Басты бет » Әдебиет » Өзекті өртер Өтежан

Өзекті өртер Өтежан

ӨТЕЖАН НҰРҒАЛИЕВ — 80

Осы аптада қазақ өлеңіне таңғажайып құбылыс болып келіп, шоқтығы биік дүниелер қалдырған Ақтөбенің даңқты перзенті, аса талантты ақын Өтежан Нұрғалиевтің туғанына  80 жыл толады. Ел есінде өлеңімен ғана емес, қалыпқа сыймайтын мінезімен де қалған дарынды қаламгер осыдан он жыл бұрын зайыбымен бірге келіп, кіндік қаны тамған Байғанин топырағында аунап-қунап кеткен еді. Енді, міне, екеуі де өмірде жоқ…

Біз ақын аруағына тағзым ете отырып, оның үзеңгілес досы, марқұм Құрал Тоқмырзиннің ертеректе жазылған мақаласын ұсынып отырмыз.

Өтежан Нұрғалиев қазақтың жыр сүйер қауымына 1958 жылдың көктемінде қазіргі «Жұлдыз», ол кездегі «Әдебиет және искусство» журналының №4 соңғы беттерінен «сығалауы арқылы» (өз сөзі) елге көзайым боп, жұртшылықты тосын қуаныш пен таңданысқа, құмарлыққа кенелткені дәл бүгінгідей есте. Ол кезде осы жолдар иесі де «өлең» атты шатпағымен қазіргі «Ақтөбе», сол кезгі «Социалистік жол» газетінің беті арқылы жерлестеріне бірдеме айтқансып жатқан. Өтежанның поэзияда қара түнді қақ жарған нөсерлі найзағайдай жарқ ете түсуіне сол тұста әдебиет сүйер қауымға кәдімгідей танылып қалған жас жазушы, прозаик Тобық Жармағамбетовтің игі әсері болғанын еске мейірмен ала кеткен орынды болмақ. Өйткені ерен жомарт ер Тобық сол кезгі әдеби журналдың жауапты хатшысы ақын Қуандық Шаңғытбаевқа телефон шалумен бірге хат жазып, өзінің теріліп басылуға қойылған шығармасын алдырып тастап, Өтежанның өлеңдерін шұғыл түрде жариялауға өтініш білдірген. Сөйткен ер Тобық, ерен Тобық, Өтежан талантының жыр сүйер қауымды дүр сілкінтіп сүйсіндіретінін дәл болжаған сәуегей Тобық жас лицеист Пушкинге бата берген қарт Державин сынды қайрат-қимыл көрсеткенін біреу білсе, біреу білмейді…

Нөсерлі қара жаңбырда жер-дүниені сұрапыл жарқылымен, тау күңіренткен гүрілімен әрі қуантып, әрі үрейлентіп, әлемді игі арман-мұратқа жетелейтін сәуір айындай қуантқан мезгіл туған. Жұртшылықты толғақ қысқан жас анадай үміт пен күдікке бөлеген жыр сөйтіп дүние есігін айқара ашқан. Ол тұста алпысыншы жылдардың ортасынан бастап елге кең танылып, дәріптеле бастаған бір топ ақындардың бірі де өнер көкжиегінен әлі көрінбеген кез. Сондықтан да болар, Өтежан өнеріне қызығушылық пен қызғаныш бірден дүркірей туды. Күндеу мен қолдау өнерде бола беретін құбылыс, ажал мен өмірдей егіз нәрсе ғой. Жас ақын өлеңдерінің жұртты сүйсінтуі мен шамырқантуы оның барынша шыншылдығы мен табиғилығы екені кейінірек әбден мәлім болса да шу дегеннен тосаңсыған (Абай) құлақтар оны түгел мойындай қоймады. Шын мәнінде Өтежан өлеңдерінің қуатты әсерлілігі кіршіксіз тазалығында, шындығында еді. Бұрын тоталитарлық заманның зіл салмағында жаншылған шындық ауыр танкінің шынжыр табанында тапталған көк шалғындай әлі бойын тіктей алмай жатқан. Жем, Оймауыт даласының мал-жан баспаған өркеніндей өрбіген әуен қазақ елінің қаулай өскен майсасындай жұпар самалға кенелткен сол бір дәурен-ай десейші!

