Басты бет » Тарих » Саналы ғұмыр сәулесі

Саналы ғұмыр сәулесі

Тағзым

Алдыңғы буынның арасында өзіндік орны бар, елдің елеулі азаматы атанған  Кемейдулла Төлеубай арамызда жүргенде биыл 90 жасқа толар еді.

Өткен ғасырдың сүреңсіз көріністерге толы отызыншы жылдарының қарсаңында дүниеге келген Кемекең әне бір жылдары әңгімелескенімізде жастық шағын былай деп еске алған-ды.

— 1943 жылдың наурыз айы. Мектептегі оқуымды тастап, колхозда әртүрлі жұмыстар істеп жүрмін. Жасым 15-ке енді ғана толды. Туған ағаларым, немере, шөбере туыстар түгел соғысқа алынған. Ауылда жастардың үлкені Қойшыбай Есенқұлов шақырып алып: «Кемейдулла, мені екі күннің бірінде военкомат шақырып, маза бермейді, түбі әскерге алып тынар. Сен мектепте жақсы оқыдың ғой, қасыма кел, табельщик деген жұмысқа алайық, үйрене бер» деді.

Өзінен небәрі үш жас үлкен аға сөзі расқа шығып, ол әскерге алынады да, Кемекең колхоздың есепшілігіне бекітіледі. Содан 1948 жылы оқуға кеткенше жұмыс істегенде құжат жасақтауды, есеп жүргізуді біршама меңгеріп алады. Жасынан зерек, құймақұлақ бозбала ауылдағы қарттардың қасында жүріп, қазақы салт-дәстүрлерді санаға сіңіре білген, бос уақытында ежелгі аңыз-дастандарды дауыстап оқып беретін бұдан үлкендердің үміті көп болса керек.

Арада төрт жыл салып Алматы қаласында Мемлекеттік Заң институтын бітірген соң Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі әскери трибуналында Сот мәжілістерінің хатшысы қызметіне бұйрық алады. Қызметке кіріскенше бір ай демалыс алып, елге оралмай ма? Сонда ауылдың сыйлы үлкендерінің бірі Сейітжан Махамбетұлы Орта Азия елдері мен Қазақстан мұсылмандарының Бас муфтиі ишан Бабаханның арнайы шақыруымен Ташкентке барып келген Жанаман ахунға сәлемдесуге ертіп барады. Партияның дінге қатты қарап тұрған шағы, екінші жағынан аға назасынан қорқады. Екіұдай пікірде тұрған Кемекең тәуекел етеді. Аңғарымпаз жігітке ахунның әңгімені тігісін жатқыза айтқандағы діни сауаттылығы, саясаттан да хабардарлығы, салауатты ұстанымы, киімді жарасымды киюі, өн бойының тазалығы қатты әсер етіпті. Біз көріп танығанда Кемекең осындай бекзат тұлғаларды өзіне үлгі тұтып, сұлу сөзден мүдірмей, кіршіксіз таза қалпында жалғанның көшіне ілесті.

Ол жоғары білім алған соң тағайындалған қызметін әскери трибунал таратылғанша екі жылдай атқарып, елге оралады. Шалқар, Новоресей аудандарында прокуратура аппаратында сол кездегі атаумен халық тергеушісі болып жұмыс істейді. Соңғы қызметінде жүргенде Дөң тау-кен байыту комбинатында орын алған кісі өліміне байланысты істі тергеуді шебер ұйымдастырып жүргізгені үшін КСРО Бас прокуроры Руденко оған Алғыс жариялайды.

