Басты бет » Басты жаңалықтар » Қыз Жібек, Ромео-Джульетта, Гамлет

Қыз Жібек, Ромео-Джульетта, Гамлет

Ақтөбелік көрермендерді жаңа маусымда кімдер һәм не күтеді?

Кезекті театр маусымы шымылдығын түруге жақын. Бұл күндері жаңа спектакльдердің премьерасын асыға күтіп, актерлер осы жолы қандай образдармен таң қалдырады екен деп күн санап жүргендер де аз емес. Өнерсүйер қауымға қос труппаның не дайындап жатқаны, мәдениет мекемесіндегі ауыс-түйістер мен жаңа леп жөнінде  Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрына жақында ғана көркемдік жетекші болып тағайындалған Данияр Базарқұлов айтып берген еді.

18 қыркүйекте Ахтанов театрына асығыңыз!

Жаңа маусымның ашылуына орай актерлерге бұрын-соңды болмаған мереке ұйымдастырғалы отырмыз. Қызыл кілем, қымбат көліктер, жарқ-жұрқ еткен шамдар… Осының барлығын патша көңілді көрермен 18 қыркүйек күні Ахтанов театрының алдынан көре алады. Мұндағы мақсатымыз — артистердің мәртебесін көтеру, оларды халыққа дәріптеу. Бір жағынан, ең бірінші кезекте солардың есінен ұзаққа дейін кетпейтін думанды кеш өткізсек дейміз. Әйтпесе, жаңа маусымның ашылуының өзі біле білгенге қуаныш қой. Жаңа буын келіп, басқа спектакльдер қойылады. Айналаның бәрі жаңалыққа толы. Аталған шараны сән-салтанатпен өткізгіміз келіп отырғаны сондықтан.

Мерекелік шоу-думанның барысында болашақта сахналанатын спектакльдерден қысқаша үзінді көрсетуді жоспарлап отырмыз. Шараның өзі екі тарапқа — шығармашылық топ пен көрермендерге жағымды әсер қалдырады деген ойдамын.

Репертуар 10 қазан күні «Снайпер» спектаклімен басталады. Жаңа қойылымдар сәл кейін көрерменге жол тартпақ…

 «…Көзбен көр де, ішпен біл!»

 2018-2019 жылдардағы театр маусымында бәрін қоса санағанда 7-8 спектакльді ұсыну ойда бар. Жаңа маусымның шымылдығын Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен ашқалы отырмыз. Екі бөлімнен тұратын күрделі қойылым болғандықтан, бұл үлкен дайындықты қажет етеді. Сол себепті, премьераның нақты қашан болатынын тап басып айта алмаймын. Жоспар бойынша қазан айының соңы немесе қарашаның басында қос труппа көрермендерін жаңа туындымен қуантпақ. Қазақ және орыс тілдерінде өтетін махаббат хикаясында жалпы саны 60-70 актердің атсалысатынын, Ромеоны Қадір Құттыбаев, Дархан Дәулетияр (театрға жаңадан қосылған жас актер — Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі) өзара алмасып, ал Джульеттаны 16 жастағы мектеп оқушысы Анна Говорова ойнайды. Басты рөлдегі қызды біз іріктеу жұмыстарын өткізіп, көптеген үміткерлердің арасынан таңдап алдық. Ол — болашақ өмірін сахнамен байланыстырғысы келетін жас талап.

Қазірден-ақ премьерадан соң көпшіліктің «Неліктен бірыңғай қазақша немесе орысша қоймадыңыз?» — деп сұрақ қоятынын біліп отырмын. Оған қатысты режиссер ретінде өз ойлағаным бар. Оны спектакльді көргендер кейін түсінеді. Бір сөзбен, мен махаббатты дін, ұлттан, тіпті тілден биік қылғым келіп тұр. Көрермен қауым барлығын әрекетке қарап түсінеді деп есептеймін… Абайдың өзі «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл, Көзбен көр де ішпен біл» деген емес пе?

Иә, Шекспирдің бұл трагедиясы әлемдік сахналарда сан рет қойылған. Бір-біріне өлердей ғашық Ромео мен Джульеттаның сезімі ежелден жау екі әулет Монтекки мен Капулеттилердің қарсылығына ұшырайды. Оның немен аяқталатынын білгіңіз келсе, біз алдағы уақытта хабарлаған кезде, театрға қарай асығыңыз!

Одан бөлек, орыс труппасы қазан айында Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді» («С любимыми не расставайтесь!») драмасын ұсынғалы отыр. Оған дайындық жұмыстары бүгінде қызу жүргізіліп жатыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында классикаға айналған «Қыз Жібек», балаларға арналған «Ер Төстік» қойылымдарын жаңа бағытта сахналағымыз келеді. Таяу арада, сондай-ақ, Шекспирдің тағы бір әлемге әйгілі туындысы «Гамлетпен» ақтөбеліктерді қауыштырсақ дейміз. Жалпы, жоба-жоспарлар өте көп. Оның баршасын қазір айтып қойсаң, мезгілі жеткенде оқырманға қызықсыз болып қалуы мүмкін…

Менің есептеуім бойынша, мысалы, «Ромео мен Джульеттаны» жарыққа шығару үшін 5 миллион теңге керек. Оның өзі, керек десеңіз, аздық етуі мүмкін. Актерлердің костюмі, сахналық безендіру, мамандардың — суретші, хореографтардың қаламақысы бар, соның бәрін қосқанда бірталай қаржы шығады. Шыны керек, көп нәрсе қаражатқа келіп тіреледі. Бұны айтып отырған себебім, көпшілік ойлағандай бір спектальді қою соншалықты оңай іс емес…

Ақтөбелік актерлер халықаралық фестивальге аттанбақ

 Қараша айының 19-25 күндері аралығында Ресей Федерациясының Рязань қаласында «История любви» деп аталатын халықаралық театр фестивалі өткелі отыр. Сол ауқымды шараға Ақтөбенің театры да жолдама алды. Бұйыртса, орыс

труппасы «Черная бурка» қойылымымен бәйгеде бақ пен бабын сынамақ.