Мен Өтежан өлеңдерінің аса аңқау, албырт, ерте көктем өкпегіндей өрекпіген кезеңін қайталап дәріптемеймін. Өйткені қаламының желі барлар ол жөнінде бұрын желдірте жебеген. Алайда сол балаң ақынның тумысынан сүйегін балбыратқан шындықтың буыны қатайғанда да өзгермей, болмыстағы шындықтан әдеби көркемдікке айналуы оның табиғатына шындық пен адалдықтың, адамгершіліктің терең тамыр тартуында-ау деп ойлаймын. Ақындық албырттықпен біреуді асыра дәріптеу, аса соққан желдей желпіту кейде өлеңшілерде бола берсе де Өтежан ондай ерсілікке бармаған ақын. Оның көп өлеңдерін тыңдаған, алғашқы сыншысы болған мен өлең арнаған адамдарын асыра аспандатып, тыңдаған кісіні ыңғайсыздыққа қалдырған жайын кездестірмеген екенмін. Халқымыздың орынды мақтанышына айналған Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылғанда жазған өлеңін еш жерде бастыра алмай, қатты қиналғанда, мен оны үш рет оқып шықтым да, орынсыз бірде-бір теңеу жоқтығына көз жеткесін, бір газетке өзім апарып өтінген едім. Екі-үш күннен соң жарық көрді. Өтежан осы өлеңін көргенде қатты қуанды.

Өтежан соғыстың соңғы жазы туралы төрт жинақ шығарды. Арасына кемінде төрт-бес жыл салып басылған және цензорлары арқылы аяусыз қырқылған осы кітаптарда шындық пен көркемдікті қабыстыру ақыреттің азабы болса да Өтежан шеберлігінің арқасында оқырман сүйсіне оқып күлетін, күле түсіп көзіне жас алатын, тұшынатын тұстар аз еместігі таңданарлық. Осы жинақтарды оқығандар оны баспасөзде емес, кездес­кенде, шай үстінде, ауылдарда ауызша мадақтады. Күлдіргі образдарын айтысып, анекдотқа айналдырды. Бейне баяғы Алдаркөсе, Жиренше шешендерді еске алғандай арнайы әңгімеге арқау етісті. Ал сол сүйсінулер баспасөзге басылар деген үмітпен дұғай сәлеммен басуға жіберілсе, олар редакцияларда әлдебір қызылкөздердің «архивіне» мәңгі салынды. Сөйтіп, таралымы әрі асқанда 1,5 немесе 2 мың данамен басылған кітаптар оқырманға жетпеген күйі, бала ақын кезінде «Қазақтың Александр Пушкині» атанған Өтекеңнің өлі-тірісін ешкім білмейтін жағдай қалыптасуы қандай «қамқорлық»!.. Иә, уақыт кімді болсын аямайды. Тірлігіңде барың мен арыңды сарқа салып алған атақ-мансабың мәңгілік халық сүйіспеншілігін туғызуы неғайбыл!

Мен Өтежанның «Соғыстың соңғы жазы» шығармасын анда-санда қайталап оқимын. Жаңа кейіпкерді, жасампаз образдарды алғаш көргендей, солармен қайта қауышқандай күй кешем. Оның себебі, шындықтың талассыз көркемдікке айналуы шығар. Немесе көркемдіктің ел тарихының бір дәуірін айна-қатесіз көзге елестетуінде. Өтежан кейіпкерінің бірі, Кеңес Одағының Батыры Мәлкәждар Бөкенбаевпен мен Ақтөбенің «Коммунизм жолы» газеті редакциясында совет құрылысы бөлімінде қызмет істеген кезімде, ұмытпасам, 1974 жылы, бірнеше рет кездесіп, сұхбаттас болғаным есімде. Ол туралы Өтекең 26 ауыз (шумақ) өлең шығарған. Оның аты — «Байшұбар» — өгіздің аты. Дәл осы өлеңде батыр Бөкенбаевтың ғана емес, бірнеше адамның көркем тарихы өрілген. Енді осы жырды таратып, талғам таразысына салып көрелік!

Күңнің болса құлағында сырғасы,

Құлдың да бар күліп-ойнар құрдасы…

Байшұбардың нәті өгіз демесең,

Аттан жайлы — су төгілмес жорғасы.

