Басты бет » Жастар » Жастар ұйықтамауы тиіс!

Жастар ұйықтамауы тиіс!

Облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деді. «Бір күндерің босқа өтетін болса, бәрінен қалып қоясыздар!» — деп, жастарды бір сілкіп алған облыс әкімі Ақтөбеде осы бағытта істеліп жатқан жұмыстардың жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталды.

Облыс әкімінің айтуынша, еліміз егемендік алғалы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйтқы болуымен жастарға қатысты талай іргелі құжаттар қабылданып, бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Оған мысал көп. Күні кешегі «Бес әлеуметтік бастама», «Рухани жаңғыру», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да жастардың жай-күйін жақсартуға, олардың білім, өнер, спорт, басқа да салаларда өзге елдердегі өзі құралпылас азаматтармен терезесі тең болуына, озық болуына бағытталған мақсат-міндеттер айқындалған. Ел халқының 27 пайызы — 30 жасқа толмаған жастар.

— Ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің үміті — сіздерсіздер. Елдің дамуы көп жағдайда сіздерге байланысты.  Ақтөбеде де жастарға арналған жобалар жүзеге асырылып келеді. Білімді, жан-жақты дамыған азаматқа қажетті рухани құндылықтарды бойларыңа сіңіріп, елдің дамуына, әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруіне еңбек етіңіздер. Жастар үшін ең үлкен құндылық — білім. Уақытты тиімді пайдаланып, білім алыңыздар. Қазір білім мен ғылымның заманы. Біздің елде жастардың әлемнің ең мықты оқу орындарында білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Мысалы, басқа елдерде жоқ «Болашақ» бағдарламасы арқылы елімізде жыл сайын 3 мыңға жуық жастар білім алып келіп жатыр. Біздің мақсат — балабақшадан бастап болашақ ұрпағымыздың жақсы тәрбие алып, мықты біліммен қарулануына барынша жағдай жасау. Сондықтан заманауи білім мен ғылымды меңгеру керек. Екінші жағынан, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, халықаралық жағдай шиеленіскен аумалы-төкпелі заманда өз тамырымыздан ажырамай, құндылықтарымызды құрметтеп, ұлттың патриоты бола білу керек, — деді облыс әкімі.

Жастар — қашанда қоғамның генераторы, жаңа идеялардың бастамашысы. Осы бағытта облыс әкімі жастарға үміт арта сөйледі. Қоғам сапасын арттыруға қызмет ететін ерекше жобаларды, тың бастамаларды биліктің қашанда қолдауға дайын екендігін алға тартты. Мемлекеттік бағдарламалардың жастарға ұсынатын игіліктерін, жеңілдіктерін барынша пайдалану қажеттігін айтты.

— Облыстағы «Бақытты бала», «Туған жерге тағзым», «Түлек.кз» жобаларына атсалысу керек. Қаламызда Өнер, шығармашылық орталықтары, Жекпе-жек сарайы сынды көптеген ғимараттар салынды. Мұндағы мақсат — жастардың уақыттарын босқа өткізбей, өнерге, спортқа баулу. Осы шараның «Жұбановтар әлемінде» өткізілуінің де мәні бар — сіздер осы ғимаратты көрсін, келсін дедік. Болашақта Ақтөбедей қасиетті жерде жаңа Жұбановтар шығуы керек. Сіздер үшін салынған ғимараттарды пайдалану керек. Бойында өнері бар, спорттан хабары бар жастар қылмыс жасамайды, нашақорлыққа бармайды, — деді облыс әкімі.

Биыл шілде айында облыста жастар саясаты мәселелері басқармасы ресми түрде тіркелген-ді. Оның басшысы Нұрлан Күнтуов қолға алған, болашақта атқарылар істер туралы жоспарымен бөлісті.

—  Бүгінде толыққанды жұмысқа кірісіп кеттік. Бірнеше жобамыз бар. Ең алдымен облыстағы жастардың барлығының басын қосатын орта қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Ол үшін алдымен облыстағы алты жоғары, 45 орта арнаулы оқу орнындағы жастар ісі жөніндегі комитеттерді біріктіріп, ортақ мақсатқа біріктіруге жұмыстанамыз. Сонымен бірге облыстағы барлық жас спортшыларды, өнер саласында жетістікке жетіп жүрген жастардың басын қосатын жобаларымыз бар. Басқарма жанынан ашылған коворкинг орталығына жас кәсіпкерлерді, стартаперлерді шақырамыз. Бұл жерде кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы ақпараттарды білуге болады. Жұмысшы жастар слетін өткізу де ойымызда бар, — деді Нұрлан Күнтуов.

Б.Сапарбаев сондай-ақ облыстағы оқу орындарының бір-бірімен тығыз байланыс орнатуларын, елге белгілі, қоғамда қадірлі тұлғаларды жастарға үлгі қылу мақсатында кездесулер өткізу қажеттігін, жастардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу үшін басқа да тың жобаларды қолға алу қажеттігін айтты.

— Бұрын жастар саясаты мәселелері басқармасын жауып, оны ішкі саясат басқармасына қосып жібергеніміз дұрыс болмады. Себебі осы саладағы жұмыстар нашарлап кетті. Еріктілер қозғалысы кезінде жақсы жұмыс істеген болатын, кейін кешеуілдеп қалды, — деді облыс әкімі.

