Басты бет » Жаңалықтар » Юнеско ұйымдастырған фестиваль

Юнеско ұйымдастырған фестиваль

Жақында Астана қаласында «The Planеt of ART» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Кеш барысында Елордамыздың 20 жылдығына арналған «Астана — бейбітшілік қаласы» атты арнайы балалар шығармашылығы альбомының тұсаукесері өтті. Шараның өтуіне ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қоры және қазақстандық және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ЮНЕСКО клубтары мен ассоциацияларының федерациясы ұйытқы болды.

Фестивальдің мақсаты —  жас ұрпақ арасындағы достастық қарым-қатынасты нығайту.

Төрт күнге созылған шара қызықты әрі тартымды өтті. Фестивальге 20-дан астам елден 100-ге жуық жас суретші қатысты.

Фестивальдің бірінші күні балалар ҚР Суретшілер одағының өкілдерімен кездесті, сонымен қатар Этноауылға саяхат жасады. Ал шараның екінші күні өзінің мәдени бағдарламасымен ерекшеленді. Қатысушылар «Астана: келісім мен бейбітшілік орталығы» халықаралық конференциясына қатысты. Тренинг өтті. Сондай-ақ,  шетелдік балалар еліміздің салт-дәстүрлерімен танысты, қаланың көрікті жерлеріне серуендеді.Үшінші күні әр финалист өз елінің ұлттық билері мен ән-күйлерін орындау арқылы көрермендерді өз халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен таныстырды. Шара барысындар суретші-педагогтер шеберлік-кластар өткізді. Соның ішінде Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінің педагогі Ләйла Мырзалықызы «Ұлттық стильдегі шағын ашық хат» жасау тәсілін көрсетті.

Айта кету керек, фестивальдің жабылуы аясында Астананың 20 жылдығына арналып жарық көрген «Астана — бейбітшілік қаласы» атты балалар шығармашылығының арнайы альбомының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, аталған жинаққа кірген үздік жұмыстардың көрмесі ұйымдастырылды. Альбомға Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың және ЮНЕСКО бас директоры О.Азуленің алғы сөздері берілген. Бұл жинаққа Ақтөбе қаласындағы көркемсурет лицейінде дәріс алатын 7 жас суретшінің шығармалары жарияланды.  Ол оқушылар: Нұрасыл Таженова, Жұпар Матжан, Валерия Звягинцева, Әсия Мерхайдарова, Нұрқанат Есенбаев, Диана Өтетілеуова, Динара Сексембаева.

Фестиваль қорытындысында үш қазақстандық оқушы (Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан) марапатқа ие болды. Оларға фестиваль демеушісі «Samsung» компаниясы соңғы үлгідегі «Samsung» S9 ұялы телефонын тарту етті. Ақтөбеден жұмысы жоғары бағаланып, марапатқа ие болған — көркемсурет лицейінің биылғы түлегі Диана Өтетілеуова.

Басқа елдерден қатысқан әр оқушыға фестивальдің арнайы дипломдары және жинақ альбомы табыс етілді.

Л.ТАЖЕНОВА,

Ақтөбе қалалық көркемсурет

лицейі шығармашылық пәндер мұғалімі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*