Басты бет » Тарих » Ел азаматы Естілеу еді…

Ел азаматы Естілеу еді…

Тағзым

Байғанин ауданының тоқсан жылдық мерейтойы тұсында жанқиярлық еңбегін ел қажетіне тарту еткен осы өңірдің қарапайым еңбеккерлері мен игілікті істердің басы-қасында жүрген, ұйымдастыру шеберлігімен көзге түскен аудан азаматтары ойға оралады. Сондай игі жандардың бірі – Естілеу Құлшынбаев туралы әңгімелесем деймін.

Туған ауданымен жандай құрдас осы Естілеу есі кірісімен-ақ елім, жерім деп өз қатарының арасынан ерекше көрініпті. Қалай болғанда да қазақтың көп тірлігі малға байланысты ғой. Білетіндер Естілеу малға адамша қарайтын еді дейді. Содан ба, ол мал дәрігері болуды қалапты. Жарқамыс орта мектебін бітіре салысымен, Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында білім алып, оны ойдағыдай аяқтап, өзі жастайынан қалаған мамандығы бойынша іске кіріскен.

1951 жылы еңбек жолын Қарабұтақ ауданының бас мал дәрігері болып бастайды. Институтты жаңа ғана тәмамдаған жас маманға бұл қызмет үлкен сенім еді. Естілеу бұл сенімді абыроймен ақтап, ауданда төрт  жылдан астам қызмет атқарды. Малдәрігерлік жұмыс, әрине, оңай емес. Ол осы саланы ғылыми жағынан жақсы білетінін аңғартты. Мен облыстық газеттің тілшісі ретінде 1956 жылы ауданға жолым түскенде, Естілеуді білетіндер оның нағыз мал дәрігері  деп бағалайды екен. Малды емдеу, егу және сауықтырудың қажеттігіне Естілеу төменгі буын мамандардың көзін жеткізіп, сөзін нақты ісімен дәлелдеген.

Білімді, ұйымдастырушылық қабілеті айрықша кадр қашанда керек қой. Естілеудің туған ауданының басшылары облыс басшылығына өтініш жасап, өздеріне алдырады. Оның ұйымдастырушылык қабілетінің артықшылығын жете байқағандықтан сол кездегі Ворошилов атындагы колхозға (қазіргі Бұлақтыкөл ауылы)  басқарма төрағасы етіп сайлайды.

Жас шамасы бізбен қатар Естілеумен тікелей таныстығым осы кезден басталған-ды. Бұл шаруашылық менің туған мекенім еді. Дәстүр бойынша ауыл ақсақалдарына сәлем беріп, ой бөлісетін  әдетім бар-тұғын. Осылайша ауыл ақсақалдарымен тілдесе бергенімде атақты жылқышы Социалистік Еңбек Ері Тойманқұл Елбетов пен мал жаюдың тоқсан толғауын жетік білетін, қадірлі ақсақал Социалистік Еңбек Ері Мақан Ешімқұлов қарт екеуі  бірінен  бірі қалмай, жарыса сөйлеп, шаруашылықтың жаңа басшысының бұрынғылардан ерекшелігі  мен іскерлік артықшылығын айтып берген.

Олардан білгенім, жас басшы жергілікті ақсақалдарды ауыл сыртындағы құмтөбеге жинап, кең отырып әңгімелесіп, айтылған құнды пікірлер болса қойын дәптеріне жазып алады екен. «Шаруашылықты дамытудың сан қилы жолдарын өзі де айтып, біздің келісімімізді сұрайтын», — дейді олар.

Дамуға нағыз бағыт алған тұсында осы ауыл  Абай атындағы кеңшарға бөлімше болып қосылды. Шынында, бұл шаруашылықтың ісі жаңа оңғарыла бергенде, үлкен өзгеріс өмірге келді. Ұжымшарлар мемлекеттік кеңшарларға айналып, МТС құрылып, ауыл шаруашылығы дамуға жаңа бетбұрыс алды. Әрине, бұл жүйенің қиындықтары жоқ еді десек, артық болар. Бұрынғы ұжымдық жүйеге еті үйреніп қалған шаруалар асып-сасып қалды. Әйтсе де, совхоздарда техниканы тиімді пайдалануға мүмкіндік туды. МТС-тардың шеберханаларында трактор, автомашиналар топ-тобымен жөнделіп, науқанды жұмыстардың қолайлы мерзімде орындалуына жағдай туды. Механизатор курстары ашылып, адамдардың техника тілін  білуге, әсіресе жастардың құштарлығы артты. Осы түбегейлі өзгерістер ауданның ауыл шаруашылығының  қарқынды дамуына алғашқы қадам еді.

