Басты бет » Жаңалықтар » Кешендер мен кесенелерді қорғау — басты мәселе

Кешендер мен кесенелерді қорғау — басты мәселе

Мәслихат

№22 Мәртөк  сайлау округінен сайланған депутат Аманкелді Есіркеповтің төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалардың, департаменттердің басшылары қатысты.

Комиссия отырысында «Мәдени мұра» ұлттық жобасы шеңберінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» кіші бағдарламасын жүзеге асырудың барысы талқыланды. Бұл бағытта қолға алынған жұмыстар турасында баяндаған облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали облыстағы мәдени мұраларды «Қазақстанның қасиетті географиясы» жобасына енгізу мақсатында жұмыс тобы құрылғанын және топ мүшелерінің атқарған жұмыстарына тоқталды.

Қазіргі күні Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 10 киелі жер енгізілді. Олар — Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Исатай батыр кесенесі, Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымы, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Темір ауданындағы Досжан ишан мешіті, Шалқар ауданындағы Есет-Дәрібай кесенесі, Алға ауданындағы Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешені, Хромтау ауданындағы Ойсылқара қорымы және Ырғыздағы Жаманшың метеорит кратері. Ал жергілікті маңызы бар киелі жерлердің тізіміне облыс бойынша 34 кешен енген. Олардың қатарында қала құрылысы және архитектуралық ескерткіштер ретінде тарихи тұлғалар жерленген орындар — Көтібар батыр, Бақтыбай батыр, Ботакөз батыр, Жәлімбет, Қазанғап қорымдары және кесенелері, Дүйсенбі ахун, Шәкен ишан, Нұрпейіс хазірет мешіттері,  табиғи мұра ескерткіштері және өзге де кешендер енгізіліпті.

— Былтыр «Қобыланды батыр» мемориалды кешеніне облыстық бюджеттен  45 миллион 490 мың теңге бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.  Сметалық құжат бойынша, кесененің сырты және 29 меңгір, қайрақтас гранитпен қапталды. Кесене іші соңғы үлгідегі сұр түсті бояумен боялды. Музейдің төбесі жаңа қаңылтырмен жабылды. Сол сияқты, Абат-Байтақ кесенесі және шырақшы үйі территориясын  қоршау  жұмыстарына  40 миллион теңге бөлінді, — деді М.Дүйсенғали.

Биыл Байғанин, Шалқар аудандарының тарихи-мәдени және табиғи мұраларының «Ескерткіштер жинағын» құрастыру мақсатында барлау, зерттеу жұмыстарына, облыс аудандары аумағында бірлескен археологиялық және этномәдени жұмыстар сынды өзге де жұмыстарды жүргізу үшін 9,5 миллион теңге қарастырылған.

М.Дүйсенғали өз сөзінде қазіргі таңда кезек күттірмейтін мәселелердің бірі ретінде  Абат-Байтақ қорымындағы Қыз әулие кесенесіне консервация жасап, Керуен сарай тарихи архитектуралық кешенін қайта жаңғырту қажет екенін айтты. Байғанин ауданындағы Құдабай мен Әйтеке би ауданындағы Бопайдың нақты жерленген жерлеріне кешенді түрде ғылыми-зерттеуді іске асыру жұмысы да — өзекті мәселелердің бірі.

Тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында «Ақтөбе қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атаулар беру және қайта атау туралы» мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы  Гүлайым Төлебаева хабарлама жасады. Оның айтуынша, ономастикалық саланы біріздендіру мақсатында қоғамда наразылық тудырмайтын тарихи, дәстүрлі атауларды беру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп, ұсыныстар жасалды. Болашақ ұрпақтың жадында Доспамбет, Тәттімбет, Шалкиіз жыраулар, сондай-ақ  Шара Жиенқұлова, Роза Жаманова, Едіге батыр, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов секілді тарихи тұлғалардың есімдерінің сақталуы аса маңызды.

Аталған мәселені талқылау барысында депутаттар сауал жолдап, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты. Қорытындысында комиссия қаулы қабылдап, аталған мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізді.     

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*