Басты бет » Тарих » Кешегі күндердің шуағы

Кешегі күндердің шуағы

Ол күндер алыстап барады. Кеңес Одағы атауымен жетпіс жыл шамасы дәурендеген саяси жүйені айтамын. Алайда жетпіс жыл дегенің кезегімен алмасқан ұрпаққа болмаса, тарих үшін қас-қағым ғана сәт. Сол себепті өткеннің алыс-жақындығы жылдарға емес, сірә, санаға тәуелді. Социализм, ең алдымен, ерте замандардан ерген идея еді; идея біткеннің бәрі жүзеге аса бермеген, ал социализмнің негізгі нысанасы – мінсіз қоғам жасау болғандықтан, мін қайда жоқ, күрестер ойдағыдай мақсат, мұраттарға жеткізе алмады да, сол күрескерлердің өздері жүйені қате екен деп тапты.

Қысқаша айтқанда, кеңестік социализмнің тарихы осы. Әлгіде айтылғандай, қоғамды тұтас бақытты, бақуатты құрылым етуді мақсат еткен жүйенің, әрине, өзі де мойындағандай қателіктері аз болмаған шығар да, алайда идеяны мақұлдап, қолдаумен ұлы істерге жұмылған халықтың ешқандай кінәсі жоқ еді. Мәселе осында, келіспеген, мүмкін келістіре алмағандықтан кеткен саяси жүйенің алыстайтыны рас, алайда ол кезеңде адал ғұмыр кешіп, маңдай терін төгумен, табанын тоздырумен еңбек еткен аға буынның жанқиярлығы жалғасқан ұрпақтың жадында жүріп, санадан алыстамауы керек.

Осы ойдан шығады, «келістіре алмаған» социализмнің келісті көп істерінің бірі – жастардың «комсомол» деп аталған қалың ұйымы еді. Ол ұраны көп, бояуы мол «жарқын болашаққа» жетуге деген сенім алға ұмтылдырған ерік пен жігердің ортасы болатын. Осы ортаның қызметтерін атқарғандар арасынан кейін ел өмірінің шешуші салаларында қайраткерлік танытып еңбек еткен елеулі тұлғалар шықты. Осыдан он бес жыл бұрын өмірден өткен, тірі болғанда сексен жасқа толатын Күләш Орынбасарқызы да сол ортада, Ойыл аудандық комсомолда өскен еді.

Ойыл комсомол ұйымының тарихы Күләш марқұмның замандасы маған балалық кезімнен таныс. Ол уақыттағы идеология түсіндірмей, ұғындырмай қоймайтын, бала болсақ та қырқыншы жылдардың ортасынан ұйымды өңірдің белгілі азаматы болған Танкиев Шыңғыс басқарған. Оның кейінгі жетекшілері: Рахметов Сираж, Сағиев Зейнолла, Әкімов Өтеміс, Тоқанов Манарбек қайраткерлік ғұмырларын нақ осында шыңдаған азаматтар. Осы ортадан түлеп ұшқан Ғазиз Займолдаұлы кейін аудан әкімі болып, тоқсаныншы жылдардағы иесі жоқ, бағыты беймәлім аласапыран жағдайында өңірін азып-тозудан сақтап қалды. Ол бүгін де ауданның барлық экономикалық, шаруашылық, әлеуметтік істеріне араласып, білімі мен білігін аянбай жұмсап жүрген ардагер азамат. Бұл, әрине, бөлек тақырыптың әңгімесі.

Айтпағымыздың негізгі арқауы – Күләш Орынбасарқызы Нұрымгерееваның еңбек жолы педагогикалық училище мен Қызылордадағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін ауданның солтүстік түкпіріндегі шағын Сапақкөл орталау мектебіндегі мұғалімдіктен басталған. Жас кадрдың іскерлігі мен алғырлығы бірден көзге түсіп, еленетін кез – көп ұзамай аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына шақырылды. Оның еңбек жолында комсомолдық қызметке көп жылдары кеткен жоқ. Бірақ көп жылдары арналған кеңестік, партиялық жоғары қызметтердегі көрнекі істерінің бастауы, сөз жоқ, комсомолдан, оған тоқтаудың себебі де сол. Оның жиырма жыл бойы аудандық кеңестің басшылығы қызметінде болуы, аудандық партия комитетіндегі екінші хатшылықты идеология саласына жетекшілік етуі оған абырой әперген жемісті жылдар болды.

Шаруашылық істің жөні бөлек, ол жерде қалай да пайыздар мен өлшемдер қатысатындықтан нәтиже, есебін шығару қиын емес. Ал саяси, идеялық, көпшіліктік қызметтерде ондай есептер мен өлшемдер жоқ, оған тек жұртшылықтың пікірі қатысады – ол саяси басшының, жетекшінің қызмет алаңы, жұртшылық алдындағы іскерлігі, қабілеті, беделі айқындалатын орта. Күләш көпшілікке сол ортада танымал болған адам.