Кемейдулла Төлеубай көп ұзамай Новоресей аудандық партия комитетінің аппаратына насихат және үгіт бөлімінің меңгерушілігіне шақырылады. Осылайша азаматтың Ақтөбе облысының партия-кеңес органдарындағы ұзақ жылдарға созылған абыройлы еңбек жолы басталды. Жіліктеп айтқанда, былай болар еді: Новоресей аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі — үзіліссіз жеті жыл, Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің аппаратында бастапқыда нұсқаушы, кейін бөлім меңгерушісінің орынбасары. Өлке таратылған соң Кемекең Ойыл аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі, сонан соң  Ырғыз, Қарабұтақ аудандарында бірінші басшы, облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы, Батыс Қазақстан теміржол басқармасында ауыл шаруашылығы секторының аға инженер-экономисі. Ағамыз 1990 жылғы қазан айының 1-інен бастап өмірінің ақырғы сәтіне, нақтылап айтқанда, 2015 жылдың 3 желтоқсанына дейін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының басшылығында қызмет атқарды.

Қалың жұртшылық оны қандай лауазымда жүрсе де ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеті, табандылығы және адамдармен тіл табысу шеберлігі арқылы таныды. Зерттеу жүргізіп қарасақ, Кемейдулла Төлеубайға қиындығы жетерлік, өзіне тән тірлігі мен қордаланған мәселері бар аудандарға басшылық жасау жүктеліпті. Ойыл, Ырғыз, Қарабұтақ аудандары теміржолдан шалғай орналасқан, негізінен мал шаруашылығымен шұғылданады. Ол жұмыс істеген кезеңде Новоресей ауданының орталығы теміржолдан жырақтағы Новоресей (қазіргі атауы Ақжар) ауылы болатын, тұрғылықты халықтың негізгі дені — қазақтан өзге ұлт өкілдері. Әлемге әйгілі Дөң тау-кен байыту комбинаты орналасқан аумақта арнаулы комендатура жұмыс істеді. Алып кәсіпорын шахталары мен участоктерде жұмыс істеушілер арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар баршылық еді. Осындай қиын жағдайларда сыр бермей, тәртіпті қамтамасыз ету, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыру Төлеубаев сияқты принципшіл, бірсөзді кадрлардың қолынан келер еді.

СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, көрнекті партия және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ұсынысымен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен ел Үкіметі Ырғыз ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту үшін арнайы қаулы қабылдады. Сол кездегі аудан басшысы Кемекең аса бағалы құжатта белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолында өзіне және өзгелерге қатаң талап қойды. Ең бастысы, қазақтың киелі өңірі — Ырғыз аймағының нақты көріністерін боямасыз көрсетіп, биліктің қамқор көзқарасын қалыптастыру қажет болды. Қаулы қабылданғанан кейін республиканың және Кеңес Одағының астаналарынан Ырғызға талай лауазымды шенеуніктер қызметтік іссапармен келіп жатты. Шалғай өңірге ат ізін салып көрмеген олардың түсінігіне тұрғылықты халықтың сол шақтағы  жадағай тірлігі мүлде жат еді. Тіпті республикалық министрліктер мен комитеттер басшыларына арнайы  кіріп, көп жағдайды ауызба-ауыз ұғындыру қажет болды. Соңында сұрауы бар осындай шақтарда аупарткомның бірінші хатшысы Төлеубаев терең дүниетанымымен, түйткілді мәселені жеріне жеткізе баяндау шеберлігімен жеңіске жетіп жүрді. Сөйтіп, Ырғыз ауданында жаңадан мекемелер ашылды, өндірістік және әлеуметтік нысандар салынды.

