Басты бет » Жаңалықтар » Әйтеке би ауданының күндері басталды

Әйтеке би ауданының күндері басталды

Кеше Ақтөбе қаласында дәстүрге айналған «Туған жерім — нұрлы елім» облыстық акциясы аясында Әйтеке би ауданының күндері басталды. Екі күнге жоспарланған ауданның мәдени, спорттық, қайырымдылық шараларының бастауы қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан, атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері — Әйтеке би ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен ашылды.

Ертеңгілік ескерткіш жанындағы алаңға  Әйтеке би ауданының құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, жастар, қалың көпшілік жиналды.

Алғашқы құттықтау сөзді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова алып, аудан күндері аясындағы шаралардың сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

— Биыл үшінші жыл қатарынан Ақтөбе қаласында облыс әкімінің бастамасымен «Туған жерім — нұрлы елім» акциясының бастау алғаны белгілі. Осы орайда 17-18 тамыз күндері Әйтеке би ауданының күндері жоспарланып отыр. Бұл шараның  жастарға берер тәрбиелік мәні зор. Сондықтан баршаңызды тамашалауға шақырамын.

Әйтеке би өзін дана, әділ би, шешен, ішкі және халықаралық мәселелерді шешуде төреші, жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсету жолында үлкен үлес қосқан озық ойлы қайраткер ретінде таныта білді. Ұлы билер өмір сүрген кезең тарихымыздың тәлімі мол, ел үшін үлгі боларлық ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келекшекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген.

Осындай айтулы күні Әйтеке би бабамызды еске ала отырып, барша ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, — деді ол.

Шара барысында Әйтеке бидің ұрпағы, педагогика, білім саласының ардагері Бағдат Еңсепбаев сөз сөйлеп, қазақ мемлекетінің қалыптасуына зор үлес қосқан мемлекет қайраткерінің өмір жолынан сыр шертті.

— Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында Әйтеке бидің қоры құрылды. Сол қордың ұйымдастыруымен өзге облыстарда, қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждерде, мектептерде түрлі конференциялар, семинарлар өткізіліп, жастарға Әйтеке бидің өткен жолы туралы айтылды.

Бүгін Ақтөбенің төрінде жиналып отырмыз. Болашақта жас ұрпақтың арасынан осындай ел болашағының дамуына өз үлесін қосатын азаматтар шығады деген ойдамыз, — деді.

Жиында Әйтеке би ауданының құрметті азаматы Ақансері Ермағанбетұлы сөз сөйлеп, туған жерден түлеп ұшқан белгілі кәсіпкерлер мен азаматтарды өз өңірінің гүлденуіне атсалысуға шақырды.

Сондай-ақ бұл шара Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов пен Қ.Шаңғытбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында аудандық «Замандас» халықтық театры Қ.Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай» пьесасын сахналады.

Спектакльдің режиссері Гүлдана Қалмағанбетованың айтуынша, қойылым —жас ұрпаққа үлкенді сыйлау, құрметтеу қасиеттерін үлгі етеді.

Айта кетейік, бүгін Әйтеке би ауданының күндері аясында «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Сондай-ақ, қайырымдылық және Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*