Басты бет » Басты жаңалықтар » Құрылысшыларға құрмет: үш бөлмелі пәтер мен автокөлік табысталды

Құрылысшыларға құрмет: үш бөлмелі пәтер мен автокөлік табысталды

Кеше Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы мәдениет және демалыс саябағында Құрылысшылар күніне орай салтанатты шара өтіп, бірқатар сала мамандарына сый-құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Қоғамдағы сыйлы мамандықтардың бірі — құрылысшы. Өйткені бұл саламен көп нәрсе байланысты. Адамға қуанышты көңіл күй, жақсылық сыйлайтын мамандықтардың бірі бұл.

Еліміз Тәуелсіздік алғалы Қазақстанның, соның ішінде Астананың қалай дамып жатқанын өздеріңіз көріп жатырсыздар. Миллион тұрғыны бар әсем қала пайда болды. Соның бәрі құрылысшылардың төккен тері, қажырлы еңбегінің арқасында екені сөзсіз. Ақтөбенің құрылысшылары да, жылдың қай мезгілі болсын, тынбай жұмыс жасайды. Салынып жатқан ғимараттар — солардың еңбегі. Сондықтан әуелі осында отырған ардагерлерге рақметімді айтқым келеді.

Енді шамамен он күннен кейін Астана қаласында «Бейбітшілік қабырғасы» бой көтермек. Бұл — Ақтөбе облысының Астананың 20 жылдығына жасаған сыйы. Оны да салуға қаржылай көмектескен — сіздерсіздер.

Құрылысшы мамандығы қай кезде де керек. Өмір болғаннан кейін әлеуметтік ғимараттар, зауыт-фабрикалар салынуы қажет. Соның баршасы сіздердің арқаңызда тұрғызылады. Сіздерді облыс басшылығы атынан осынау үлкен мерекемен құттықтаймын! Үйлеріңізде әрдайым аманшылық, бейбітшілік, құт-береке болсын! — дей келе, «Сәулет Құрылыс Сервис-2007» ЖШС көлік жүргізушісі Алмас Құжановқа үш бөлмелі пәтердің сертификатын, ал «Фагот и К» ЖШС бас инженері Зинаида Примакқа «Лада Ларгус» маркалы автокөліктің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, бір топ адамды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің атынан «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» төсбелгілері мен Құрмет граматосымен, Алғыс хаттармен марапаттады. Ал осы саланың 8 ардагеріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен 50 мың теңге, тағы бірқатар еңбек адамына 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар берілді. Жалпы, 50-ден астам маман Алғыс хат алып, 47 мереке иесі ақшалай сый-сияпатқа кенелді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста құрылыспен айналысатын кәсіпорындардың жалпы саны — 2478 болса, оның 1594-і нақты әрекет етуші ұйымдар. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр өңірде 792,3 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Бұл — 4723 жаңа пәтер мен 1879 жеке үй.

Мерекелік шара ақтөбелік өнерпаздардың дайындаған концертіне ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*