Ауданда алғашқы құрылған кеңшарлар қатарында «Ақжар» бар еді. Мұнда мал саны да жеткілікті, даму мүмкіндігі  де мол болды. Осы шаруашылық директоры болып өмірде де, істе де мол тәжірибеге ие Жұбан Айжарықов тағайындалды. Қай кезде де көрегендігімен, батыл ойымен, жағымды сөзімен танылған  Жұбан аға совхоздың түбегейлі өркендеуі мал шаруашылығына тікелей байланысты екенін, ал оның тағдыры білімді, ісіне жетік мамандардың қолында екенін сезгендей, Естілеу Кұлшынбаевты бас мал дәрігері етіп алды. Осы қызметте жетпісінші  жылға дейін мінсіз қызмет атқарған Естілеу малдәрігерлік жұмысында бүкіл ауданға өнеге боларлық үлгі көрсетті. Қоғамдық малды егу, емдеу және арнаулы тоғытуды ұйымдастыру, басқа да малдәрігерлік жұмыстар ұйымдастыруда өзгелерге өнеге болатын істер атқарылды.

Естілеу Құлшынбаевтың өз мамандығын жетік меңгерген, ұйымдастыру қабілетінің өзгелерге өнеге болатындығын  білген аудан басшылары оны республикалық құрметті атаққа ұсынды, ол «Қазақ КСР еңбек сіңірген мал дәрігері» деген құрметті атағын алған екеудің бірі болды. Екіншісі Шора Атантаев еді, шынын айтсақ, осы тұстан бастап ауданның малдәрігерлік жұмысы едәуір биікке көтерілді.

Естілеудің өміріндегі елеулі өзгеріс жетпісінші жылы «Оймауыт» кеңшарына директорлыққа тағайындалуы еді. Әрине, атқарылар жұмыс көлемі күрделене түсті. Қиян шеттегі жаңа шаруашылыққа қажет нәрсе көп-ақ. Оның бәрін түгендеу де мүмкін емес. Бірақ ілгерілеуге негіз бар-ды. Ең бастысы, бұрынғы Одаққа белгілі болған Жамбыл атындағы ұжымшардың еңбек адамдары мал өсірудің қыр-сырын аса жетік білетінімен ерекшеленетін. Естілеу кеңшар басшысы болып келісімен, сол майталмандарға арқа сүйеді, кеңесті, пікір алмасты. Алғашқы жылдан бастап мал санының өсуі, өнімділігінің еселеп артуы ерекше көріне бастады. Жаңа директор бұл шаруашылықта да малдәрігерлік жұмысқа айрықша мән берді. Мал мен төл шығыны азайды. Малды жайып семірту, жалпы жайылымды дұрыс пайдалану мәселесі ойдағыдай жүзеге асты.

Естілеу осы кезде де барлық мәселені халықпен бірігіп шешетін. Кеңшардың өндірістік көрсеткіштері күрт өсе бастады. 1976 жылы шаруашылық айрықша көрсеткіштері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Орденді кеңшар атанды. Ал оны басқарушы Естілеу Құлшынбаев Ленин орденін кеудесіне тақты. Еңбек ұйымдастырудың тамаша үлгісін көрсете білген шебер ұйымдастырушы Естілеу бұдан да басқа наградаларға ие болды. Бір есте қаларлығы, халыққа табыстың сарқылмас көзін таба білген азамат 1976 жылы Мәскеуге СОКП-ның ХХV съезіне делегат болып қатысты.

Шебер ұйымдастырушы,  халықтың ойындағысын көріпкелдей білген Естілеу басқару билігін қолына алысымен ауылдың әлеуметтік және мәдени мәселелеріне айрықша зейін қойды. Сол жылдарда салынған 320 орындық мектеп пен балалар бақшасының қызметіне ауыл адамдары үлкен ризашылығын білдірді. Ол білім, тәрбие орындары қазір де жұмыс істейді. Дияр, Нұржау, Шөптікөл бөлімшелеріндегі мектептер мен клубтар, мәдениет үйі мен ауруханалардың жұмыстары жан сүйсінерліктей еді.

