Басты бет » Басты жаңалықтар » 1 шілдеден бастап қандай өзгерістер болды?

1 шілдеден бастап қандай өзгерістер болды?

Биыл 1 шілдеден бастап елімізде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері, жалақы, сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсетуде бірқатар өзгерістер болды. Сонымен…

Зейнетақы мен жәрдемақы өсті

Елбасының халыққа арнаған Жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны еңбек өтіліне қарай 1,8 есеге ұлғайту турасында тапсырма берілгеннен бері, зейнеткерлердің осы уақытты тағатсыздана күткені анық. Әр айдың алғашқы күнінде зейнетақы мен жәрдемақы алатындар үшін көптен күткен шілде де туып, зейнеткерлер қайта есептеу арқылы тағайындалған зейнетақыларын алды.

Биыл 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгерді. Қазіргі күні базалық зейнетақы азаматтардың еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болды. 1 шілдеге дейін барлық зейнеткер еңбек өтіліне қарамастан, бірдей базалық зейнетақы алып келді. Оның көлемі 15274 теңгені құрады. Яғни базалық зейнетақының мөлшері төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайыз көлемінде белгіленген болатын. Енді базалық зейнетақы азаматтар жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған кезде, яғни ерлер үшін 63 жаста, ал әйелдер үшін 58,6 немесе 63 жаста жалпы еңбек өтіліне байланысты тағайындалады, — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаров.

Оның айтуынша, базалық зейнетақы тағайындауда жаңа механизм енгізудің маңыздылығы мынада: егер азамат жұмыс істеп және жинақтаушы зейнетақы қорына 10 жыл зейнетақы жарнасы аударылған болса немесе мүлде жұмыс жасамаған болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы мөлшерінде тағайындалатын болады. Яғни базалық зейнетақының бүгінгі мөлшері баламалы түрде тағайындалады. Ал 10 жылдан артық жұмыс жасағандарға он жылдан артық жасаған әрбір жылы үшін базалық зейнетақы 2 пайызға өсіріліпті. Мәселен, еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызы немесе 20930 теңге, 30 жыл жұмыс жасаған болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 94 пайызы немесе 26587 теңгені құрапты. Еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызы көлемінде тағайындалған. Мұның мөлшері — 28284 теңге.

— Бұл жаңашылдық болашақ зейнеткерлерге де және зейнеткер болып табылатындарға да қатысты. Биыл 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа әдістемесі әлеуметтік әділеттілік қағидасына сәйкес келеді. Себебі бұл зейнеткерлердің материалдық жағдайын жақсартып қана қоймайды, азаматтарды еңбекке ынталандырады және еңбек қатынастарын заңдастыруға мүмкіндік береді, — деді І.Орынбасаров.

Бүгінгі күні облыста 91034 зейнеткер бар. Қазіргі күні оның 2714-іне құрылымдық күштер тарапынан зейнетақы тағайындалады. Еліміздегі зейнетақы реформасына байланысты облыстағы 88320 базалық зейнетақы алушы зейнеткердің еңбек өтілі қайта қаралыпты. Нәтижесінде, 1 шілдеден бастап облыстағы зейнеткерлердің 95,8 пайызының базалық зейнетақысы өскен. «Базалық зейнетақы мөлшерін арттыру жұмыстары толығымен атқарылды. Осы 88320 зейнеткердің 35720-сы немесе 40,4 пайызы 1 шілдеден бастап күнкөріс деңгейінің 100 пайыз мөлшерін алды. Бұл — 13010 теңге. Ал 48954 зейнеткердің зейнетақысына күнкөріс деңгейінің 56 пайыз мөлшері, яғни 12444 теңге қосылды. Қалған 3646 зейнеткердің зейнетақысы өзгеріссіз қалды. Себебі бұл зейнеткерлердің еңбек өтілі 10 жыл немесе одан да аз, тіпті еңбек өтілдері құжаттармен расталмаған немесе мүлдем жоқ», — деді корпорация өкілі.

Осындай қайта есептеуден кейін қолына зейнетақысын алған зейнеткерлердің арасында түсінбестік танытып, филиалға қоңырау шалып, бүгінде табалдырықты тоздырып жүргендер де бар көрінеді.

