Басты бет » Жаңалықтар » Әбілқайыр хан — ерекше тұлға

Әбілқайыр хан — ерекше тұлға

«Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясындағы Ақтөбедегі Әйтеке би ауданының күндері Әбілқайыр ханның туғанына 325 жыл толуына орай ұйымдастырылған ақпараттық-танымдық конференциямен ашылды.

Қазаққа елдігінен, бірлігінен айырылу қаупі төнген, халқымыздың тарихындағы ең бір ауыр кезеңде ел басқарған, бүкіл ғұмырын ат жалында өткізген Әбілқайыр ханның асыл сүйегі Әйтеке би ауданының топырағында екені баршаға белгілі. Кемеңгер тұлғаның 325 жылдық мерейтойына арналған ақпараттық-танымдық конференция Әйтеке би аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен, С. Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапхананың «Қаламгер» әдеби қонақжайында өтті.

Жиынды аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев ашты:

— Бұл конференция Елбасы бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Әбілқайыр хан — халқымыздың тарихында ерекше орны бар тұлға, ал оның мерейтойы — барша қазақ үшін маңызы зор оқиға. Сондықтан біз биылғы аудан күндерін даңқты бабамызға арналған шарамен бастауды жөн көрдік, — деді ол.

Жиынды жүргізіп отырған аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Алпамыс Жалмұханбетов Әбілқайыр ханның өмірбаяны мен қайраткерлік тұлғасына қатысты құнды мәліметтерді көптеп келтірді.

Зал толы жұртшылық алдында тарих ғылымдарының докторы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Нұртаза Абдоллаев, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, т.б. баяндама оқыды.

Профессор Нұртаза Абдоллаев зерттеушілер арасында Әбілқайырдың тұлғасы мен тарихтағы орнына қатысты пікірталастардың әлі де толастамағанын, жуық арада толастар түрі көрінбейтінін айта келіп:

— Дегенмен, соңғы жылдардағы зерттеулерде оң бағытқа бет бұру байқалады, әсіресе, Әбілқайыр мен Абылайды шендестірудің, саясаттағы бақталас тұлғалар ретінде көрсетуге тырысудың жөнсіз екенін көпшілік түсініп келеді, — деді.

Еркін Құрманбеков өз баяндамасында Әбілқайыр ханның ұрпақтары жөнінде сөз қозғады. Әбілқайыр ханның ұрпақтары арасында хан болған, хандық билік жойылғаннан кейін де саясатқа араласқан, ғылым жолына түскен, өнерімен елге танылған белгілі тұлғалар өте көп. Баяндамашы олардың арасынан Ресей Думасының депутаты болған Бақытжан Қаратаев, патша армиясында қызмет етіп, генерал-полковник шеніне дейін жеткен Ғұбайдолла Жәңгіров, атақты әнші Мұхит Мерәліұлы, күйшілер — Дәулеткерей Шығаев пен Қамбар Медетов жөнінде әңгімеледі. Ал өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайдың баяндамасында Ақтөбе топырағындағы Әбілқайыр ханның ізі қалған тарихи орындарға қатысты деректер, оларды ішкі-сыртқы туризмді дамыту үшін пайдалануға байланысты пікірлер айтылды.

Жиыннан кейін жұртшылық арнайы жайылған дастарқанда бас қосып, Әбілқайыр ханның аруағына Құран бағышталды.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.    

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*