Оның алымдылығына тағы бір мысалды Батыс Қазақстан теміржолы басқармасында қызмет етіп жүрген шағынан келтірейік. Теміржолдың Ақтөбе облысына қарасты аумағында қосалқы шаруашылық ашу қажеттігі туындайды. Бұл СОКП Орталық Комитетінің министрліктерге өздеріндегі жұмысшы-қызметкерлерін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қосалқы шаруашылықтар, кеңшарлар ұйымдастыру қажеттігін міндеттеген қаулысын орындауға байланысты шаруа еді. Басқарма басшылығының ұйғарымымен Кемекең өзі жасаған техникалық-экономикалық негіздемелерді алып, Мәскеу қаласына жол тартады. Кеңес Одағы Қатынас жолдары министрлігінде экономика және қаржы бас басқармасының бас экономисі құжатпен танысқан соң: «Шөл далада мұндай шаруашылық ашу — көрер көзге миллиондаған шығынға бату» деп жолатпапты. Кемекең кері шегінбестен аталған бас басқарманың бастығы ұлты неміс Вайгель дегенге кіріп, әлгі өзеуреген экономист туралы өз пікірін іркілмей айтады, қисынды деректерін ортаға салып, Шалқар ауданының шөлейт өңірінде таза пайдамен жұмыс істеп тұрған, Социалистік Еңбек Ері Нағым Қобыландин басшылық ететін «Тоғыз» кеңшарын үлгі ете сөйлейді. Әңгіме асқынып, министрдің экономикалық жұмыстар жөніндегі бірінші орынбасары Гинькоға жетеді. Ол дәлелді уәжге тоқтап, министр Конаревтың келісімін алады, сөйтіп, «Шалқар ауданында теміржолдың «Жомарт» кеңшары ұйымдастырылсын» деген бұйрыққа қол қойылады.

Кемекеңнің зейнет демалысына шыққаннан кейінгі ширек ғасыр еңбегі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымымен байланысты. Бастапқы бес жылда ұйымның жауапты хатшысы, ал 1995 жылғы қазан айынан 2011 жылдың тамызына дейін ұйым төрағасы болды. Соңғы төрт жылдан астам уақыты қоғам президентінің кеңесшісі қызметіне арналды.

Еліміздің егемендік алуы іс басындағы көптеген азаматтардың жаңаша тынысына жол ашты. Кешегі кеңестік идеология сардарларының бірі Кемейдулла Төлеубай бойға біткен сергектігімен уақыт ағысына қарай бейімделу қажеттігін ұғынды. Мемлекеттік тілге заңды түрде мәртебе берілген тұста өзінің қажыр-қайратын көрсете білді. Ақиқаттан аттамаған жөн, ел егемендігінің бастапқы кезеңінде «Қазақ тілі» қоғамының облыстық, аудандық ұйымдарына кешегі партия-кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған ағаларымыз жетекшілік етті. Олар жүктелген сенімді ақтауға күш-жігерін жұмсады. Сол кезеңде облыстың бірінші басшылығындағы азаматтар Кемекең мен оның әріптестеріне барынша қолдау жасады.

Жауапты хатшы, кейін төраға болған ол бұл жолы да сауаттылығынан, принципшілдігінен, табандылығынан ауытқыған жоқ. Ол Астанада білім беру мәселесіне арналған Парламенттік сағатта шағын ауылдардағы қазақ мектептеріне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды, мұнымен шектелмей Алматыға арнайы сапар шегіп, Білім академиясының президенті Өмірзақ Озғанбаевқа жолығады, мемлекеттік  базистік оқу жоспарындағы олқы тұстарды тайсалмай айтқан кезі де сол тұс. Ағамыздың Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхамедке, Білім министрі Шәмша Беркімбаеваға, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсоваға, басқа да бірқатар лауазымды тұлғаларға кіріп, мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге байланысты мәлімдеген ұсыныс-пікірлері де жерде қалған жоқ. Кемекеңнің шұғыл қимылдауымен телеарналарда тіл туралы Заң талаптары орындалмай, кейбіреулерінде хабарлар орыс тілінде берілетініне наразылық ретінде Парламент Мәжілісінің Төрағасы атына арнайы хат жазылғаны есімізде. Жалпы түсінігімізде ағамыз — өзіне-өзі қатты талап қойған, тынымсыз қозғалыста болған және онысын тірлігінде жарнамалауға құмартпаған жан.

Мемлекеттік тіл қозғалысының алдыңғы шебінде жүрген Әбдуәли Қайдари, Өмірзақ Айтбайұлы, Амангелді Айталы және  басқа азаматтар Кемейдулла Төлеубайды қадір тұтты, пікірімен санасты.