«Неге менің зейнетақым аз» дегендер халықтық кеңсеге келіп, мамандардан мән-жайды сұрауына болады. Ол үшін халықтық кеңсенің 4-қабатынан арнайы терезе дайындалды, сонда маман әрбір зейнеткерге түсіндіреді. Сонымен қоса, бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары фронт-кеңседе де зейнеткерлердің сауалына жауап береді. Себебі 1 шілдеден бастап зейнетақысы өсірілген немесе өзгеріссіз қалған зейнеткердің барлығы да келуі мүмкін. 1998-1999 жылдары, әсіресе мұғалімдер мен дәрігерлерге, ауыл шаруашылығы саласында бюджеттік мекемелерде еңбек еткендердің зейнетақы қорына жарна дұрыс аударылмаған. Бұл іс беріректе түзелді. Сондықтан аталған салаларда еңбек еткен зейнеткерлер осы мәселемен келеді. Мәселен, мектепте 1980-2015 жылдар аралығында үзіліссіз еңбек еткен болуы мүмкін. Зейнетақы тағайындалған кезде еңбек кітапшасындағы 1980-1998 жылдар аралығындағы еңбек өтілі алынады. Ал 1998-2015 жылдар аралығындағы еңбек өтілі 17 жыл болуы керек. Зейнетақы тағайындаған кезде, ол он жыл болып қалуы мүмкін. Себебі, 1998 жылы 12 айдың 3 айында, ал 1999 жылы тек 4 ай ғана зейнетақы жарнасы аударылған болуы мүмкін. Жарна мүлде аударылмаған болуы да мүмкін. Сондықтан осындай азаматтардың еңбек өтілі азайып, осы мәселемен бізге келіп жатыр. Біз мұндай зейнеткерлердің зейнетақысына сот шешімі арқылы ғана өзгеріс енгіземіз. Ол үшін сотта еңбек өтілін дәлелдеуі керек. Бұл мәселе бойынша құжаттарды 2 шілдеден бастап қабылдадық.  Бүгінгі күні онға жуық зейнеткердің зейнетақысы сот шешімі арқылы өзгертілді, — деді І.Орынбасаров.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін жаңа мемлекеттік жәрдемақы төленетін болды. Мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес болатын мұндай жәрдемақыны облыста 487 отбасының ай сайын алуына мүмкіндігі бар. І.Орынбасаровтың айтуынша, қазіргі күні осы жаңа мемлекеттік жәрдемақыға қажетті құжаттарды қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қосымша еңбекақы мөлшері — 29 миллиард теңге

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастаманың» екінші бастамасында жалақысы төмен жұмысшы­лар­дың еңбекақысын көбейту үшін олар­­дың салық жүктемесін азайту мін­де­тін қойған болатын. Бұл шара халық­тың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәлі­метінше, осы бастамаға сәйкес, жалақысы 25 айлық есептік көрсет­кіш­тен немесе 60 125 теңгеден аз жұмысшылар үшін жеке табыс салығының мөлшер­ле­месін 10 есеге төмендету ұсынылады.
«Тұтастай алғанда, республика бойынша мұндай төмен еңбекақыны 2 миллионнан астам адам алады. Олар негізінен, ауыл шаруашылығы мен саудада еңбек етуде. Аталған баста­маны іске асыру мақсатында мемле­кеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы бірлесіп, жұмыс жүргізді. Жұмыс қорытын­ды­лары бойын­­ша жалақысы төмен жұмысшы­лар­ға салық салудың оңтайлы тетігі айқындалды», — деп мәлім етті ведомство.
Нәтижесінде, салық салынатын табыс 90 пайызға азайтылатын болады да, тек қалған еңбекақы көлемінен ғана 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы алынады. Осылайша, салық жүктемесі он есеге төмендейді. Сөйтіп, айлығы төмен жұмысшының жалақысынан небары 258 теңге ғана салық ұсталады.
«Бұл тетікті қолдану қызметкердің дереу және кепілдікті түрде қосымша табысқа ие болуына мүмкіндік береді әрі жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін де ұлғайтпайды. Сонымен бірге, жұмыс берушінің әкімшілік шығындары азай­ты­­лады. Осы арқылы республика бойын­ша жұмысшылар жалпы сомасы 29 миллиард теңге шамасында қосымша еңбекақы алатын болады. Салық заңнамасына тиісті түзетулер енгізілді. Олар 2018 жылғы 2 шілдеде Елбасы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында көзделген», — деп хабардар етті Ұлттық экономика министрлігі.
Бұл тетік 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс жасайтын болады.