Күләш Орынбасарқызы игі істерінде, әрине, жалғыз емес-ті, алдында өзіне үлгі жайсаң ізбасарлары болған. Оның шағын Ойылында ақыл мен парасатта, қайрат пен жігерде елдестерін тәнті еткен көркем мінез бен көрнекі қызметтердің көптеген қыз-келіншектері болды. Олар күні кеше дерліктей ер-азаматтар неміс фашизмімен соғыстың шайқастарына кеткенде майданға жарақсыз болғанмен артта қаусап қалған елге ие болғандардың қатарында тұрып ауыр еңбектерде шыңдалумен енді ғана бой жеткендер еді. Солардың бірі – ауданның саяси, шаруашылық істеріне он алты жасынан араласып, аудандық партия комитетінің хатшылығына дейінгі қызметтерінің қай-қайсысын да абыроймен атқарған Сапия Өтегенова болатын. 1920 жылы Таразда туып, саналы ғұмырын Ойыл өңіріне арнаған Мейізгүл Жетпісова, фабрика-заводтық оқу мектебінің түлегі, еңбек жолын тәрбие, саяси қызметте өткізген шуақты жан еді. Осы қатардағы Әмина Қабиева… иә, «сонау бір жылдар» Күләшқа үлгі болған қадірлі апалар маңайына шапағатын шашып, шуағын төгіп алыстап кетті. Біз, бүгінгі аға буын, сондай шуақты апалардың, кейінгі көрнекі құрбылардың жасампаздыққа толы жарқын өмірлерін кейінгі буынға айтып, жазып жеткізе алмадық. Солардың бірі — Күләш Орынбасарқызы еді.

Бүгінде ел рухани жаңғырудың сапарлы жолына түсті. Барды бекемдеп, жоқты түгендейтін, өткендегі жарқын мысалдар мен жайсаң үлгілерді іздеудің, табудың, жақсылықтарға жалғаудың жолы. Бұл қадірлі жол аудан тарихының да тасада қалған талай-талай таңдаулы беттеріне кезіктіретін болады. Олар кешегі күндердің шуағы.

Идош АСҚАР,

журналист.

ТЕКТІ ЖЕРДЕН ШЫҚҚАН ЕДІ

Ежелгі Көкжар жері — Ойыл өңірінен шыққан даңқты қыздар аз емес. Сол апаларының ізін жалғастырушы, бүкіл саналы өмірін өзі өскен өңірді дамытуға арнаған Күләш Нұрымгерева егер тірі болса, осы шілденің басында 80 жасқа толар еді. Осыдан тура 15 жыл бұрын өмірден озған Күләш Орынбасарқызы текті жерден тәлім алған-ды.Әкесі Орынбасар Нұрымгереев орысша білім алып, атақты Аяпберген Науанов мектебінде өткен ғасырдың 30-жылдарында мұғалім болған. Сол ұстаздықты жалғастыра жүріп, ел басына күн туғанда майданға аттанып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Осы  Орынбасардан тараған үш бала — Шамиль, Күләш, Қазбек өткен ғасырдың қырықыншы-елуінші жылдары Сарбие ауылындағы апаларын паналап, орталау мектептің әр сыныбында үздік оқыды. Кейін Қазалыдағы нағашысы Теңелді тауып, сонда оқуларын жалғастырды.

Жоғары білім алған соң, Шамиль мұғалім болып еңбек жолын бастап, кейін партия-кеңес қызметіне ауысты, ұзақ жылдар Қазалы ауданында басшылық қызметтерде болды. Қызылораданың педагогикалық институтында студенттерге дәріс береді, ғылым кандидаты, доцент.

Қазбек  Ақтөбенің мединститутын бітіргеннен кейін, табан аудармастан Ойыл ауданында дәрігер болып қызмет етті.

Ал біздің замандасымыз Күләш Қызылорданың педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, ұстаздықтан аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына жоғарылады. Үлкен ұйымдастырушылық талантымен танылып, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды.

Аталған ауданда бірге қызмет істеген жылдарда Күләштің іскер, сауатты басшы екенін көрдік. Әр тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Кадрлерді іріктеп, орналастырып, тәрбиелеуде өте ұқыпты болды.  Ол басшылық жасаған оқу-тәрбие, мәдениет, денсаулық сақтау салалары еш уақытта төмен болып көрген жоқ.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де көп ізденіп, өлкенің тарихын зерттеп, зерделеумен айналысты. Ақтөбе облысы Ойыл ауданының энциклопедияларына көптеген құнды материалдар жинап берді.

Сондықтан замандасымыз Күләш Нұрымгерееваның осындай жақсы істерін еске ала отырып, өзінің туған өңірінің өркендеуіне мол үлес қосқан перзентін елі ұмытпақ емес дегіміз келеді.

Өтеміс ӘКІМОВ,

еңбек ардагері.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*