Соңғы жылдарда Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылының көркіне айрықша рең беріп тұрған екі ұлы тұлғаның ескерткішін жақсы білеміз. Бірі — Жоңғар басқыншыларына қарсы Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу Айтұлы, екіншісі — оның ұлы, «Қазақтың Нострадамусы» атанған ұлы ойшыл, данышпан жырау Мөңке Тілеуұлы. Алла берген алғырлығымен Кемекең көнекөз шалдардан естіген әңгімелерді, аңыз-әпсаналарды егде шағында қайта сараптап, үлкен шаруаны қолға алды. Алматы, Шымкент, Астана қалаларына сапарлар; ғалымдармен, ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен жолығысулар; мәртебелі мекемелерге жолданатын хаттарға қол жинау — мұның бәрінде де әуелгі ниет бірден қабылданды десек, шындыққа қиянат болар, кедергілер, түсініспестіктер тап болғаны рас, сонда да Төлеубаев мұқалмады, шамырқанбай, сынар шар болаттың тұрқын танытты. «Тілеу батыр» қорының алғашқы кеңейтілген отырысында баба тұлғасын орнатуға қаржы мәселесі сөз болғанда бірден екі миллион теңгені өзі беретінін айтқан осы Кемекең. Мұның алдында Ақтөбе қаласында «Нұр Ғасыр» мешітінің құрылысы үшін ашылған қорға бір миллион теңге қосқаны және бар.

2015 жылдың күзінде Тілеу Айтұлы ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Сан тараудан қазақтың игі жақсылары жиналған мағыналы шара қалың бұқараның есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. Мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбековтің Кемекеңді қасына алып тұрып, тебірене толғанған сөзі жадымызда.

Кемекеңнің кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде қалдырған шаруасы — әрқайсысының қалыңдығы кере қарыс «Шекті Мөңке би Тілеуұлы» (Алматы, «Атамұра» баспасы, 2008 жыл, 427 бет) және «Шекті Тілеу батыр Айтұлы» (Алматы, «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2015 жыл, 751 бет) атты екі кітапты құрастырып, бастырып шығаруы. Тарихқа мәңгілік енген ұлы тұлғалар ғұмырына қатысты мәліметтерді былайғы жұрт осы жәдігерлерден тауып, зердесін байытары сөзсіз.

Ақсақалды тірлігінде көп мазалаған жай – Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен қаза тапқан ағасы Үбәйдулланың мәйіті жерленген аймақты анықтап, өз қолымен топырақ салу еді. Ұзақ жылдарғы ізденістен кейін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Зауытбек Тұрысбеков пен елшілік кеңесшісі Серікқали Байменшенің азаматтық қолдауы нәтижесінде баласы Мұратты ертіп, Орел облысындағы Круглое  селосына сапар шегіп, аға рухына тағзым етті.

Ұғынған адамға өмір тақтайдай тегіс жол емес, оның бұралаңдары да жетерлік, сонысымен де мағыналы болса керек. Кемекең де сол жолдардың талайынан өтті, қалай дегенде де ел-жұртының және ұрпағының алдындағы парызын абыроймен орындады. Еңбегі лайықты бағаланып, мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталды, «Ақтөбе облысының еңбек сіңірген қайраткері» атағын, «Ана тілі» айрықша белгісін иеленді. Ғұмырлық қосағы Ажар жеңгеміздің қазасынан он жылдай уақыт өткен соң мәңгілік мекеніне орнықты.

Шүкір, Төлеубаевтар көші ілгерінің үлгісімен  кемелді келешекке бет алып барады.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

халықаралық «Қазақ тілі»

қоғамының облыстық ұйымы

төрағасының орынбасары.

 

Бір пікір

  1. Берік Дәндібаев

    Иманды болсын Асыл аға жатқан жерің жайлы болғай Берік Д

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*