Басты бет » Мәдениет » Ақтөбе аспаны астындағы сурет

Ақтөбе аспаны астындағы сурет

Ақтөбеде облыстық өнер музейінің ұйымдастыруымен бір апталық «Plein Air Aktobe» халықаралық кескіндеме симпозиумы өтті.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астананың 20 жылдығына орай өткен симпозиум 20-дан астам суретшінің басын қосты.

Кескіндеме жанрына, қалалық пейзаждарға қызығушылықты қалыптастыру, облыстық өнер музейі қорын симпозиум қатысушыларының туындыларымен толықтыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Башқұртстан, Өзбекстан, Татарстан, Ресей Федерациясының Пермь, Орск, Тамбов қалаларымен қатар еліміздің өзге де өңірлерінен жиналған қылқалам шеберлері қатысты.

Облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібекованың айтуынша, бұл —Ақтөбеде осымен үшінші рет өткізіліп жатқан халықаралық симпозиум.

Бұған дейін облыстық өнер музейінің ұйымдастыруымен халықаралық симпозиум 2011 және 2015 жылдары өткен болатын. Бұл жолы Астананың 20 жылдық мерейтойына орай еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосу, өзге елдер арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты дамыту тұрғысында өтіп жатқан симпозиумның кез келген қылқалам шебері үшін маңызы зор, — дейді І.Әлібекова.

Бір аптаға жалғасқан шара барысында суретшілер түрлі шеберлік сағаттарын өткізіп, Ақтөбенің көрікті тұстарын аралады. Суретшілерге қойылған басты талап — Астана мен Ақтөбенің көрікті жерлері бейнеленген екі картинадан ұсыну.

Симпозиум қорытындысы Өнер орталығындағы картиналар көрмесімен аяқталды. Бұл жерде барлық қатысушыларды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева құттықтап, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Көрмеге қойылған жұмыстардың шеберлігінен көз сүрінеді. Өнерсүйер қауымның назарына ұсынылған экспозициялардан Ақтөбе мен Астананың табиғат суреттері бейнеленген пейзаждарды, қос қаланың көрікті ғимараттарын, сондай-ақ өзара үйлесім тапқан композицияларды да көруге болады. Барлығына ұсынылған тақырып бір болғанымен, көрмеге қойылған жұмыстар өзіндік ерекшелігімен сан алуан.

Аталмыш көрме барысында Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген суретшісі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Вакиль Шайхетдиновпен сөйлесудің сәті түсті.

Жастайынан қылқаламды жанына серік еткен В.Шайхетдинов Ақтөбедегі шараның басты ерекшелігі реалистік бағытта өткендігін айтты.

— Көптеген шетелдерде болып, түрлі симпозиумдарға қатысып жүргеніммен, мен үшін бұл жолғы сапардың әсері ерекше болды. Ұлан-ғайыр қазақ даласының кеңдігін көріп, бір демалып қалдым. Дархандықты байқадым.  Сондай-ақ бұл жолы біз жүрегіміз қалаған жерде көргенімізді салдық. Көзбен көріп салған дүние мүлде бөлек. Ол адамды ерекше еліте түседі. Бұған дейінгі симпозиумдарда тек шеберханаларда ғана жұмыс жасайтынбыз. Ал нағыз өнер иесіне бұл таршылық етеді, — дейді Вахиль Шайхетдинов.

Жазған жұмыстарынан сұлулық та, нәзіктік те, батылдық та байқалатын Вакиль Шайхетдинов Ақтөбенің көрікті жерлерінен «Нұр Ғасыр» мешітін бейнелеген. Қарап қалғанда қаланың орталығында орналасқан мешіттің суретін бейнелеген шебер бір картинасына бірнеше үйлесім мен мағына  сыйдырыпты.

Мешіттің жоғары жағында ақтөбеліктердің сүйікті орындарының бірі Бірлік пен келісім сулы-жасыл гүлзарында орналасқан «Шаңырақ» бейнеленген. Достық пен бірліктің таңбасына айналған Шаңырақ картинаның да ажарын ашып тұр. Рухани жаңғыруымыздың символына айналған қыран бейнесі де білінер-білінбес картинаның жоғары тұсынан орын алыпты. Қазақтың бар болмысын әдемі бір картинаға сыйдырған суретші аталған жұмысты 2 күн салған. «Егер барлық құралдар дайын болса, бір күнде салып бітіруге де болатын еді», — дейді ол.

— Өнерде шекара жоқ деген рас екен. Бүгін менің шығармашылық қоржыным тағы бір ерекше жұмыстармен толықты. Мен үшін бұл симпозиумның пайдасы зор болды. Алдағы уақытта талайды тамсандыратын картиналар жасайтын дүниелер жинадым. Ақтөбеде бірінші рет болуым. Өте әсем қала. Ендігі мақсатым — ел аузында жүрген Астана қаласына бару, — дейді суретші.

Уфадағы мемлекеттік өнер институтын бітірген суретші бүгінде Башқұрт жерінде өнерді ерекше бағалайтын қылқалам шеберлерінің саны өсіп келе жатқандығын айтады. Ол оны Ақтөбеден де байқапты. Өйткені симпозиумға қатысқан суретшілердің сегізі — ақтөбелік.

Айта кетейік, көрмеге қойылған барлық картиналар облыстық өнер музейінің қорына тапсырылады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*