Басты бет » Ауыл » Ірі қара өсіру — іргелі шаруа

Ірі қара өсіру — іргелі шаруа

Мемлекеттік бағдарлама

Елек өзенінің бойында орналасқан «Есбол» шаруа қожалығында ірі қара өсіріледі. Әсіресе, бұл шаруашылықта сүтті, етті бағыттағы асылтұқымды мал санын көбейтуге басымдық берілген.  Аталған қожалықтағы мал саны жақын күндері  Ресейден әкелінетін асылтұқымды 100 ірі қарамен толықпақ. Шаруашылық иесі Мұхамметхан Қарсақов мемлекеттік бағдарламалардың кәсіпкерлікті дамытуға орасан зор серпін беретінін айтады.

Жеті сиырдан басталған кәсіп

Мәртөк ауданының Кеңсахара ауылына жақын маңда «Есбол» шаруа қожалығының шаруашылық базасы орналасқан. 2012 жылы құрылған қожалықтың иелігінде сол кезде бар болғаны 7 сиыр болса, қазір мұндағы ірі қараның саны 500-ден асады.  Кәсіпкер Мұхамметхан Қарсақов қай шаруаның да ебін таба біледі. Ол  сол үшін де мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысады. «Қазір өз ісін ашамын деген адамға мүмкіндік мол. Тек тәуекел ғана керек. Осыдан тура алты жыл бұрын шаруашылық құрғанымда, жеті сиыр бақтым. Әрине, елімізде кәсіпкерлікті қолдауға ерекше мән беріледі. Мал санын көбейтіп, асылдандыруға бағытталған түрлі бағдарламалар да жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларының кәсіпті ірілендіруде тиімділігі зор. Осы бағдарламалардың бірінен тысқары қалмай, тәуекелге бел будым, нәтижесін көріп отырсыздар», — деген кәсіпкерді біз шаруашылық базасында жолықтырдық.

Оған шаруашылық ісін жетілдіруде «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы да ықпал еткен. Кезінде осы бағдарлама арқылы 3 миллион теңгеге жеңілдетілген несие алып, ауданнан сатып алған 20 қашарды табынға қосады. Кейін бұл несие қаражатын ылдым-жылдым жауып, кейін банктен шағын несие бойынша алған қаражатын уақ мал алуға жұмсайды.

Ол өзі 2008 жылы Қарақалпақстаннан атамекенге оралып, осы Мәртөкке табан тірепті. Өз күшіне, біліміне сенген ол қолға алған ісін дөңгелентіп келеді. Әрине, жоғары білімді экономист болғандықтан шығар, кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгерсе керек, «шығынға батып, зиянға қалған жоқпыз» деп күлімсірейді.

Жұмыс жасасаң, қиындық болады. Сол қиындықтарды жеңудің жолын тапқан адамның ісі оңынан туады. Сондықтан, еңбектеніп, жұмыс жасау керек қой. Әкем Елтай бізді жастайымыздан еңбекке баулып өсірді. Кезінде ол кісі басқарма бастығынан бастап біршама лауазымды қызметтер атқарды. Әкемізден 11 ұлмыз. Алматы, Маңғыстау облыстарында тұрып жатқан бауырларым бар, — деген бес баланың әкесі бастапқыда бұл шаруашылықты  сүтті бағыттағы сиырларды көбейту мақсатында ашқанын, ал қазір мемлекеттік бағдарламаның ықпалымен кәсібін кеңейтіп, мұнда етті бағыттағы ірі қаралардың бағылатынын сөз етті.

Бүгінгі күні «Есбол» шаруа қожалығында 205 сауынды сиыр бар, ал етті бағыттағы бұқашықтардың саны 200-ге жетіп қалды. Бұдан басқа, 62 жылқы мен 67 асылтұқымды бұқа жайылымда жүр.

Ресей қаптары толы болады…

Қарамағымда 16 жұмысшы бар, бақташылар жеткілікті. Механизаторларға да тұрақты еңбекақы төлеймін. Шаруашылық иелігіндегі техникаларға мемлекеттік бағдарламаның көмегімен қол жеткіздім. Кезінде тракторларды жылдық үстемеақысы 14 пайыздық несиемен алған едім. Қазір сол несие қаражатын қайтарып жатырмын. Өздеріңіз білесіздер,  техниканы сайлап алмай, іске кірісу мүмкін емес. Сондықтан бұл техникаларға біз мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік, — деген Мұхамметхан Қарсақов шаруашылықта биылғы мал азығы жеткілікті көлемде дайындалғанын айтады.

