Басты бет » Тарих » Жанаман ахун тағылымы

Жанаман ахун тағылымы

Қаншама жылдар өтіп, замана ахуалы өзгеріп тұрғанымен есімдері ескірмейтін, өнегесі көнермейтін, ел-халық жүрегінде жақсы аты жаңғырыға беретін аяулы һәм құрметті жандар болады. Солардың бірі — Жанаман ахун Сейтімұлы.

Жанаман ахун Шалқар ауданының Ордақонған деген елге белгілі мекенінде 1884 жылы дүниеге келген. Бастапқы діни білімді хан мешітіндегі Әбдіғалым ишанның мешітінен алады. Осында үш жыл оқыған соң Қарғалы медресесіне оқуға түсіп, бұл жерде он төрт жыл бойы дін сабақтарын үйренеді. Бұл — заманында Атолла Бесібеков хазірет салдырған діни оқу орны. Ол Қия өзенінің бойында орналасқан.

Атамыз өз заманындағы мұсылмандардың діни оқу орталығы болып саналатын Хорезмге барып, сондағы талап бойынша сынақтан өтеді, имамдық атаққа ие болады. Содан туған жерге оралып, молда болады. Революция қарсаңында Ордақонған мен Қос шыңырау деп аталатын жердің аралығынан мешіт салдырады. Осында діни рәсімдер жасалып, шәкірттер тәрбиелеген. Алайда Кеңес үкіметі орнауымен мешіт жабылады, елдегі байлар мен билер, молда-қажылар қудалауға ұшырайды.

Осындай себептермен ол 1937-1947 жылдары көршілес өзбек елінде мекен етеді. Соғыстан кейін заман қабағы түзелгендей болған тұста елге оралады. Шалқар қаласындағы мешітте бас имам болып, 1968 жылы дүниеден өткенінше діни қызметін атқарды.

Ата араб, орыс, қазақ тілдерінде бірдей сауатты, жан-жағындағы ахуалды көкірек көзімен пайымдап отыратын кісі еді. Ол мешіттегі қызметінде жүріп, екі рет мұсылмандардың діни құрылтайына қатысты. Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының мүфтиі Бабаханның қолынан ахун деген құрметті атақ алды.

Ата Шалқар ауданында дін басында тұрған кезеңде осындағы орталық мешіттің беделі бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтерілді. Нақ осы тұста мешітке келушілер қатары көбейіп, имандылық жолына түскендер қатары еселеп артты. Сол кезде жұма күні мешітке келіп, Жанаман ахунның соңынан сапқа тұрып, намазға жығылу осы өңірдегі әрбір қария үшін мәртебеге айналғандай еді. Қай жерде болса да, Алла аманатын тапсырған адамның жаназа намазын оқуға Жанаман имамды құрметпен шақыратын және ол кісінің келуін барша жұрт ықыласпен күтіп отыратын. Ол кісі қай отбасының да қадірлі қонағы еді. Атаға сәті түсіп үйінен қонақасы берген азамат қашанда қуанышқа бөленіп жүретінін білетінбіз.

Менің әкем Мәмбеталы да елге қадірлі, Шалқар өңірінде танымал адамдардың бірі болды. Сол кісі мен Жанаман ахунның арасында жақсы сыйластық болды. Олардың риясыз достығына, құдалықтарын былай қойғанда, заманы бір, ниеттестігіне көпшілік сүйсінетін.

Жанаман атаның асыл сүйегі Мырзақоңырдағы мешіт жанынан мәңгілік қоныс тепті. Оның басындағы құлыптаста: «Ей, менің қабірімнің басына келушілер! Мен де сендердей болып өмір сүрдім, сен де мендей боларсың» деген тіріні тәубеге келтіретін, кейінгі ұрпақты астамшылық жасаудан сақтандыратын ұлағатты сөз жазылған.

2004 жылы Бегімбет ауылының тұрғыны Рүстем Нәжімадинұлы деген азамат атадан аян алып, Мырзақоңырдағы көне мешіттің орнына биіктігі он метр мұнарасы бар ауқымды мешіт салуға бастамашы болды. Бұл игілікті іске ата есімін үнемі құрметтеп жүретін, әруағына сыйынатын ел-халық та аянбай көмектерін жасады.

Мен Жанаман ахунның қуғын-сүргін заманында көп баладан аман қалған жалғыз қызы Бибіштің жолдасы ретінде ата тәрбиесін, тағылымын көп көрдім. Дүниеден өткенінде заманында өзі салдырған мешітінің жанына жеткізіп, аманатын орындағанымды перзенттік парызым, ата алдындағы борышым деп есептедім.

Сонымен, Жанаман ата туралы кейінгі ұрпақтың құлағына жетсе деген ойымызға сәйкес ең алдымен айтарымыз — ол кісі халық арасында қапысыз құрметке, ерекше сыйға ие болды. Көсемсіп көп сөйлемейтін, кездескен адамына ықыласы құлап тұратын қасиеті ол кісіні ерекше ажарландыратын. Үйіне сәлем беріп адамдар көп келуші еді. Бір қызығы, солардың әрқайсысына бөлек-бөлек қазан көтертеді. Сондай-ақ, келген қонақтың баласына тәбәрік деп, қолына түскен ақшасын беретін.

Жанаман атаға тән қасиет — кішіпейілділігі, сабырлылығы, тақуалығы. Өзіне берілген сұрақтарға байыппен, ұғынықты етіп жауап беру — ол кісінің әдеті. Бір ретте оған «Ата, мына өмірде малға немесе адамға істеген қиянатыңыз болды ма?» деген сауал қойылады. Сонда ойланып отырып: «Бір жылы Мұзбелден шығып Ұлықұмға бет алып келе жатыр едім, астымдағы қара жорға сүрініп кетті, сонда ашумен атымды омырауынан қамшымен тартып жіберіп едім, қолым батыңқырап кетті. Сол қылығым артықтау болды, әлі ойымнан кетпейді. Алла алдында жауабы не боларын бір Алланың өзі біледі» деп жабырқау жауап беріпті.

Осындай тәубешілдік оның мәртебесін биіктете түсетін. Ел құрметіне бөленген сол биік қалпында өмірден өтті. Содан бері араға нақ елу жыл түсіпті. Ал ата есімі бүгінгі ұрпақтар алмасып, жаңа буын өкілдерімен дүние жаңарып жатқанда да халық жадында сақталып келеді.

Жоламан ҚҰРМАНАЛИН,

зейнеткер.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*