Мемлекеттік сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді

Облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың айтуынша, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. «Ұсынылған түзетулер құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жеңілдету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында енгізілген. Бұл — Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 13 маусымдағы №562 бұйрығы негізіндегі өзгеріс», — дейді ол.

Қағидалардың тұжырымдамалық түзетулері: бірінші —  мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы рәсімделетін консорциалдық келісімнің үлгілік нысанын бекіту, екінші —  құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүзеге асыру кезінде жұмыс тәжірибесін есептеудің нақты регламенті, үшінші —  тапсырыс берушілердің міндетіне техникалық ерекшелікте сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің ұлттық стандартын (бар болса) көрсетуді енгізу. Олар болмаған жағдайда мемлекетаралық стандарттарды көрсету. Төртінші — өнім берушілердің міндетіне тауарларды жеткізу және жұмыстарды орындау кезінде, оларға тауардың шығарылғаны туралы сертификатты ұсынуды енгізу. Егер тауар Қазақстанда шығарылған болса, онда өнім беруші «СТ-КZ» сертификатын ұсынуға міндетті. Егер тауар импорттық өнім болса, онда шығарылған елдің тиісті уәкілетті органымен берілген, тауардың шығарылғаны туралы сертификатты ұсынады.

Автокөлікті онлайн тіркеу сервисі іске қосылды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірлесіп, электрондық үкімет порталында жаңа сервисті пилоттық режимде іске қосты. Енді қазақстандықтар автокөліктерін онлайн тәртіпте тіркей алады.

Егер азаматтың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы немесе Ішкі істер министрлігінің  тіркеу-емтихан бөлімшелеріне бармай-ақ, автокөліктерін электрондық үкімет порталында рәсімдей алады.

Мамандардың айтуынша, бұл — мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында жасалған шара. Автокөліктерді тіркеу қызметіне деген сұраныс қарқынды түрде өсіп келе жатқандықтан, бұл қызметті электрондық нұсқаға ауыстыру туралы ұсыныс жасалған. Бұл жаңашылдық қызмет алушылардың уақытын үнемдеп қана қоймай, сондай-ақ мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Портал арқылы өтінім бергенде, ешқандай құжаттың скан-нұсқасын ұсынудың қажеті жоқ, себебі қажетті мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйелер арқылы алынады.

Корпорация мамандарының айтуынша, бұған дейін көлікті сатушы мен сатып алушы өтінім беру үшін бір уақытта «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-кеңсесіне барып, қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс еді. Енді азаматтар өтінімді үйден шықпай-ақ, онлайн тәртіпте жолдай алады.

— Биыл 1 шілдеден бастап автокөлікті онлайн тіркеу сервисі іске қосылды. Қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталында авторизациядан өтіп, сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемдерін, техникалық жағдайын тексеруге сұраныс жолдауы керек.  Егер қарыздар болса, электрондық портал арқылы өтеуге болады. Мұнан кейін автокөлікті сатып алушы азамат электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы сатушы қалдырған өтініммен танысып, айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмір белгісіне, көлік құралын тіркеуге және тіркеу туралы куәлікке төлем жасай алады. Сатып алушы өзінің электрондық-сандық қолтаңбасымен смарт-келісімді растаған соң мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталына нөмір белгісін алып кету үшін ғана келеді. Сондай-ақ, нөмірді үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс беруге болады, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Әсел Мұстафина.

Енді жүргізуші куәлігінің мерзімі өткенге дейін ауыстыру немесе жоғалтып алған жағдайда медициналық тексерістен өтудің және психиатр, наркологтан анықтама әкелудің қажеті жоқ. Ал азаматтың электронды-сандық қолтаңбасы болса, жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталы арқылы онлайн тәртіпте ауыстыруға болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*