Басты бет » Әлеумет » Бастапқы жарна 20 пайызға дейін азайды

Бастапқы жарна 20 пайызға дейін азайды

Тұрғын үй

Енді тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болу үшін бұрынғыдай 30 пайыз емес, 20 пайыз бастапқы қаражат жинаса жеткілікті. Қазіргі уақытта аталған банк «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұмысты үш бағытта жүргізіп жатыр, олар —  жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік баспана құрылысы және жеке құрылыс компанияларын ынталандыру.

Салымшылар осы үш бағыттың ішінен өзіне ыңғайлысын таңдап, жылдық 5 пайыз мөлшерімен алдын ала немесе аралық несие алу арқылы баспаналы бола алады. Бүгінде Ақтөбе облысында«Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік баспана құрылысы» бағыты бойынша  2 327 пәтер пайдаланылуға берілді. Оның ішінде 9-қабатты үйлерден 1 184 пәтер және аз қабатты тұрғын үйлерден 949 пәтер берілді. Бұған қоса қазіргі уақытта банк тарапынан азаматтардың баспана алу туралы 1 241 өтініші мақұлданған.

«Нұрлы жер» бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша194 коттежді өз «иелеріне» беру жоспарланған. Бүгінде оның 73-інде қоныстойы тойланды.

— «Өз үйім» бағдарламасына да өзгерістер енгізілді.Несие бойынша ставка мөлшері 9,5 пайыздан 7 пайызға дейін төмендетілді. Банк тарапынан «7-20-19» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Яғни, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары баспана құнының 20 пайызына тең бастапқы қаражатын жинап, 7 пайыз жылдық мөлшермен 19 жылға дейін несиеге пәтер ала алады. Бұл бағдарламаға қатысу үшін салымшының атында үйдің болуы, болмауы маңызды емес. Тек банктің салымшысы болса, жеткілікті, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ АФ директорының орынбасары ЖанарІзімбетова.

«Нұрлы жер» бағдарламасыныңжеке құрылыс компанияларын ынталандыру бағытында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалыалты құрылыс компаниясымен келісімге қол қойды. Олар — жеке кәсіпкер «Орынбасаров» және «Соллерс», «Хиба-Наз», «Завод Светотехники-W», «СК Актобестрой Инвест», «Строй инвест ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бүгінге дейін аталған бағыт бойынша 45 пәтер берілді, тағы 235 пәтерде алдағы күндері қоныстойы тойланатын болады.

— Жаңа нысандарды банктің  baspana.kz порталы арқылы қарауға болады. Салымшылар порталдан өз жеке кабинетін ашып, жүргізіліп жатқан байқауға онлайн өтініш қалдыра алады. Бұған қоса қазіргі уақытта порталда әскери азаматтарға арналған askeri.baspana.kz ашылды. Әскерилерге де банк тарапынан бірнеше тиімді ұсыныстар қарастырылған, оны askeri.baspana.kz порталына тіркеліп, жеке кабинеті арқылы қарауға болады, —  дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ АФ директорының орынбасары Жанар Ізімбетова.

P.S. ҚР байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ АФ басшылығы облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, кәсіби мерекемен құттықтады. Еліміздегі тұрғын үй құрылысы саласында мемлекеттік бағдарламаларды жүргізіп, ел тұрғындарына тиімді шарттар ұсынып, әр қазақтың баспаналы болуына қызмет етіп жүрген банк қызметкерлері БАҚ-пен тығыз байланыста болу қажеттігін тілге тиек етті. Осы салтанатты кездесу барысында банктің Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетова мен бизнесті дамыту бөлімінің бас маманы Нұрболат Батыр «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілген өзгерістермен бөліскенболатын.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*