Басты бет » Редакция қонағы » Гүлназ Әлімгерейдің медиа мектебі ашылады

Гүлназ Әлімгерейдің медиа мектебі ашылады

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-да қонақта болған елімізге белгілі журналистер Нұрділдә Ораз бен Гүлназ Әлімгерей облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің ұжымымен кездесті.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Р.Отыншин медиахолдингте атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айта келіп, биыл облыстағы ең алғашқы газет — «Актюбинский вестник» басылымының ғасырлық тойы және алдағы жылы «Ақтөбе» газетіне 95 жыл толатын тұста қолға алған іргелі істерді тілге тиек етті.

— Жүз жылдан бері әрлі-берлі көшіп жүрген облыстық газеттер облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен таяуда өзінің дербес ғимаратына ие болғалы отыр. Екі газетпен бірге серіктестік құрамындағы басқа да ақпарат құралдарының басын қосатын жаңадан ашылатын «Баспасөз үйі» облыстағы БАҚ орталығына айналады деген үміттеміз. «Ауыл болсаң, қауым бол» деген сөз бар, әркім өз қазанында қайнағанша, бір-бірімізбен тығыз қарым-қатынас жасаудың тиімділігі зор, — деді ЖШС директоры Р.Отыншин.

Редакция қонақтары Нұрділдә Ораз бен Гүлназ Әлімгерейді журналистік орта жақсы таниды. Екеуі де республикалық телеарналарда бағдарламалар жүргізді, жаңалықтар «тізгіндеді». Кейін Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігінде, бас прокуратурада абыройлы қызмет атқарды. Он жылдай мемлекеттік қызметте тәжірибе жинақтап, бүгінде журналистік ортаға, соның ішінде басшылық қызметке қайта оралғанын айтады. Ал оның зайыбы Гүлназ Әлімгерей белгілі тележурналист, «Қазақстан» телеарнасында жаңалықтар қызметінің редактор-тележүргізушісі , мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. Көрермен Гүлназдың «Қазақстан аруы» байқауында бас жүлдеге ие болып, «Әлем аруы» халықаралық байқауында ел намысын қорғағанын жақсы білеміз. Нұрділдә мен Гүлназ мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы арқылы мұхит асып, АҚШ-та білімін жетілдіріп келді. Қазір екеуі де елге оралып, өз саласында қызмет етіп жатыр.

— Астанада Гүлназ Әлімгерейдің мектеп-студиясын ашқан едік, АҚШ-қа оқуға кеткен кезде оның жұмысы біраз тоқтап қалды. Елге келгесін соны қайтадан қолға алып жатырмыз. Ақтөбеде «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің «Баспасөз үйі» жанынан Гүлназ Әлімгерейдің медиа мектебін ашу туралы ұсынысқа қуана келісеміз. Қолдан келгенше көмек көрсетуге, білгенімізді жастарға үйретуге тырысамыз. Бірігіп жұмыс істейтінімізге сенімдіміз, — дейді ерлі-зайыпты тележурналистер.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*