Әсіресе, күз айларында театр артистеріне арналған фестиваль, байқау, түрлі шаралар көптеп ұйымдастырылады. Бірақ оған қатысу үшін бір жыл бұрын ұсыным беріп, байқау жұмысын алдын ала дайындап қою шарт. Сондықтан биыл тек жоғарыда аталған фестивальге барғалы отырмыз.

Келер жылы театрдың, актерлердің атын шығаратын түрлі фестивальге қатысуды жиілетеміз. Ол мақсатта арнайы байқауға арналған, фестивальдік дүниелерді дайындап үлгереміз деп ойлаймын.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Данияр Базарқұлов 1981 жылдың 16 қарашасында Алматы қаласында дүниеге келген. 2002 жылы сол кездегі Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «Музыкалық драма театрының актері» мамандығы бойынша бітірді. 2002-2010 жылдары Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрында актер болып еңбек етті. 2010-2018 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеді. Көптеген кино, телехикаяларға түскен.

2009 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінің лауреаты, 2010 жылы Халықаралық Орта Азия елдері театрлар фестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясының иегері болды.

5 актер жұмыстан неге кетті?

Рас, жаз айларында орыс труппасының 5 актері Ақтөбе театрынан кетті. Оған біздің, басшылықтың ешқандай қатысы жоқ. Тарқатып айтсам, екеуі өздерінің қалауымен Орск қаласындағы театрға ауысты. Өзімізді басқа театрда да сынап көрейік деді. Оған қалай қарсы шығасың? Әркімнің өзі таңдауы бар. Біреуі жеке кәсіппен айналысуға бел буды. Тағы біреуі мүлде басқа салада еңбек етемін деп шешті. Сол-ақ. Бірақ арамызда іштен іріткі шығаруға құштар, дау-дамайға жақын адамдар бар. Солардың кесірінен «5 адам жұмыстан қуылды» деген алып-қашпа әңгіме шықты.

Менің ойымша, өзінің жұмысын, соның ішінде өнерді жақсы көретін дарын иесінен әлгіндей ұсақ тірліктер шықпайды. Олардың бос уақыты да болмайды.

Бір жағынан, бұрынғыдай емес, қазірде актерлердың дайындығына қатты мән беріліп жатыр. Кезіндегідей рөлін ойнап, қалған уақытта қалағанын істеуге мүмкіндік жоқ. Ән, би сабақтары әр күнге кезек-кезегімен бөлініп қойылған. Оған 40 жасқа жетпегендердің барлығы баруы керек. Содан болар, «тым қинап жіберді» деп наразылық танытып жүргендер ұшырасады… Үйреніп қалған жайлы тіршіліктен бас тарту қиын ғой.

Айтпақшы, вокал, би, акробатикадан сабақ беретін мамандарды қызметке қабылдадық. Сосын келісімшарт бойынша жұмыс істейтіні бар, бәрін қосқанда театр 10-ға жуық актермен толықты.

Лидия Кәденова келеді.

Мағзом Бақытжановтың бенефисі өтпек

Сәті түскенде келер жылғы жоспарларымызбен де бөлісе кетейін. 2019 жылы театрымызда ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған әріптесіміз Мағзом Бақытжанов 70 жасқа толғалы отыр. Сол кісіге арнап спектакль қойып, бенефисін өткізу жоспарға енді.

Сондай-ақ, Ахтанов театрында «Келіндер көтерілісі» спектаклі көрерменге жол тартпақ. Онда басты рөлді сомдау үшін Қазақстанға танымал актриса, Ақтөбенің перзенті Лидия Кәденова арнайы шақыртылмақ. Бұл да болса, осындағы жастардың тәжірибе алмасып, ақтөбелік көрермендердің жерлес актрисаның өнерін тамашалауы үшін қолға алынып отыр.

Мұнымен бірге, облыстық телеарнамен бірлесе «Сахна сыртында» бағдарламасы эфирге дайындалып жатыр. Аталған жобада артистердің өмірі мен өнері, бастан өткерген қызықты оқиғалары, кейінгі буынға айтары, жалпы көрерменмен сырласуы қамтылады. Ондағы ойымыз — актерлерді өңірге танымал ету, олардың тыныс-тіршілігін халыққа таныстыру.

Менің ойымша, театр кез келген облыста мәдениет мекемесі ретінде бірінші орында тұруы керек. Адамдардың барлығы осы жаққа қарай ұмтылып, жылт еткен әр жаңалығына елеңдеп тұруы тиіс… Осыны басшылыққа ала отырып, жұмысқа жаңадан кіріскен көркемдік жетекші ретінде айтарым, өңірдегі сыншылар мен журналистермен қоян-қолтық аралассам деймін. Шығармашылық адамдарымен тығыз байланыс орнатып, театрымыздың жұмысын одан сайын жандандыру — тағы бір мұратым. Өйткені театр дегеніміз — тірі ағза, ол үнемі жаңарып, түрленіп отыруы қажет…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*