Басты бет » Жаңалықтар » Жұмысшыларға 90 пәтер берілді

Жұмысшыларға 90 пәтер берілді

«Казхром» ТҰҚ АҚ филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 75 жылдық тойы қарсаңында зауыттың бірқатар қызметкерлеріне баспана кілттері табыс етілді.
Мерейтойлық іс-шаралар шеңберінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті Арман Есенжолов Батыс-2 шағын ауданында салынған 90 пәтерлік жаңа үйге барды. Мерекелік салтанат барысында өндірістегі тапшы кәсіп иелеріне, кәсіпорынның жас және білікті мамандарына пәтер кілттері тапсырылды. «Казхром» ТҰҚ АҚ президенті А.Есенжолов пен облыс әкімі Б.Сапарбаев төл мереке иелерін Металлургтер күнімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі:
— Əр адам үшін баспананың болуы аса маңызды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының негізгі бағыты да осы— Қазақстан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің жақсы болуы, баспанамен қамтамасыз етілуі. Осы бағытта елімізде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» секілді бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. ERG компаниясы тарапынан 15 жылда өз қызметкерлеріне арнап 12 үй берілді. Соңғы екі аптаның ішінде Ақтөбе облысының өзінде екінші үй беріліп отыр. Оның бірі 4 шілде күні Хромтау қаласындағы Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшыларына берілсе, екіншісі, міне, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 75 жылдығы қарсаңында аталған зауыт жұмысшыларына беріліп отыр. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының облыс экономикасының дамуында  маңызы зор. Кәсіпорын өз кадрларына барынша жағдай жасап отыр, бұл кәсіби білікті мамандардың басқа өндірістерге кетіп қалмауына, тұрақты жұмыс істеуіне, ертеңіне сеніммен қарауына септігін тигізеді, —  деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Жаңа тұрғын үйдегі бір шаршы метрдің құны шамамен 110 мың теңге. Еуразиялық топтың тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлерді 20 жылға дейін төмен пайыздық мөлшерлемемен сатып алу құқығымен жалға беру қарастырылған. Бұл іс-шара Елбасының «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қазақстан ипотекалық компаниямен арадағы келісімге сәйкес жүзеге асырылды. Тұрғын үйді рәсімдеу «2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасы» бойынша жүргізіледі.
Салтанатты мереке барысында металлургтерді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті Арман Есенжоловтар да құттықтады.
Айта кету керек, бұл Ақтөбе қаласында ферроқорытпа зауытының жұмысшылары мен басқарма аппаратына Еуразиялық топтың тұрғын үй бағдарламасын іске асыру шеңберінде беріліп отырған үшінші үй. 2006 жылдан бастап аталған бағдарлама аясында Ақтөбе қаласында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 264 жұмысшысы баспаналы болды.
Бұдан соң Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Еуразиялық Топ пен «Қазхром» басшылығы Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткзілген мерекелік іс-шараға қатысты. Бұл салтанатты шараға кәсіпорынның бұрынғы директорлары, зауыт ардагерлері мен жұмысшылары шақырылған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*