Н.Күнтуов облыс әкімін бұл жұмыстың қайтадан қарқын алатынына сендірді. Оның айтуынша, қазір өңірде жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының білім алушыларынан және жұмысшы жастардан құрылған құрамында 1000-нан астам мүшесі бар 20 еріктілер тобы қызмет етеді. Олардың 8-і облыс орталығында, 12-сі — аудандарда.

— Облыста «Жүректен жүрекке», «Ақтөбе қайырымды жандары», «Үміт оты» сынды еріктілер топтары көптеген шаралар ұйымдастырып тұрады. Осындай еріктілер топтарының басын қосып, ортақ қауымдастық құрамыз,  — деді басқарма басшысы.

Кездесу кезінде облыс әкімі «Жасыл ел» бағдарламасын сынға алды. Республикада бірінші болып «Жасыл ел» жасақтары тек жазғы маусымда ғана емес, жыл он екі ай бойы жұмыс істесін деген жақсы бастама көтергенімізбен, қоғамда жастардың бұл жұмысына қатысты сын пікірлер жиі айтылып кетті.

— «5-6 қыз бен жігіт бір қап арқалап жүреді, еңкейіп, жерден бірдеңе көтерсе, көтереді, еңкеймесе, ол да жоқ, қапшық арқалап, жолдың ар жақ-бер жағына шығып жүреді де қояды» деген сын пікірлер көп айтылады. Сосын басқармалар «Жасыл елге» пәленбай адам қатысты» деп есеп береді. Бітті. Бұлай болмайды. Биыл біз бюджеттен аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы үшін 400 миллион қаржы бөлдік. Сондықтан бұл іске жауапкершілікпен қарау керек, — деді облыс әкімі.

Жаңадан құрылған жастар басқармасының жас басшысы «Жасыл ел» жасақтарының дұрыс жұмыс істеуі үшін қоғамдық бақылау орнату қажеттігін алға тартты. Бұл жұмысқа еріктілерден құралған «Жас сақшы» топтарымен бірге қоғамда абырой-беделге ие ардагерлерді де тарту керектігі айтылды.

Жастар арасындағы қылмыстың азаймай отырғандығы, жат ағымның жетегінде кеткендер туралы да сөз болды.

— Сақал жіберіп, бетіне қара бүркенген қыздардың дені 20-30-дың арасындағылар. Қай заманда қазақтың қызы қара киінген? Ертең ол бала-шағасын қалай тәрбиелейді? Олардың барлығы біздің айналамызда жүрген азаматтар. Соларды дұрыс жолға салу үшін барлығымыз бірге жұмыс істеуіміз керек. Қазір біздің мемлекет экономикалық-саяси тұрғыда қарқынды дамып келеді. Алайда рухани даму тұрғысында әлі де болса кешеуілдеу бар, — деді облыс әкімі. Б.Сапарбаевтың бұл сөзін талай жылдар бойы Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін зерттеп жүрген «Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес те қостады. «Жастар қандай болса, мемлекет те сондай болады. Сондықтан ұлттың жанын сақтап, намысын қорғап, рухын биіктететін сендерсіңдер. Ең негізгісі — жастар отаншыл, патриот болуы керек, елін, жерін сүюі керек, ұлт мақтаныштарын дәріптеу керек, солар арқылы кейінгі буынды тәрбиелеу керек», — деді ол.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетовтің айтуынша, облыстағы жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқан азаматтардың 50 пайызы — 14-29 жас аралығындағы жастар. Әсіресе, мектеп бітіріп, оқу орнына түскен 1-курс студенттері арасында шайтани ағымдардың жетегіне ілесіп кететіндер көп көрінеді. Бұл бағытта дін істері басқармасы оқу орындарымен, жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, оқу орындарында, жатақханаларда рейдтер жүргізіп жатқандығын тілге тиек етті.

— Ең негізгісі еңбек ету керек! Білім де, өнер де, спорт та — еңбек. Жан-жақты білім алу керек! Қиыншылықтарды жеңуге, берілмеуге тырысу керек. Жастар ұйықтамауы керек, әрдайым қозғалыста болуы керек. Ұялы телефонға үңіліп отыра бермей, жастық шақтың берерінің бәрін алуға үлгеру қажет. Жатқан адамға ешкім ештеңе әкеліп бермейді. Бәрін бүгін істеу керек, ертең кеш болады,  —  деді Б.Сапарбаев.

Айта кету керек, бұл шараға кеңес мүшелері, оқу орындарының басшылары, қалалық және аудандық жоғарғы оқу орындары мен кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарының комитет төрағаларымен бірге облыс әкімі грантын иеленген 87 студент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан оқуға келген студенттер қатысты.

Кеңес барысында жоғары оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитеттері төрағалары өз жұмыстарымен бөлісіп, «ZhasProject» жастар корпусын дамыту жобасы бойынша грант ұтып алғандар, Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан оқуға келген студенттер сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді.

Форум соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Индонезия елінде өткен XVIII жазғы Азия ойындарының қола жүлдегерлері Мейрамбек Айнағұлов пен Нартай Қажековті, сондай-ақ Fight Nights Global 88 титулын жеңіп алған аралас жекпе-жектен қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұловты жеңістерімен құттықтап, сыйлықтармен марапаттады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*