Шаруашылық сан-саналы жұмыстарда аса ірі көрсеткіштерге жетті. Кейбір деректерге жүгінсек, Естілеу басқарған кезде «Оймауыт» кеңшарынан елуге жуық еңбеккер зор жетістіктері үшін үкімет наградаларына ие болыпты.

Сол кезде өңірде халық театры жұмыс істей бастады, ол драма театры еді. Театрдың өнері сол кездегі еңбек адамдарын қатты сүйсіндірген. Қойылымдар көрермендер ойынан шықты.

Естілеу өз таланты мен табандылығы арқасында «Оймауыт» кеңшарын Ақтөбе өңіріндегі айтулы, табысты, ұйымшыл шаруашылық ретінде көрсете білді. Мұндағы еңбек озаттары өзгелерден бөлек қырымен көрінді. Атақты жылқышы Дүйсенғали Бектеміров пен майталман түйе өсіруші Қуанышбай Оқасовтың есімдері ел құрметіне бөленді.

Естілеу осынау еңбек адамдарымен қоян-қолтық жүріп, еңбек етудің тамаша үлгісін көрсетті. Оның Ленин ордені, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері мен көптеген медальдардың, Қазақ КСР еңбек сіңірген мал дәрігері, Қазақ КСР оқу ісінің үздігі  деген құрметті атақтардың иегері атануы кезінде аудан жұртшылығын ерекше сүйсіндірді.

Айта берсек, бұл өңірде ерекше еңбегімен көзге түскен, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы жөнінен Естілеу Құлшынбаевтың, Сұлтан Аманғосовтың, Жұбан Айжарықовтың есімдері аудан тарихында жарқырап тұрғандай әсер береді. Шынында, адал еңбекпен ұйымдасқан шеберлік жөнінен олар мәңгілік өнеге болған жандар.

Естілеу жайлы сөз қозғағанда ағасы Көптілеу Бөлтеевпен оның отбасы туралы айтпау қисынға келмейтін сияқты. Атақты ақын Өтежан Нұрғалиев осы екі азамат жайлы жазған «Ағайынды қоңыр қаз»  балладасын былай бастайды:

Бір әкеден қалған екі жетім-ді,

Екеуі де интернатта жетілді.

Екеуі де ел аузына ілігіп,

Аңыз туды, олар жайлы не түрлі.

Ол екеудің кішілеуі – Естілеу,

Жуас жігіт, костюмі де ескілеу,

Ал шынында жүзе білгіш кемедей,

Бойы да бар, тығыншықтай дередей,

Екі беттің мәйегі бар қып-қызыл,

Айтқан сөзі – қаға салған шегедей…

Ақын Өтежан ағайынды екі жігіттің азаматтық асыл қасиеттерін тәптіштеп жырлайды. Көптілеу ағасы  аса абыройлы, ойы терең, іскер азамат еді. Соғыстан  келгесін, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып та істеген. Мен ол ағамен де Естілеу інісі сияқты іні болдым десем артық емес. Олардың үлкен ағасы Беген соғыста хабар-ошарсыз кеткен. Жоғарыда сөз еткеніміздей, Естілеу де, Көптілеу де адамға жақын, иман жүзді, рухы биік азаматтар еді. Көптілеу ағаның зайыбы Асыл да, Естілеудің жары Раушан да көпбалалы аналар болатын. Екеуі де он-он екі бала өсіріп, өмірдің қызығын көрген жандар.  Балалары жоғары білімді азаматтар.  Қазір ағалар да, жеңгелер де бұл пәниде жоқ. Ең сүйсінерлігі  топ-тобымен немере, шөбере, шөпшектер өсіп келеді. Өмір қуанышы осы емес пе?

Ауданның төл құрдасы Естілеу Құлшынбаевтың есімі аудан тұрғанда мәңгі ұмытылмайды. Естілеудің де 90 жылдығы бас мерекеге жалғасып, неше бір сырлар шертілері сөзсіз.

Кәдірбай БЕКМАҒАМБЕТҰЛЫ,

ардагер журналист.

Бір пікір

  1. Берік Дандібаев

    Естілеу ағаны зертеу керек даланың акедемигі өте мәденниетті азамат еді халық мүдесін ылғи жоғары ұстады ондай азаматтардың көзі азайды бірен саран болмаса жоқтың қасы иманды болсын ұрпағы аман болсын

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*