Басты бет » Жастар » Үздік пікірсайысшылар анықталды

Үздік пікірсайысшылар анықталды

Ақтөбеде «Қазақстан — бүгін және болашақта» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер мен студенттер арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Жеңімпаз атанған 2 команда республикалық пікірсайысқа жолдама алды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облыстық департаменті мен жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен дебаттық турнирге 10 команда қатысты. Әр команда 2 адамнан, яғни 1 мемлекеттік қызметші мен 1 студенттен құралған. Олар арнайы берілген тақырыптар бойынша өзара пікір жарыстырды.

Бүгінгі студенттің ертеңгі мемлекеттік қызметші екендігін айтқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша  департаментінің басшысы Расул Медетов, аталған шара мемлекеттік қызметшілердің тіл байлығын дамытып, критикалық ойлау тұрғысынан дамуына сондай-ақ өз ойын ашық айта білуіне септігін тигізетіндігін айтады.

Жастар арасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылық басым. Бүгінгі таңда біздің департамент пен Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанынан ашылған «Мансап» мектебінде болашақ мемлекеттік қызметшілерді даярлау ісі жолға қойылды. Атап айтар болсақ, аталмыш мектептің екі түлегі қазіргі уақытта біздің департаментте қызмет атқаруда. жалпы айтқанда бүгінгідей дебаттық жарыстар, мемлекеттік қызметшінің шешендік қабілетін дамытып, аудиториямен жұмыс жасауға дағдыландырады, — дейді Расул Медетов.

Турнир нәтижесінде ойын анық жеткізіп, өзгелерден басым түскен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Низарова мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 4-курс студенті Азат Оразалин мемлекеттік тілде өткен турнир жеңімпаздары атанса, орыс тілінде өткен турнир жеңімпаздары болып  Ақтөбе қаласы Алматы ауданының аппарат басшысы Мақсат Орынбасар мен Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенті Алексей Куслеев атанды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*