 

Төрт тұяғын сырт-сырт басып найқалтып,

Тойған қарнын Байшұбардың шайқалтып,

Көкорайдан көйлегіміз көлбеңдеп

Жөнелеміз жорғасымен тайпалтып.

 

Шыбын тисе оқыралап шығынбай

Тып-тыныш боп аяңдайды ұрынбай.

Ортасына шаңырақтай мүйіздің

Бір жас бала мініп алып шыбындай.

 

Жас баламыз — түсінбедік түгіңе…

Мәселенің бүгі менен шігіне.

Әрі семіз, әрі жорға Байшұбар

«Жетті деп жүр Жақияның түбіне…»

Жақия сол Жем бойының тумасы. Ата-бабасы елге аян, алты аталы Әлім тайпасы болса, Мәлкәждардың руы табын, ежелден ел қорғаны батырлар көп шыққан текті атадан. Тарихи шежіреге құлағы түрік Жақия ұлт ұлықтаған батырды туған ауданына шақырып, халықпен таныстыруды мақсат етсе, оған қонақасыға «Байшұбар» атты атақты өгізді сойып, аш-аламандау аудан халқын да сорпа-су мен етке қарқ қылмақ болған. Бұл, әрине, қазақ халқының ата дәстүрімен әбден абзал салт! Алайда, елді партиялық қатаң тәртіп билеген заманда жел ауыздар халық меншігіне қол сұқты деген өсекпен Отан қорғаған батырының да, оны туып-өсірген елдің де абыройын асқақтатпақ болған Жақияны жеті жылға соттайды. Міне, соны ақын:

Таразылап бірі — өтірік, бірі — шын,

Сөз біткеннің бұрысы мен дұрысын,

Жеті жылға кесім кесті келтитіп

Тез бітіріп Жақияның «жұмысын»… деп түйіндейді. Осы 26 ауыз өлеңде сол кезгі қоғам мен адам мінезі, тағдыры мен тарихы шебер қабысқандықтан оқырман еліге, тебірене оқиды. Бір емес, әлденеше рет оқысаң да жаңа оқығандай әсер қалдырады. Жалпы, Өтежан «Соғыстың соңғы жазы» арқылы сюжетті лириканың адам образына толы хас шебері екенін дәлелдеген ақын. Алайда оның бұл еңбегіне тиісінше әділ баға беріп, құдайшылығын айтқан сыншы жоқ. Әдебиет жанкүйерлері де әлі үнсіз.

Шағын төрт кітаптан тұратын «Соғыстың соңғы жазын» мен бір дәуірдің адамдарын әр қырынан тұтас бейнелеген, заман келбетін реалистік шыншылдықпен көркем кескіндеген өлеңмен әдіптеген роман деп санаймын. Бұл шығармада соғыс кезі мен одан соңғы бес, он жылдық бір-бірімен біте қайнасқан тұтас жанды суретінің бедері тұр. Бұны мен ұлы Түрік қағанатын құрған бабалардың Орхон-Енисейде тасқа таңбалап қалдырған тарихымен теңгел өнер деп ойлаймын. Иә, ондаған жылдар өтер. Заман бір орында тұрмай, өзге өңге, жөнге түсер. Адам да, қоғам да, мінез бен тұрмыс та түсін өзгертер. Сол кезде поэзияға құштар ұрпақтар Өтежан сомдаған адамдар бейнесі кестеленген көне кітапты қолдарына алар, көздерін салар да көңілдеріне түйер. Толғана, толқи оқыр. Ақынның қандай адам бейнесін қалай жасағанын зерделей зерттер!

Кеңес кезінде, жасырары жоқ, қоғам Өтежан шыншылдығын, ақиқат айқындаған көркемдігін ұнатпады. Өйткені «кемелденген социализм» адамы ақиқатшыл ақын сомдағандай болмауы керек. Оларда адамға, Алла жаратқан пендеге тән олқылық түбірімен болмауы тиіс дейтін қағида қалыптасқан еді. Мысал үшін ақынның «Насыбай» атты өлеңі оқылған Атырауда көпшілік алдында Өтежанды біреудің сөккені есте. Әлгі өлеңнің аты әзіл-оспақпен кері мағынаға айналатыны болмаса, оқырман тыжырына қабылдайтындай түк жоқ еді. Бар мәніс — кемелденген социализм адамының талғамының бұл өлеңді түсінуге ой өресінің жетпейтіндігі, тыңдарман түсінігінің қасаң идеяға байланып, шегеленіп қалғаны болмаса…

