цифрлық әкімдік» бағыты бойынша Ақтөбе қаласы әкімдігінің порталы жұмысына өзгерістер енгізілген. Барлық мемлекеттік қызметтер автоматтандырылған жүйеге қосылып, геопортал әзірленген.

Таныстырылым барысында басқарма басшысы бұдан өзге облыс аумағында ауыл шаруашылығы, мәдениет, жер қатынастары мен архитектура саласында цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Р.S: Бұл  аталған шаралар еліміздің елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуіне, сондай-ақ  халықтың өмір сүру сапасын арттыруға өз септігін тигізбек. Цифрландыру күні, міне, осы шаралардың әлі де жетілдіріліп, қолға алынған жобалардың лайықты жүзеге асуына барынша күш салынатыны айтылып, жоспарлар тағы бір пысықталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*