Қазір шаруашылықта 3 мыңға тарта рулон шөп үйілген. Ұнтатылған жемді негізінен Ресейден сатып алады. «Ресейде ұнтатылған жем бізден гөрі арзанға бағаланады. Оның үстіне, ол жақта салмағы дұрыс өлшеніп, қаптар да толық болады. Ол жақта 1 қап ұнтатылған жем 850 теңгеге бағаланады. Арпаның тоннасы 40 мың теңгеден сатылады. Қазір Ақтөбеде бір тонна арпа 45-47 мың теңгеден сатылып жатыр», — деген кәсіпкер республикалық маңызға ие тасжолдың бойында орналасқан шаруашылық үшін жайылымдық жердің жеткіліксіздігін алға тартты. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Енді жергілікті әкімдіктегілер жерді осы жылдың аяғына дейін беруді жоспарлапты. «Қарамағымызда 1100 гектар жеріміз бар. Шөпті өзіміз шабамыз. Бізге жайылымдық жер жетіспейді. Әзірге табын ауылдық округ аумағында жайылады. Ол үшін бізге округ аумағынан 2 мың гектар жер уақытша берілді. Әзірге жергілікті тұрғындар тарапынан өріске байланысты ешқандай шағым жоқ», — деді ол.

Шаруашылықта сауылған сүт «Айс» тауарлы-сүт фермасына тапсырылады. Мұнда жоғары сортқа тапсырылатын әр литр сүт 120 теңгеге бағаланады. «Іс талапқа сәйкес болуы керек. Сондықтан сүт тапсыру үшін де арнайы техникаларымыз бар. Сүт салқындататын құрылғыны да алып қойдық. Жаз айларында күніне 2 мың литрге дейін сүт тапсырсақ, ал қазір сүттің көлемі азайды ғой, күн сайын 700-780 литр сүт өткізіп отырмыз. Сиырлар арнайы аппаратпен де, қолмен де сауылады. Сауыншылар жеткілікті», — дейді М.Қарсақов.

Саржансайда ойын алаңы салынады

Шаруашылық басында малшыларға жағдай жасалған, олар үшін арнайы үй тұрғызылыпты. Бақташыға ай сайын 60 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Оған қоса, мұндағы еңбек ететін әр малшы жеке малын осы шаруашылықта тегін бағып отыр.

Судан тапшылық жоқ. Жанымызда Елек өзені ағып жатыр. Өрістегі мал өзен суын ішеді, қыста скважинаның суын пайдаланамыз. Шаруашылық базасына өз қаражатымызбен бір шақырым жерден жарық жеткіздік. Әзірге газ жоқ, — деген кәсіпкердің бизнеске келгеніне 5-6 жылдың жүзі болса да, жергілікі тұрғындардың әлеуметтік мәселесін шешуге өз ықпалын тигізіп жүргені аудан тұрғындары үшін қуанарлық жағдай. Жақын күндері ол Саржансай селолық округіне 1 миллион теңге көлеміндегі қаражатты тарту етпек. Әрине, бұл қаражаттың мақсатты бағыттарға шешілуін жергілікті әкімдік реттемек. Ең бастысы — ауыл балалары үшін ойын алаңы салынады.

Субсидияның берері мол

Қазір шаруашылық базасында құрылыс қарқын алған. Төртінші мал қорының іргетасы қаланыпты. Болашақта бұл  жерде автоматтандыру жүйесі іске қосылады, яғни малдың көңі сыртқа автоматты әдіспен шығарылады. Бұдан бөлек, сүт құбыры құрылысы да жүргізіледі.

Бұл — осымен төртінші қора.  Алдағы уақытта бұл жерде автоматтандырылған жүйе іске қосылады, яғни мал көңі сыртқа автоматтандырылған тәсілде шығарылады. Оның үстіне, малға жем беру ісі де автоматты жағдайда басқарылады. Шаруашылықта малды қолдан ұрықтандыру әдісін жүзеге асырамыз, — деген кәсіпкер іргелі құрылыспен қатар қазір мұнда мал ұрықтандыру пунктінің де құрылысы қатар жүргізіліп жатқанын айтты.

Бүгінде шаруашылықта ветеринар мамандар талапқа сай еңбек етеді.

— Мемлекет кәсіпкерлерге үлкен қолдау танытады. Оның үстіне, әрбір ірі қараға төленетін субсидия бар. Қазір асылтұқымды бір сиырға 20 мың, ал қарапайым ірі қараның әр басына 16 мың теңге көлемінде мемлекеттен субсидия беріледі. Бұл — жылына бір рет төленетін қайтарымсыз қаражат. Іргелі құрылыстарды осындай қаражаттарға әрі күн сайын сүттен түсетін табыстың көлеміне қарай есептеп, жүргізіп жатырмыз, — деген Мұхамметхан Қарсақов жақын күндері табынға тағы 100 асылтұқымды ірі қара қосылатынын айтты.   Ресейден жеткізілетін сиырлар — «Сыбаға» бағдарламасының  жемісі.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Мәртөк ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*