Ал «Соғыстың соңғы жазындағы» кейіпкерлер түгелдей шынайы көркемдік пен көркемдікке айналған әдеби тұлғалар болғандықтан, оны тыңдаған көптің қабылдауға өресі мен өрісі жете бермейтін. Кемелденген социализм құрылысы адамының «жарқын» бейнесін «қоғам тебіренерлік» дәрежеде жырлай алмағандықтан Өтежан қандай шабытпен жазса да, қандай образ жазса да мақтау ала алмады. Одан қара үздіріп, аса көркемдікке жетпесе де ұйқас қуып бірдеме айтқандардың жолдары ашылып жатқанын ол түсінді де, күйінді де. «Сен мақталуға тиіс емессің. Сені мақтаса, ортақол ұйқаспен ойқастағандарға нан тауып беру қиын!» деймін мен. «Кешегі жинақ әбден күзелді. Өзім «тәуір» деп таңдаған сөздерім сызылып, өзгертілді» дейтін жинағы шыққан сайын. «Сен сол сызылған сөзіңді урнаға тастама, кейін мемлекеттік сыйлық алғанда, қайта қостырып бастырасың» деймін мен. Кейін осы сөзді ол маған айтатын болды. Содан кейін күлетін. Бірде мен оған, «Сен кеңес қоғамын тура суреттеуді қой. Басқа арнаға ауыс. Мысалы, философияға!» дедім. Сол кеңесім оған ұнады ма, Гоголь көшесінің бүрышындағы «Букинистен» шықпайтын болды. Қымбат кітаптардың біразын Өтежан айлығынан ауыстырып сатып алды. Тым қымбатын сонда тұрып, бірнеше сағат оқыды. Кейін содан туған өлеңдерін маған оқығанда: «Бұны сен жаздың. Өзіне оқуы, білігі тең адам түсінер. Философия түгілі, қарапайым қисынға қиналып жүргендерден ештеңе дәметпе!» деп күлгенмін. «Афина мектебі» — оның соңғы олжасы! «Түсіндік, оқыдық, дүрыс!» деген бір жазушыны әлі көре алмай келемін. Анда-санда мен парақтаймын. Түсініп-түйсінуі ауырлығынан қашатын шығар.

Жас күнінде бозбала ақын Өтекең оқырманы іздеп тауып оқитын көптеген өлең жазды. Жасы қырыққа таяғанда «Соғыстың соңғы жазын» жазды. Бұл — тұтастай заман келбеті, адам образы, турасын айтқанда бәріміздің де, біріміздің де бастан кешкен тағдырымыз. Көп ақындар ұйқас қуып шатысып, көр-жерді ермек ете бастағанда, Өтежан философияға ауысты. Ақынның бұл туындысын оқып түсіну арнайы білім дайындығы бар адам үшін қиын емес. Тіпті поэзия арқылы түсінік түйсігін тереңдету үшін оқыса да өкінбейтіні сөзсіз.

Табиғатта арнасын бірнеше рет өзгертетін ұлы өзендер бары белгілі. Адам — табиғат перзенті. Өтежанның жазу мәнері мен ойлау, түйіндеу жүйесінің сөз өнері арқылы үш рет жаңғырып, жаңа биікке жоғарылауы оның бастапқы сатысында тоқырап қалмай шарқ ұра ізденгендігіне дәлел. Өтежан тұстас ақындардың біразы талай томдық жырын баспадан шығарып та үлгерді. Соның бәрі бірдей оқырман жүрегін баурайтын болса құба-құп. Алайда, бұ заманда ондай көп уақытты ысырап ететін кітапқа көз майын таусатын кісі табылуы күмәнді-ау.

Аса көп мыжымаса да Өтежаннан жарық көрмеген туындылар қалғанын білеміз. Ендігі шаруа соларға қамқор көзбен қараса, оқырманды олжалы етсе дейміз… Тірісінде шетқақпай боп «етекбастыны» (Абай) көп көрген ақынды енді қағажу қалдыру әділетке қиянат дейміз…

 Құрал ТОҚМЫРЗИН.

2013 жыл.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*