Басты бет » Жаңалықтар » Импорт алмастырудың мәселелері қаралды

Импорт алмастырудың мәселелері қаралды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен импорт алмастырудың көкейкесті мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшыларымен бірге мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.

«Облыстағы сыртқы тауар айналымы биылғы жылдың бес айы ішінде 1,6 миллиард доллар құрады, оның 1,2 миллиард доллары экспорт», — деп мәлімдеді индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ерлан Назаров. Жалпы алғанда облыстың сауда теңгерімі сальдосы оң нәтиже көрсетіп отыр, дегенмен импорт көлемінің өсімі 13 пайызға ұлғайған.

— Бұл бізде тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар жұмыс істеп тұрған кездегі, ал ірі және орта кәсіпорындармен олардың маңында импорттық тауарларды алмастыруға тиіс шағын өндірістерді дамыту жөніндегі Әріптестік бағдарламаларға қол қойылғаннан кейінгі жағдай. Біз бүгін импорт көлемін азайтудың бұдан арғы жағдайын талқылау үшін жиналып отырмыз, — деді жиынды аша отырып Б.Сапарбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2016 жылдан бастап Ақтөбе облысы жыл сайын өнеркәсіптік өнімдер мен азық-түліктің өндірілу мен тұтынылу балансын жасап келеді. Бұл талдау облыс өзін-өзі қазір басқа өңірлерден сатып алынатын өнімдермен 100 пайыз қамти алатынын, дегенмен бәрбір шетелден тасымалдау тоқталмай келе жатқанын көрсетеді.

— Ақтөбеге Батыс Қазақстанда өндірілетін өнімдерді шетелден тасымалдаудың түкке қажеті жоқ. Бұл ретте кооперация жұмыс істеуі керек, — деп атап өтті облыс басшысы.

Сондай-ақ өндіру мен тұтыну балансы кезінде өңірде импортты алмастыруға бағытталған жаңа кәсіпорындардың іске қосылу көкейтестілігі де ескеріледі. Мысалы, жақын арада қуаты жылына 120 миллион дана кірпіш шығаруға жететін кірпіш зауыты іске қосылады. Жаңа кәсіпорын өңіріміздегі қажеттілікті 100 пайыз өтейтін болады.

Жалпы алғанда 2018 жылы индустриялдық-инновациялық даму саласы бойынша жалпы мөлшері 63 миллиард теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 1,1  мыңнан астам жұмыс орны пайда болады. 3 жоба қазірдің өзінде іске қосылды: блок-комплектілік жабдықтау цехы, полиэтилен пакеттер шығаратын зауыт пен балмұздақ өндіретін цех. Қалған 12 жоба осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Осының нәтижесінде өсімдік майының, құрама азық, керамогранит, керамикалық тақтайша, бояу, т.б. шығарылымы бір ізге түсіріледі.

Бүгінде Ақтөбе облысына көбінесе металдар мен металдан жасалған бұйымдар, химиялық өнеркәсіптің өнімдері, минералдық өнімдер, көліктер, қондырғылар, транспорттық құралдар, тамақ импортталады. Азық-түлік тауарлары шетелден жергілікті өндірістің қуаттылығының төмендігінен немесе жоқтығынан әкелінеді. Бірақ облыстың ресурстық потенциалы мықты. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың сөзінше, шикі сүтпен өңір жүзден аса пайызға қамтылып отыр.

— Металдар мен химиялық өнеркәсіптің өнімдерін орнын баса алмайтынымыз түсінікті. Бірақ жыл басталғалы бес айда азық-түлік тауарларын 23 миллион теңгеден астам қаражатқа әкелдік. Ол негізінен құс еті, сүт және көкөніс. Сөйте тұра, суармалы жерлерге, дәстүрлі емес шаруашылыққа облыста үлкен көңіл бөлініп отыр. Табиғи ресурсымыз да жеткілікті. Мемлекеттік қолдау бар. Осы мәселеге сала мамандары мықтап көңіл бөлуі керек, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы жиын соңында өңірлер арасындағы әріптестікті күшейту, саланы дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*