Басты бет » Басты жаңалықтар » Құрбан айт — ұлық мереке

Құрбан айт — ұлық мереке

Сейсенбі күні Ақтөбе жұртшылығы қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Бұл күні облыс басшысы облыс орталығындағы үш мешітте болды.

Бұл күні Алла үйіне асыға жеткен жеткіншектер мен жастар, немересін жетектей келген қариялар таң сәріден тілек айтып, төс қағыстырды. Таңғы сағат 7-де жамағат айт намазын орындап, Жаратушыдан елдің амандығы мен бірлігін тілеп, дұға қылды.

Мешітке жиналған көпшілікке облыстың бас имамы Төлеби Оспан мерекенің мәні мен маңызын түсіндіріп, Құрбан айт кешірім мен кеңшілік мерекесі екенін тілге тиек етті.

Айт намазы басталмастан бұрын жиналған жамағатты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.

Ислам бейбітшілікке, өзара түсінушілікке, мейірімділікке шақыратын дін болса, Құрбан айт — адамгершілікті, игілікті істерді, барлық рухани құндылықтарымызды дәріптейтін мереке. Шынайы мұсылман әрдайым қайырымдылық жасауы қажет, өзгелерге жамандық жасамай, залал қылмауы керек. Бұл күні біз бір-бірімізге жылы сөз айтып, басқаларға қол ұшын беруге асығамыз, ізгі істерді атқарамыз, — деді облыс басшысы.

Бердібек Сапарбаев өткен жылдан бері Мемлекет басшысының ұлттық және рухани құндылықтарды сақтауға, жас ұрпақты патриоттылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы елімізде қарқынды жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ аталған бағдарламаны жүзеге асыруға үлес қосқан барлық тұрғынға облыс әкімшілігі атынан алғысын жеткізді.

— Облыс тұрғындарының қолдауымен өңірде мешіттер мен медреселер салынуда. Мысалы, өткен жылы Бестамақ ауылындағы медресе колледж болса, республикадағы дін өкілдерінің қолдауымен Ақтөбеде имамдарға арналған үйдің құрылысы басталады.  Мұның бәрі біздің бір-бірімізге деген жылылықтың, ізгіліктің арқасында жүзеге асуда. Бүгінгі мерекеде барлық тілектеріңіз орындалып, елімізде тұрақтылық, үйлеріңізде қуаныш, береке орнасын! — деді Б.Сапарбаев.

Құран оқылып болған соң облыс басшысы мен «Уақып» қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбаев аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға оқу құралдары салынған сөмкелер табыстады. Шарада «Нұр Ғасыр» мешіті желісімен 150 оқушыға «Мектепке жол» акциясы аясында көмек берілді. Сондай-ақ 100 балаға қалалық орталық мешіт пен «Уақып» қорының атынан сыйлықтар үлестірілді. 

Облыс әкімі «Нұр Ғасыр» мешіті алдына құрылған киіз үйлерге кіріп, айт дастарқанынан дәм татты. Мерекеде орталық мешіт алдына 10-нан астам киіз үй тігіліп, халыққа көже, бауырсақ үлестірілді. Дәстүрлі ән-күйден шашу шашылып, оқшаулы алаңда ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, облыстық филармонияның әншісі Қоянбай Тобағабылов, Елдос Жұмағұлов және тағы басқалар жыр-термелер орындады.

Жамағат топ-топқа бөлініп, арқан тартысты, күресіп, күш сынастырды.

Бұл күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қалалық орталық мешіт пен «Нұрдәулет» мешітіне барып, жұртшылықты Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні тұрғындардың дені құрбан шалды. Айта кету керек, бұл мақсатта жергілікті билік бес арнайы орын бекіткен болатын. Мереке қарсаңында облыстың бас имамы Төлеби Оспан құрбандық шалатын арнайы алаңдарды аралап, халыққа құрбандық шалудың тәртіптерін түсіндірді.

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл күні «Есік» ЖШС екі мың қой мен 50 ірі қараны дайындап, саудаға шығарған. Ал қасапшылар жасаған қызметін 2000-2500 теңгеге бағалаған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбедегі өкілдігі әр алаңға діни қызметкерлерді жауапты ретінде белгілеген.

Құрбан айт мерекесін Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының тұрғындары ерекше атап өтті. Бұл жерге жуырда 74 отбасы көшіп келіп, қоныс тойын тойлаған болатын.

Қоныс тойын тойлағандардың бірі Гүлнар Есмаханова — екі бала тәрбиелеп отырған ана. Ол Болашақ ауданынан көшіп келген. 2006 жылы тұрғын үйге жер телімін алу үшін арыз жазған.

  • «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарымен танысқан соң оның бізге тиімді екенін түсіндік. Жолдасымыз екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз, оның біреуі — студент. Оның да өз алдына шаңырақ болатын күні алыс емес, сондықтан бізге пәтер тар болады, — дейді ол.

Ауданы 135 шаршы метр болатын коттеджде барлық жүйелер тартылған. Жаңа үйде

барлық жағдай жасалған, сондықтан Есмахановтар отбасына тек орналасу ғана қалған.

Айт мерекесін коттедж қалашығының тұрғындары өзара атап өтуді қолға алыпты. Қаржы жинап, екі қой алған, көшенің ортасына үлкен киіз үй құрған. Мерекеде тұрғындар марқұм болғандарға құран оқып, дастарқан басына жиналды.

Абат ҚАРАТАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*