Басты бет » Басты жаңалықтар » Спортшылар марапатталды

Спортшылар марапатталды

Кеше Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында Спорт күніне арналған мерекелік шара өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, спорт саласының ардагерлері мен белгілі спортшылар қатысты.

Мерекелік шара «Мега Старс» үлгілі би ансамблінің биімен басталды.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Қоғам үшін де, мемлекет үшін де спорттың маңызы зор. Спорт, ең алдымен, бізге күш-қайрат, жігер береді. Спорт арқылы біздің ұлтымыз, мемлекетіміз басқа ұлттарға, мемлекеттерге танылады, спорт арқылы біздің абыройымыз артады. Тәуелсіздік алған 26 жылда Қазақстанда спорттың дамуы үшін көп жағдай жасалды, Мемлекет басшысы спорт саласын айрықша қолдап келеді. Қазақстан барлық олимпиадаларға, дүниежүзілік, еуропалық, азиялық жарыстарға қатысып, спортшыларымыз Мемлекеттік Гимнімізді шырқап, Туымызды аспанға көтеріп жүр. Соның нәтижесінде бүгінде елімізді әлем таниды. Кеше Индонезияның астанасы — Джакарта қаласында Азия ойындары басталды. Оған еліміздің командасы қатысып жатыр. Соның ішінде біздің облыстан 8 спортшымыз бар. Өңірде Елбасының тапсырмасын орындай отырып, спорттың дамуына, жақсы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанына сіздер куәсіздер. Биыл, міне, Жекпе-жек сарайында екінші рет кәсіби мерекелеріңізді атап өтіп отырсыздар. Биыл облыста спорт саласы бойынша көптеген жаңа ғимараттар, атап айтсақ, Мұз сарайы, аудандарда спорт кешендері мен спорт алаңдары іске қосылмақ. Мақсат — 2020 жылға дейін облыстың барлық елді мекендерінде спорт алаңдарын, мектептерде спорт залдарын салу, қысқы, жазғы спорт түрлерінен командалар дайындап, елімізде өтетін барлық чемпионаттарға қатыстыру.

Облыс басшылығы атынан спорт ардагерлерін, барлық спортшыларды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, сіздерге табыстар және жеңістер тілеймін, — деді облыс әкімі.

Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы №4 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебінің әйелдер күресі бөлімінің аға жаттықтырушысы Богдан Гладенькийді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және дзюдо күресінен КСРО спорт шебері, самбо күресінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Жастар» облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі дзюдо бөлімінің әдіскері Гүлнар Көшербаеваны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапаттады.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев спорт саласының 5 қызметкеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет Грамотасын, 9 спортшыға облыс әкімінің Алғыс хатын,

3 белсенді азаматқа арнайы диплом табыс етті.

Сонымен қатар мерекелік шарада Алға балалар үйінің 7 тәрбиеленушісіне, сондай-ақ аталған мекеменің директоры Кенжеғазы Байғазинге кёрлингтен «Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне үміткер» спорттық разряды бойынша куәліктер табысталды.

Бұдан кейін шарада грек-рим күресінен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, №4 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебінің грек-рим күресі бөлімінің аға жаттықтырушысы  Мұқанбетжан Зарлықов облыстағы барлық спортшылар атынан облыс әкіміне ризашылығын жеткізіп, естелік сыйлық ұсынды.

Шарада жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионы, спорт шебері Астам Бағандықов фортепианода музыкалық композиция орындап, LED-экраннан облыстан шыққан спортшылардың жетістіктері көрсетілді. Жас мәнерлеп сырғанаушылар мен «Жастар» облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорттық би тобының спортшылары өнер көрсетіп, жас спортшылар таэквандо мен ушу-таолудан өз шеберліктерін ортаға салды.

Мерекелік шарада облыстағы спортты дамытуға белсенді атсалысқан, биылғы жылы жоғары нәтиже көрсеткен бір топ спортшы, сондай-ақ қоғамда спорт саласын насихаттауға мол үлес қосқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

Шара соңында жас спортшылар мен өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

                                                       Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*