Басты бет » Жаңалықтар » «7-20-25» бағдарламасы бойынша 39 өтінім мақұлданды

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 39 өтінім мақұлданды

Осы жылғы 14 тамыздағы жағдай бойынша, Ақтөбе облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алу үшін 320 миллион теңгеден астам сомаға қарыз беру туралы 39 өтінім мақұлданды. 15 болашақ жаңа қоныс иесі ендігі қарызды алып та үлгерді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов аймақта  жаңа ипотекалық бағдарламаны іске асыру туралы жиында мәлімдеді.

Биылғы жылы облыс көлемінде барлығы 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жаңа тұрғын үймен 24 мың тұрғын қамтамасыз етіледі.

— Бағдарламада тек бастапқы тұрғын үйді сатып алу көзделгенін ескерсек, жыл сайын тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін кем дегенде 8-10%-ға арттыру қажет. Бізде жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі үшін ең төменгі шығындар — орта есеппен 120-150 мың теңге. Сондықтан біздің аймақта «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру әлеуеті өте үлкен, — деді С.Төленбергенов.

Жиын барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларындағы қорытындылары талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, облыс барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсетуде. Облыс әкімі қарқынды төмендетпеуді және жыл соңында Президенттің экономика өсімін кем дегенде 5% деңгейде орындау тапсырмасын қамтамасыз етуді тапсырды.

— Біздегі резервтер мен әлеуетті ескере отырып, қойылған міндеттерді орындаймыз деп сенемін, — деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан басқа, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, жыл басынан бері ірі қара қара мал 7,3%-ға, ұсақ малдар 2%-ға өсті. Сонымен қатар биылғы жылдың басынан бері мал шаруашылығына 3,5 миллиард теңге субсидия бөлініп, саланы дамытуға көп көңіл аударылуда. Нәтижесінде асыл тұқымды ірі қара малды өсіру 6,5%-ға, ұсақ малдар 12,5%-ға, асыл тұқымды жылқылар — 17,5%-ға артты. Есеп беру кезеңінде якорлық  кооперация аясында аймаққа шамамен 6 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілді, жыл соңына дейін тағы кемінде 4 мың бас сатып алынатын болады.

Облыс әкімі есепті тыңдап шығып, жыл басынан бері ауыл шаруашылығында көптеген көрсеткіштер бойынша оң серпінге қол жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар ол ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді ұлғайту, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыру және якорлық жобаларды дамыту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*